12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Жол-көлік оқиғасынан келтірілген залал сомасы өндірілді

Бүгінде көлік құралдары адамзат тіршілігінің ажырамас бөлігіне айналды. Әсіресе, экономиканың қалыптасып дамуында аса маңызды. Дей тұрғанмен, олардың тиімділігімен қатар, келеңсіз жақтары да кездеседі. Бұл көбінесе, ауыр зардаптарға соқтыратын жағдайлармен байланысты. Мұны айтып отырғанымыз, жол-көлік оқиғасына қатысты даулар аз емес. Солардың ішінде жол-көлік апатының салдарынан болған залалды өндіру туралы талап арыздарға келсек, көбінесе азаматтық тәртіптегі негізгі дау залал сомасынан, сақтандыру компаниясының заңсыз сақтандыру төлемінен бас тартуынан, жәбірленуші тараптың негізсіз ұлғайтылған сома сұрауынан туындап жатады. Осы тұста жол-көлік оқиғасының салдарынан болған залалды өндіру құқығына кім ие екеніне тоқтала кетсек, бұл құқық тек автокөлік иесіне ғана тиесілі. Құқығы бұзылған адам заң құжаттары мен шарттарда өзгеше көзделмесе, өзiне келтiрiлген залалдың толық өтелуiн талап ете алады.

Сот тәжірибесінен айтар болсақ, өткен жылы қазан айында жауапкер жол-көлік оқиғасын жасап, талапкердің автокөлігіне механикалық зақым келтірген. Жетісу аудандық №2 сотының үкімімен ол жазатайым оқиғаға кінәлі деп танылған. Зақымдалған автокөлікті қалпына келтіру құны бағалаушылар есебімен 1 366 206 теңгені құраған. Бағалаушылар қызметіне талапкер 25 мың теңге мөлшерінде сома жұмсаған. Жауапкер келтірілген материалдық залалды мойындағанымен, моральдық шығын ретінде талап етілген бір млн теңгенің асыра көрсетілгендігін, сондықтан, оның мөлшерін азайтуды, ал, талапкердің өкілі арызды қанағаттандыруды сұрады.

Талап арыз Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 33-бабы 2-бөлігінің тәртібімен қабылданғандықтан, ұйғарым негізінде жауапкер жазасын өтеп жатқан мекеме орналасқан жердегі сотқа жекелеген іс жүргізу әрекеттерін жүргізу тапсырылды. Жауапкер талап арызға жауап беріп, істі өзінің қатысуынсыз қарауды сұрады. Талап қоюшы өкілінің пікірі ескеріле отырып, аталған іс ҚР АПК-нің 196-бабы бойынша қаралды. АПК-нің 76-бабы 3-бөлігінің нормасына сай, заңды күшіне енген сот үкіміне қатысты азаматтық істі қарайтын сот осы іс-әрекеттер орын алды ма және оларды осы адам жасады ма деген мәселелер бойынша, сондай-ақ, үкіммен белгіленген басқа да мән-жайларға және оларды құқықтық бағалауға міндетті. Есепке сәйкес, көлікті қалпына келтіру құны 1 366 206 теңгені құрады. Сараптама қорытындысы іс бойынша шешім қабылдауға негіз ретінде қабылданды.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 917-бабының 1-бөлігіне сәйкес, заңсыз әрекеттермен келтірілген зиян келтірген адаммен толық көлемде өтелуге жатады. Талапкер келтірілген залал сомасы шегінде жауапкерге талап қоюға құқылы. Осыған байланысты келтірілген залал сомасын өтеу туралы талап талап етілетін сомада қанағаттандырылуға жатады. Азаматтық кодекс талаптарына сай, моральдық зиянды зиян келтірушінің кінәсі болған жағдайда зиян келтіруші өтейді. Әрі моральдық зиян тек ақшалай түрде өтеледі, оның мөлшерін сот анықтайды. Ақшалай мәндегі моральдық зиян мөлшерін анықтауда азаматқа келтірілген моральдық зиянның ауырлығы, азап шегу дәрежесі, оны куәландыратын деректер, жеке мүліктік емес құқықтар мен игіліктердің өмірлік

маңыздылығы және зиян келтіруші кінәсінің нысаны ескеріледі. Бұл ретте, талапкерге тиесілі автокөліктің отбасында жалғыз табыс көзі болғаны, оның тұрақты жұмысы жоқтығынан жеке тасымалдаумен айналысқаны, т.б. есепке алынды. Талап қоюшыға моральдық зиян келтірілген, сондықтан, бұл мән-жайлар айқын және қосымша дәлелдемелерді қажет етпейді.

Шешім қабылдауда парасаттылық пен әділеттілік талаптары басшылыққа алынып, моральдық зиян мөлшері асырыла көрсетілген деп есептелді. Азаматтық процестік кодекстің 223-226 баптарымен талап арыз ішінара қанағаттандырылды. Нақты айтқанда талапкер пайдасына 1 366 206 теңге мөлшерінде келтірілген зиян, 300 000 теңге моральдық зиян және бағалауға кеткен қаржы, барлығы 1 691 206 теңге өндіруге шешім қабылданды.

Әрбір жүргізуші рөлге отырған кезде өзінің және жолаушылар мен жаяу жүргіншілердің өмірлері үшін жауапты болатынын есте ұстағаны жөн. Сонда ғана келеңсіз жағдайлардың алдын алуға болады.

 

Г.Муканова,

Жетісу аудандық сотының судьясы

Алматы қаласы

Как не стать жертвой финансовой пирамиды

Финансовая пирамида (также инвестиционная пирамида, схема или игра Понци)...

Сот отырысында аудио-бейне тіркеу жүйесін пайдалану ережелері

Осы Сот отырысына қатысуды қамтамасыз ететін техникалық байланыс құралдарын...

СОТ ЖҮЙЕСІН ЖЕТІЛДІРУ — ҚОҒАМНЫҢ ТАЛАБЫ

Сот - кез-келген даудың түйінін тарқатып, әділдігін айтып, тура...

Сот азаматтың тұрғын үй құқығын қорғады

Талап қоюшы 2011 жылдың сәуір айынан бастап «жасына байланысты...

Кассациялық соттың құрылуы және қызметі

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан...