12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ПЛАГИАТТЫҚ ФОТОӨНЕРДІҢ ДАМУЫНА КЕДЕРГІ

БІЗДЕГІ БАСҚА САЛАЛАР СЕКІЛДІ ФОТОГРАФИЯ, СУРЕТ САЛАСЫНДА ДА ТҮРЛІ ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚТАР ОРЫН АЛАДЫ. БҰЛ МӘСЕЛЕНІ «ФОТОӨНЕР» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІ МҮШЕЛЕРІ БІРАЗДАН БЕРІ КӨТЕРІП ЖҮР. ТІПТІ ОСЫ КЕЛЕҢСІЗДІКТЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ЕЛДЕГІ ФОТОСУРЕТШІЛЕР, ФОТОЖУРНАЛИСТЕР, АДВОКАТТАР, ЗАҢГЕРЛЕР, ИНТЕРНЕТ ҚАУЫМДАСТЫҚТАРЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ МЕН ЖАРНАМА ЖӘНЕ МАРКЕТИНГ АГЕНТТІКТЕРІ, МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАН ӨКІЛДЕРІ ҚАТЫСҚАН «ФОТОГРАФИЯДАҒЫ АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚТАРДЫ ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ» АТТЫ ЖИЫН ДА ӨТКЕН. АЛАЙДА, СУРЕТ САЛАСЫНДАҒЫ ПЛАГИАТТЫҚ, КӨШІРІП БАСУ, БІРЕУДІҢ ЕҢБЕГІН ПАЙДАЛАНЫП КЕТУ АЗАЯР ЕМЕС. КЕРІСІНШЕ ИНТЕРНЕТТІҢ МҮМКІНДІГІ АРТҚАН САЙЫН СУРЕТ ҰРЛАУ ПРОБЛЕМАСЫ ДА КӨБЕЙЕ ТҮСТІ.

Белгілі фотожурналист, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің аға оқытушысы Асылхан Әбдірайым осы салада ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келеді. Тәуелсіз қазақ
баспасөзінің басым бөлігінде білікті фотожурналистің қолтаңбасы сайрап жатыр. «Заң газетінің» алғашқы фотокорреспонденті болған Асылхан Әбдірайым фотожурналистиканы үлкен
өнер, жеке шығармашылық деп есептейді. Өз суреттерінің қолды болған кездері жайлы маман былай дейді:


«Менің суреттерім кезінде газеттерде көп жарияланғандықтан аса мән бере қоймайтынмын. Қазақ тілді басылымдарға жанашырлықпен сұрағандарын беріп тұратынмын. Жылда, елге белгілі тұлғалардың туған күндерінде немесе бір тарихи оқиғаларға қатысты кезеңдерде интернет сайттарында авторсыз қайталай берген соң, хабарласып ескерткен кездерім болды. Кейбір жарыққа шыққан фотоальбомдарымнан рұқсатсыз көп суреттер алады, сілтемесіз береді. Сотқа беріп, не қомақты қаламақы талап еткен емеспін. Мысалы, Игілік Әйменнің «Бекзатым – аққу әнім» кітабының мұқабасына менің туындымды беріп, «Казмұнайгаздың» демеушілігімен шығарылған кітап Астанадағы Қазақстан спорт кешенінде халықаралық жарыста сатылымда тұр. Суреттің не авторы көрсетілмеген, не пайдаланылған фотоальбомға сілтеме берілмеген. Рұқсат сұрау, қаламақы төлеу деген мүлдем ойларында жоқ. Мен студент не жас журналист болсам жарайды, білместіктен болар деп, кешіруге болар еді» дейді. Тәжірибелі маман бұл саладағы плагиаттық, біреудің шығармашылық интеллектісінен туған дүниені ұрлау деректері көбейгендіктен өздерінің осыдан біраз уақыт бұрын Алматыда «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі және ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің ұйымдастыруымен «Фотографиядағы авторлық құқықтарды қорғау мәселелері» атты дөңгелек үстелде көптеген толғақты мәселелерді көтергенін айтады. «Бұл жиында фотосуретшілер өздерінің туындыларын интернетте отырып сайттардан, көшедегі бильбордтардан, мекеме ішіндегі плакаттардан ұшырастырғандарын ортаға салды. Олардың ішінде соттасып жеңгендері, келісіп екіжақты шешкендері, шарасыздықтан қолын бір сілтегендері де болды. Осылардың барлығы авторлық құқықты қорғау туралы заңдардың орынды, дұрыс таныстырылмай жатқандығы және заңдағы баптардың түзетуді қажет ететіндігіне алып келді. Аталған жиын соңында «Фотоөнер» бірлестігі ҚР Парламенті Мәжілісіне, «Nur Оtan» партиясына Қазақстан Республикасының кәсіби фотографтары атынан ұсыныс хат жолдады. Аталған хатта «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңдағы бірқатар нормаларға қатысты ұсыныстар мен пікірлер жазды. Бұл кәсіби фотографтардың беделін арттыруға бағытталған. Өйткені қазір бұл шығармашылық иелерінің туындылары көп қолды болуда. Авторлық құқықтары жиі тапталады» дейді.

