Қылмыстар түрлі мақсатта жасалады. Кейбір адамдар пайдакүнемдік мақсатты көздеп заңнан аттаса, көйбірі тіршіліктің қамы үшін шектен шығып жатады. Ол қылмыс, әсіресе балаға қатысты болғанда көңілің тіпті құлазиды. Қазіргі уақытта төрткіл дүниеде ата-аналар мен өзге де ересектердің балаларға қатысты зорлық-зомбылық және қатыгездік көрсетуі, оларды агрессияға тартуы, кәмелетке толмағандарға жыныстық, эмоционалды және физиологиялық зорлық-зомбылық көрсетуі үлкен проблемаға айналып отыр. Қазақстанда да бұл жағдай ауыр, өйткені балалар мен жастар тарбиесі үнемі реформалау талаптарымен жүзеге асуда, яғни білім беру мекемелерінің, бұқаралық ақпарат кұралдарының, жастар және балалар қоғамдық бірлестіктерінің кызметтері және жас буынның барлық әлеуметтік өмірі өзгеріп отырады. Қоғамның әлеуметтік жіктелуі, өмір деңгейінің төмендеуі, халықтың құқықтық, моральдық, экономикалық қорғалмауы адамдар арасындағы қақтығыстарды күшейтті, әсіресе отбасылар өміріндегі тұрақсыздық жас буынға кері әсер етті.
Әрбір сәби үшін ең қауіпсіз орын – оның үйі, отбасы. Өйткені бала көңілі осы жерде мені жақсы көретін, маған қамқор болатын, қорғайтын адамдар тұрады деп ойлайды. Өкінішке қарай, балалар өз үйінде қамқорлықты сезе алмай, керісінше жәбір көріп, соққының құрбанына айналып жататын жайттар жиі кездеседі. Айталық Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Шаған ауылында орын алған қылмыс туралы республикалық БАҚ-та жарияланған ақпарат көпшілікті дүр сілкіндірді. Жас балаларды әкесі және оның досы зорлаған дегенді естігенде кімнің болса да жүрегі ауыратындығы анық.
Зорлық-зомбылыққа қатысты фактілерді анық-қанығы зерттелмей жатып БАҚ-та жариялау құқыққа сыйымсыз. Себебі, ешбір адам соттың заңды күшіне енген үкімінсіз кінәлі деп саналмайды. Coтта зерделеу барысында БАҚ-та жарияланған мәліметтердің шындыққа жанаспайтындығы расталды. Сараптама корытындылары жас баланың ешқандай жыныстық сипаттағы зорлаудың кұрбаны болмағандығын бекітті. Республика көлеміне тарайтын арналарда далелденбеген фактілер түралы айту жәбірленуші жас балаға да психологиялық тұрғыдан зардабын тигізуі мүмкін.
Балаларға қатысты зорлық-зомбылық жасалуының себептері көбіне, әлеуметтік тұрақсыздық, отбасы құндылығының сақталмауы, жасалған әрекеттің құқықтық салдарын білмеу, жалпы жұрт таныған моральдық, этикалық нормалардың сақталмауына байланысты болады.
Адамзаттың баланың құқықтық мәртебесін мойындау қозғалысы ұзақ болды және әрбір жеке елде өзіндік серпінге ие еді. 1924 жылы Ұлт лигасының Баланың құқықтары туралы Женева декларациясын қабылдауын осы процестегі елеулі жағдай деп есептеуге болады. Содан соң 1959 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Бала құқықтары декларациясын қабылдап, 1979 жыл «Халықаралық балалар жылы» деп жарияланды және он жылдан соң ғана 1989 жылғы 20 қарашада Бас Ассамблеяның 44/75 қарарымен Баланың құқықтары туралы конвенция қабылданып, 1990 жылғы 2 қыркүйекте күшіне енді. Осы уақытқа дейін балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін бірқатар халықаралық заңнамалық құжаттар әзірленіп, қабылданды.
Балалардың құқықтық мәртебесін дамытудың Қазақстанда да өз тарихы бар. Бала құқықтарының қазіргі тарихы 1994 жылы Қазақстанда Балалар құқықтары туралы конвенцияны ратификациялаудан басталады. Қазақстан бұрынғы кеңестік елдер кеңістігінде алғашқылардың бірі болып Конвенцияға қосылды және оны ратификациялады. Бүгінге дейін адам құқығына қатысты 60-қа жуық халықаралық құжат, оның ішінде бала құқықтарын қорғауға қатысты 15 кұжат ратификацияланды.
Қазіргі таңда Қазақстанда 45-тен астам ұлттық заңнамалық құжат бар, олар қоғамдағы баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге кепілдік береді. Негізгі құжаттарға Қазақстан Республикасының Конституциясы, еңбек, азаматтық, неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстері, бала құқықтары туралы, білім туралы, мүгедектігі бар балаларды әлеуметтік және медициналық педагогикалық түзеуді қолдау туралы, кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және балалардың қараусыз қалуын және панасыз қалуының алдын алу туралы, балалары бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақылар туралы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заңдар жатады.
