Сот — ақ пен қара сарапқа салынатын, ақиқат анықталатын, әділдік салтанат құратын орын. Төрелік алаңының өзіндік тәртібі бар. Оған кез келген адамның рұқсатсыз кіруіне, тәртіп бұзуына жол берілмейді. Сот мәжіліс залындағы қауіпсіздіктің сақталуы, сот отырысының өз ретімен өтуі жіті қадағаланады.
Қазақстандық соттың ашық, қолжетімді екеніне, ақпарат таратуда жедел екеніне ешкім күмән келтірмейді. Бүгінде сот төрағаларынан бастап, судьялар мен сот мамандарына дейін әлеуметтік желіде өз парақшаларын ашып, соттағы жағалықтармен бөлісіп, азаматтардың сұрағына кешіктірмей жауап беріп, жол сілтеп отырады. Республикадағы кез келген соттың байланыс телефондарын, бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысқа жауапты тұлғалардың телефондарын табу қиындық тудырмайды. Өйткені оны соттың сайтынан, немесе әлеуметтік желідегі парақшалардан бірден табуға болады.
Ашық сот отырысына қатысамын деп тілек білдірушілерге де сот есігі әркез ашық. Қазіргідей сот отырыстары онлайн режимде өтіп жатқан уақытта өзі қызығушылық танытқан сот отырысына қатысу үшін азаматтар соттың баспасөз қызметіне хабарласып, тіркелсе жеткілікті. Әрине, бұл жерде тек соттың ғана емес, қос тараптың пікірі басты назарға алынатынын ескергеніміз жөн. Егер тараптар өз істерінің көпшілікке жария болуын қаламаса, сот залында БАҚ өкілінің қатысуына, фото, бейне материал түсіруіне қарсы болса, сот бұл тілекті орындауға тиіс.
Бұқаралық ақпарат құралдарының сот отырысына қатысуы ашықтықтың ғана көрінісі емес. Журналистер бір сот процесін көрсету арқылы басқа азаматтардың құқықтық сауатын көтеруге, заңның қырларын ашып көрсетуге ықпал ететін ұмытпауымыз керек.
Дегенмен, БАҚ өкілдерінің сот залында болу тәртібі бар. Азаматтық процестік кодекстің 19-бабына сәйкес, іске қатысатын адамдардың және басқа да адамдардың, оның ішінде ашық сот отырысына қатысып отырған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сот отырысының барысы бойынша жазбалар жасауға, оны залда отырған орындарынан аудиожазу құралдарының және цифрлық жеткізгіштердің көмегімен жазып алуға құқығы бар. Ал сот залынан әлеуметтік желілерге тікелец көрсетілім жасауға іске қатысатын адамдардың пікірі ескеріле отырып жол беріледі. Мұның барлығы сот отырысы басталмай тұрып анықталып, ол сот отырысының хаттамасына енгізілетін сот ұйғарымында көрсетіледі. Жалпы журналистердің фото түсіруі, бейнетрансляция жүргізуі сот отырысының қалыпты өтуіне кедергі келтірмеуі тиіс.
Э.Ақбаев, Алматы қаласы, Медеу аудандық сотының судьясы