Ұсыныс хат бастамашылары «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңдағы келесі нормаларға өзгертулер мен толықтырулар қажет деп есептейді. Мәселен, 19-бапта «Шығарманы автордың немесе өзге де құқық иеленушінің келісімінсіз және авторлық сыйақы төлемей пайдалану» деген бөлім бар. Онда: Автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей, бiрақ туындысын пайдаланатын автордың есiмiн және қай деректен алынғаны мiндеттi түрде көрсетiле отырып, шығарманы пайдалануға мынадай жағдайларда жол берiледi:
1) заңды түрде жарияланған туындылардан түпнұсқа күйiнде және аударма түрiнде ғылыми, зерттеу, пiкiрталас, сыни және ақпараттық мақсатта, баспасөзге шолу ретiнде газеттер мен
журналдар мақалаларынан алынған үзiндiлерiн қоса алғанда, дәйексөз алу мақсатына сай көлемiнде дәйексөз алу;
2) заңды түрде жарияланған туындыларды және олардан алынған үзiндiлерiн оқыту сипатындағы басылымдарда, радио және телехабарларда, дыбыс-бейнежазуларда алға қойған мақсатқа сай көлемде кіріс алмастан пайдалану;
3) ағымдағы экономикалық, саяси, әлеуметтiк және дiни мәселелер бойынша газеттерде немесе журналдарда заңды түрде жарияланған мақалаларды немесе эфирге берiлген осындай сипаттағы туындыларды жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн, автор тарапынан мұндай көшiрмеге, эфирге беруге немесе хабарлауға арнайы тыйым салынбаған жағдайларда, газеттерге көшiрiп басу, эфирге тарату немесе кабель бойынша хабарлау;
4) көпшiлiк алдында сөйленген саяси сөздердi, үндеулердi, баяндамаларды және басқа осы сияқты туындыларды ақпараттық мақсатқа сай көлемде жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн газеттерге көшiрiп басу, эфирге тарату немесе кабель бойынша хабарлау. Бұл орайда автордың мұндай туындыларды жинақтарда жариялау құқығы сақталады;
5) ағымдағы оқиғалар барысында көрiнген немесе естiлген ағымдағы оқиғаларды суретке түсiру немесе кинематография құралдары, эфирге тарату немесе жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн кабель бойынша хабарлау арқылы ақпараттық мақсатқа сай көлемде шолуларда көшiрмелеу немесе көпшiлiк назарына арналған хабар. Бұл орайда автордың мұндай туындыларды жинақтарда жариялау құқығы сақталады…» делінген.
Фотожурналистер бұл заңға қатысты: «яғни бұл дегеніміз – бірнеше рет жарияланатын жұмысы үшін автор-фотограф бұдан былай әрқандай бір қаламақы немесе төлемдер алмайды деген сөз. Қазіргі уақытта, осы баптың салдарынан көптеген бұқаралық ақпарат құралдары кәсіби фотограф қызметінен бас тартып отыр. БАҚ осы себепті бұрын жарияланған фотоларды ғана қайтара басып келеді. Біз бұл жағдай әділетсіз және қазақстандық БАҚ-ты деградацияға ұшыратады, сол арқылы бірдей мәтіндер мен суреттердің монотонды кластеріне айналуына алып келеді деп санаймыз. Сонымен қатар, қазіргі әлемде заманауи технологиялар мен интернеттің арқасында тек бір фотосуреттің қайталанған жарияланымдарының саны ондап, жүздеп, кейде тіпті мыңдап саналуы мүмкін. Күнкөрісі заңды қаламақыға қарап қалған фотографтар осының салдарынан үлкен материалдық және моральдық шығынға батып отыр. Алайда осы заңға сәйкес, музыкалық туындылардың авторлары мен орындаушыларына көпшілік алдында шығармалары әр ойналған сайын
қаржы аударылады. Ал фотографтың жұмысы ешкімнен кем емес және материалдық, интеллектуалдық шығындар тұрғысынан қарағанда композитор мен музыканттың жұмысынан едәуір асып түседі» дей келе, мынадай ұсыныстарын да алға тартады. «Осынау айтылғандарға байланысты сіздерден «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» ҚР заңының 19-бабын толықтырып, Парламент депутаттарының қарауына салуға көмектесулеріңізді сұраймыз. Біз бұл заңға мынандай өзгерістер енгізуді ұсынамыз. 19-баптың атауына мынандай норма қосылса: «Бұқаралық ақпарат құралдары кез келген сипаттағы жарнамалық материал жариялап, баспасөз жазылымын немесе басылым даналарын қолма-қол төлем немесе банктік аударым арқылы сатқаннан басқа шығарманы автордың немесе өзге де құқық иеленушінің келісімінсіз және авторлық сыйақы төлемей пайдалану». Заңның бұл бабы мынандай
тармақпен толықтырылса: «Бұқаралық ақпарат құралдары кез келген сипаттағы материал жариялағанда, баспасөз жазылымын немесе басылым даналарын қолма-қол төлем немесе банктік аударым арқылы сатқанда заңды түрде авторы көрсетіліп, суреті өзгеріссіз жарияланған фотография БАҚ-қа қайтарылса, авторға белгілеген ақы төленуі керек» Біздің ойымызша, бұл өзгерістер әділеттілікті қалпына келтіріп қана қоймайды, сонымен бірге қазақстандық БАҚ-тың дамуына жағымды әсер етеді. Сонымен қатар, егер бұл түзетулер
қабылданса, ел бюджетіне қосымша салық та түскен болар еді. Өйткені күнделікті жарияланып жатқан мыңдаған фото қаржылық тұрғыдан мүлде бағаланбай келеді» дейді мамандар. Осы ретте, біз де БАҚ саласында жұмыс істеп жүрген бірнеше фотографтың қазіргі плагиаттыққа қатысты пікірін, бүгінгі фотоөнердің тыныс тіршілігіне қатысты көзқарастарын білдік.