Көрсетілген заңнамалық кұжаттарда кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің жан-жақты сақталуын қамтамасыз ететін және оларды кемсітушілікке жол бермейтін, балалардың мүдделері үшін мемлекеттік саясатты іске асыру барлық мемлекеттік мекемелер кызметінің басым саласы болып анықталған. Жас балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың ең корқыныштысы ол жыныстық тиіспеушілікке қатысты жасалатыны.
Әлем бойынша жылына 1 млрд-қа жуық кәмелетке толмаған бала эмоционалдық, сексуалдық, физикалық зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен. Бұл сан жер бетіндегі екі жастан он- сегіз жасқа дейінгі балалардың тең жартысынан да көп. ЮНИСЕФ және адам құқықтары жөніндегі өкілдіктің Қазақстандағы 2016 жылғы зерттеуіне сүйенсек, еліміздегі ересектердің 75%-ы баласын тәртіпке салуда күш қолданады екен. 2015 жылғы комитет статистикасына сүйенсек, елімізде 14 жасқа дейінгі балалардың 53%-ы отбасында психологиялық агрессияның куәсі болып, ата-анасынан таяқ жеген. 2010 жылы бұл көрсеткіш 49% болған.
Шын мәнінде кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық зорлық-зомбылық дегеніміз не? Бұл сексуалды қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін баламен кез келген байланысуды және әрекеттесуді айтады. Статистика бойынша, әлемде 2 минут сайын 1 бала жыныстық зорлық-зомбылық көреді екен. Әрбір үшінші қыз 18-ге толғанша осындай жыныстық тиісуге ұшырайды. Оны, әрине құрғақ санмен өлшеу орынсыз. Әрбір жағдай – қоғам үшін үлкен трагедия, отбасына түскен қайғы-қасірет, баланың жанына және оның ата-анасының жанына салынған жазылмас жара.
Жас ұрпакты корғаудың маңызды бағыттарының бірі – кәмелетке толмағандарды қылмыстық-құқықтық қорғау. Балаларға қатысты кез келген зорлық-зомбылық қатаң түрде тоқтатылуы тиіс бұған жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар үшін жауаптылық шараларын күшейту дәлел болып отыр. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясы қолданысқа енгізілді. Сонымен қатар, қылмыстық кодексте жас балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс үшін жәбірленушімен татуласуға байланысты істі тоқтатуға, шартты түрде соттауға заңнамалық түрде тыйым салынған.
Заңнамалық тұрғыда жас балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қатысты қылмыстарға жаза қатаңдатылғанымен де, өкінішке орай, қылмыстар саны азаймай отыр. Бұл ел мүддесі, ұлт тағдыры, ұрпақ болашағы үшін зор қауіп. Жас балалар – еліміздің болашағы. Жәудір көз сәбилердің болашағына балта шабу – үлкен қиянат. Мұндайдың алдын алу баршамыздың алдымыздағы міндет. Мұндай қылмысты тоқтатпасақ, ел дамуы тежеледі. Адамзат құндылығы аяққа тапталады. Арсыз әрекеттерден арылу үшін ұлттық тұғырымызды бекітуіміз қажет. Оған мемлекеттік деңгейде мән берілуі тиіс.
Алдымен отбасы институтын жаңғырту, яғни отбасындағы бала тәрбиесі, ата-ананың баланың болашағына зор жауапкершілікпен қарауы, балалардың бос уақытта тиімді нәрселермен айналысуына жағдай жасау оның жан дүниесіне үңілу, араласатын ортасы туралы білу, оны әрдайым қадағалап отыру және қандай жағдай болмасын ата-анасынан ешнәрсені жасырмай шындықты айтуға баулу қажет. Мемлекеттік емес ұйымдар мен азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру, яғни жас балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы тұру мәдениеті қалыптасуы, қоғамның оған енжар қарамауы, еліміздің болашағы – балаларға деген әрбір адамның жанашырлығын қалыптастыру бұқаралық сипат алуы тиіс.
Құқықтық ағарту және ақпараттық насихаттық жұмыстарды жетілдіру, яғни, жеткіншектердің үлкендердің қарауынсыз жүруі қауіпті екенін, сабилерді бөгде адамдардың құрсауынан құтқарған адамдарды көтермелеу, мектеп оқушыларының ата-анасының рұқсатынсыз түнгі уақытта немесе белгіленбеген орында жүруінің құқықтық салдары туралы, қауіп төнген жағдайда қайда және қалай хабарласуы керек екендігі туралы ақпарат барлық адамға қолжетімді әрі түсінікті болуы керек. Мемлекеттік органдардың қызметін балаларды қорғауға бағыттау, азаматтардың бала құқығын қорғауға қатысты жауапкершілігін арттыру қажет. Сонғы он жылда балалардын құқығын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында көптеген жұмыс атқарылды және жылдан-жылға бала құқығын қорғау жүйесі жетілдіріліп келеді Бала өзінің физикалық және ақыл-ойының толық жетілмеуіне байланысты туғанға дейін де туғаннан кейін де арнайы қорғау мен қамқорлыққа мұқтаж.
Д.Алиев,
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы