Сот статистикасы құқықтық статистиканың бір бөлігі ретінде қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша төрелікке тартып, қылмыстық істің сотқа дейінгі және сот актілерін орындау кезеңіндегі әділсот талаптарын жүзеге асырады. Статистика соттардың процессуалдық қызметі туралы да, қаралған істің мөлшері мен нәтижелері туралы да сандық және сапалық көрсеткіштерді есепке алады. Бұл сот саласының жұмыстарын саралауға жол ашады. Сот статистикасының негізінде белгілі бір заңдылықтарды, мәселен, азаматтардың құқы мен еркіндіктерін қорғау үшін сотқа шағымдану үдерісін, әділсоттың ажырамас бөлігі саналатын басқа да мәселелер санатының көбеюін немесе азаюын айқындауға болады.
Сот статистикасын қалыптастыру бір-бірімен байланысып жатқан бірнеше сатылы кезеңдерден тұрады. Әуелі соттардың істі әділсотқа жолдауы мен оның нәтижелері қадағаланып, содан соң түскен деректер топтастырылады. Мәселен, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша соттар қызметінің ерекшеліктерін жекелей көрсететін көрсеткіштерді топтарға бөледі. Аталған деректерді жинақтап болған соң мұқият талдауға кіріседі. Әсіресе еліміз цифрлы технологияға көңіл бөліп, Жоғарғы соттың Ахуалдық орталығы ашылғалы бері сот статитискасын жүргізуге айрықша көңіл бөліне бастады. Ахуалдық орталық Жоғарғы Соттың ғимаратында орналасқан, ол тікелей режимде соттар жұмысын бірыңғай мониторингілеу жүйесі болып табылады. Ол тәулік бойы еліміздің 370 сотынан келіп түсетін 700 көрсеткіш бойынша өзекті сот ақпаратын жинаумен және талдаумен айналысуға мүмкіндік береді. Мәселен, процестік мерзімді бақылау, аудиобейнетіркеуді қолдану, сот процесінің уақтылы басталуы секілді мәселелер тіркеледі. Осы орайда сот саласына енгізілген өзгерістер сот статистикасын уақытылы жүргізуді талап етіп, уақыт сұранысын қанағаттандыру екенін айта кеткен жөн.
Сот статистикасы елімізде жүйелі жүргізіле бастағалы бері соңғы жылдары ішкі істер органдарында қолданылатын арыздарды есепке алудың электронды тіркеу кітапшасы тәртібіне түбегейлі өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, арыз-шағымдарды дер кезінде қарау алдыңғы орынға шығып, олардың қаралуы анағұрлым жақсарды.
Арыз-шағымдарды қарау сатылары ашықтыққа ие болғаннан бері қылмыстарды тіркеу саны да өсті. Соған сәйкес тіркелген қылмыстар саны да еселеп артты. Әсіресе, бұрын дәстүрлі түрде тіркеуден жасырылып келген қылмыстың ұрлық, тонау, бұзақылық сияқты санаттарының бүгінгі күні өсіп отырғанының бір себебі осында деуге болады. Бүгінгі күні еліміздің құқықтық статистикасы жаңа технологияларды пайдалану және енгізу жағынан алдыңғы орында тұр деп айта аламыз.
Абдрешева Макпал Джамбуловна, Алматы қаласы Бостандық ауданы №2 сотының бас маманы.