Сәрсенбек ҚЫЗАЙБЕКҰЛЫ: «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» БАННЕРІНЕ СУРЕТІМДІ РҰҚСАТСЫЗ ПАЙДАЛАНҒАН»
– Біздің елде фотосуреттердің авторлық құқығы толықтай сақталып жүр деп айта алмаймын. Фотосуреттердің авторы болатынын да көп адам біле бермейді. Сондықтан өзіне ұнаған суретті қалағанынша өз пайдасына асыратындар көп. Мысал келтірсек, әлеуметтік желілерде басқалардың суретін автордың рұқсатынсыз пайдалану көп кездеседі. Баспасөзде де солай, интернеттен алып пайдалана береді. Суретке автордың атын жазу авторлық құқық болып саналмайды. Мүмкін оған автор пайдалану құқығын бермеген шығар. Тараптардың арасында ресми келісімшарт болмаған соң нақты ештеңе айта алмаймыз. Менің суреттерім де көп ұрланады, әсіресе порталдар көп алады, баннерге рұқсатсыз пайдаланатындар бар. Мысалы, «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларына арналған баннерлерге менің суреттерімді пайдаланған. Бізде фотоға түсіру ресми өнер ретінде аса керемет дамыды дей алмаймын. Өйткені суретті фотоөнер ретінде бағалайтын адамдар аз. Қазір не көп фотограф көп. Фотографпын десең көбі қазір «не, той түсіресің бе?» деп сұрайды. «Фотосессия жасайсың ба?» дейді. Осы тұрғыдан келгенде бізде фотографияны қоғам нақтылы көркем өнердің бір тармағы деп түсінбейді. Өйткені, оны өнер ретінде көрсететін фотоконкурс, байқаулар, фотоальбомдар жоқ. Бізде фотографияның коммерциялық бағыты ғана жақсы дамып кеткен, ал шығармашылық жағы пейзаж түсіру, фоторепортаж жасау қатты дами қоймаған.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ, «Фотоөнер» ҚБ мүшесі: «БАҚ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗ ӘРІПТЕСТЕРІМІЗ ДЕ ҚҰҚЫҒЫМЫЗДЫ САҚТАЙ БЕРМЕЙДІ»
– Авторлық құқықты қорғау үшін, ең бірінші адам өз шығармашылық еңбегіне жауапкершілікпен қараған жөн. Біз көбінде өз суреттерімізді әлеуметтік желі арқылы насихаттаймыз. Қазір бір-біріміздің іс-әрекетімізді, жұмысымызды сол желілелер арқылы танып жатамыз. Сондықтан, әр суретке авторлық қолтаңбаны жазып қойған жөн. Суреттерімнің басым көпшілігіне, өз таңбамды жазып өтемін. Кейде белгілі бір суретке қызығушылар жекеме жазып немесе телефон арқылы хабарласып суретті өздеріне қолдану үшін автордан рұқсат алады. Қаламақысын төлейді немесе басқа да әріптестік ұсыныстарын ұсынады, кейде белгілі уақытқа дейін келісімшартқа отырады. Бұл дұрыс. Ал авторлық құқығыңды таптап, суретіңдегі таңбаны кесіп, тіпті жарнамалық мақсатта қолданатындар да кездеседі. Көп емес, бірақ бар. Олармен саудаласудың да қажеті жоқ. Өйткені, оларға тек заң жүзінде қимыл жасаған жөн. Кейде, БАҚ саласындағы өз әріптестеріміз де құқығымызды сақтай бермейді. Автордан келісім алмай жатып, суреттерімізді басқа мүддеге қолданып кетеді.
Кейде өз суретіңді басқа бір тұлға өз атынан байқауларға, я басылымдарға беріп жіберетіндер кездеседі. Ондайда байқауды ұйымдастырушыларға, басылым басшыларына хабарласып, алдыртып тастауға, я болмаса материалдық шығын талап етуге болады. Фотографиядағы ең маңыздысы композиция. Ұқсас немесе арнайы ұқсатылған дүниелер  кездесіп жатады. Бірақ, қанша ұқсатқанымен де, әр сурет, әр секунд фотографияда жаңа бір туынды болып саналады. Дегенмен, байқауларға қатысқанда, бұл жағдайлар орын алса, қатты қаралады. Менің суреттеріме қатысты да плагиаттық болды. Әсіресе, БАҚ құралдары жиі ұрлайды. Рұқсат сұрау деген атымен жоқ. Автор ретінде сілтеме де көрсетпейді. Қазір бәрі ұрлайды. Суреттің авторлық құқығы деген сақталмайды. Сол редакцияның өз туындысы секілді тұрады. Мен деген басылымдар ұрлады. Соңынан кешірім сұрап, қаламақы төлеп, талайы істі жапты. Дегенмен, ұрлық бар және бола да береді. Өйткені, бізде фотосуретке деген құндылық төмен. Редакторлардың өзі бағалай бермейді. Мәдениетті ортаның өзі солай етсе, басқасынан не үміт, не қайыр? Туристік компаниялар да рұқсатсыз пайдаланып жүр. Тіпті, өзімнің жеке портретімді рұқсатсыз жарнамаға қолданғандар да болды. Шағым түсіргеннен кейін, бір күн ішінде барлық жарнамадан алып тастаған болатын. Ешқандай түсініктеме де бермеді, соттасу да қиын. Ондай компанияларды тек мықты қорғаушы арқылы жеңіп шығуға болады. Өйткені, олар араға түрлі айла әрекетті салып, құтылып кетуге тырысады.

Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ,
«Заң газеті»

В борьбе с виртуальной преступностью

На недавнем заседании Международного совета при Верховном Суде Республики...

Призыв к безопасности и стабильности

Казахстан активно реагирует на изменяющуюся международную обстановку, демонстрируя концептуальный подход к обеспечению безопасности своих граждан и стабильности внутренней ситуации. Эта стратегия по-прежнему остается главной целью государственной власти.

Все для комфортной жизни

Открытие четырех новых домов культуры в жилых массивах Кайнарбулак,...

Ориентир на интересы граждан

В нашей стране созданы и продолжают создаваться все необходимые...

Не попасть в финансовую западню

Широкое проникновение цифровых технологий в повседневную жизнь людей сопровождается...