12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Майдан СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР Төрелік палатасының төрағасы: «ТӨРЕЛІК ТӘУЕЛСІЗ БОЛУЫ ТИІС»

– Майдан Күнтуарұлы, «Төрелік туралы» заңның қабылданғанына бес жыл толғалы отыр екен. Осыған орай еліміздегі төрелік институтының қазіргі жай-күйі қандай?
– Қазақстандағы Төрелік (арбитраж) қозғалысының төртінші кезеңін «Төрелік туралы» заңның қабылдануымен байланыстырамын. 2015 жылғы 31 қазанда Азаматтық іс жүргізу кодексі (АІЖК) қабылданғаны белгілі. Одан кейін 2016 жылғы 8 сәуірде «Төрелік туралы» заң қабылданды, онда қазақстандық төреліктердің еліміздегі ішкі аралық соттарға және халықаралық коммерциялық төрелікке бөлінуі жойылды. 2017 жылы қазақстандық халықаралық төрелік Каспий университетінің Жеке құқық ҒЗИ-мен бірлесіп, Қазақстанның Төрелік палатасының өтініші бойынша АІЖК-ге және «Төрелік туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар дайындады. Біз әзірлеген ұсыныстардың едәуір бөлігі КТП мүшелерінің отырысында талқыланып, мақұлданды. 2019 жылғы 21 қаңтарда «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне меншікті қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру, қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Қанша жерден түзетулер енгізілсе де, төрелік заңнама әлі де реформалауды қажет етеді. Бұл заңды әзірлеу кезінде дау субъектілерінің мемлекет ішінде немесе одан тысқары жерлерде тұрғылықты немесе тұрақты тіркелген жеріне қарамастан, жеке және заңды тұлғалардың қатысуымен азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған дауларды төреліктердің шешуі үшін бірыңғай нормалар әзірлеу міндеті қойылды. Бірақ заң АІЖК-нің нормаларымен сөзбе-сөз толықтырылды, ал халықаралық коммерциялық төреліктің мақсаты ұлттық құқықтың ықпалын барынша болдырмау, төреліктің қай елде жүргізілетініне қарамастан, дауларды шешу үшін қандай да бір әмбебап бірыңғай тетік құру болып табылады. Оның ішінде мұндай төрелік шешім кейіннен Нью-Йорк конвенциясына қатысушы барлық мемлекеттердің аумағында орындалуы үшін керек. Осы және басқа да заңнамалық мәселелерді әлі де шешуіміз қажет. Соңғы жылдары біз жаңа төреліктер құру қарқынын байқадық, бұл елдегі төрелік қозғалысты дамыту үшін жақсы. Алайда, жосықсыз және қалта төреліктері пайда бола бастады, ең жақсы жағдайда олар «заңды фастфуд» деп аталады, демек, төреліктің орнына – суррогат, ал ең жаманы – заңсыз төрелік шешімдер шығады.
– Өзіңіз жетекшілік етіп отырған Төрелік палатасының құқық қорғау жүйесін дамытуға қосар үлесі қандай?
– Төрелік палатасы Парламент, Жоғарғы Сот, Әділет министрлігімен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе өзара іс-қимылды жүзеге асыру арқылы өз мүшелерінің мүдделерін белсенді түрде білдіреді. Мәселен, 2017 жылы палата құқық қолдану және төрелік туралы заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеп, Жоғарғы Сотқа жіберді. «Төрелік туралы» заң Қазақстандағы төрелік қызметінің жай-күйінің мониторингін, сондай-ақ ұсынымдық сипатта болатын Қазақстанның төрелік және оны қолдану тәжірибесі туралы заңнамасының жекелеген мәселелері бойынша сараптамалық қорытындылар беруді Төрелік палатасының өкілеттігіне жатқызады. 2018– 2019 жылдары палатаға түскен адвокаттар шағымын зерттеу нәтижелері бойынша ҚР «Әділет» Халықаралық төрелік сотының қызметінде заңнаманың өрескел бұзылғаны анықталды (төрелік қылмыстық және әкімшілік істерді қарады), бұл ҚР Бас прокуратурасына жүгінуге себеп болды (ҚТПның 22.02.2019 ж. №4 хаты). Алматы қаласы МАЭС-ның 2019 жылғы 13 мамырдағы №7527-19-00-2/3219 іс бойынша шешімімен «Әділет» Қазақстан Республикасының халықаралық төрелік соты (БСН 180940009388) толық серіктестігі мәжбүрлеп таратылды. Бұл жалған төреліктің қызметі (ҚТП-ның көмегінің арқасында) сот шешімімен тоқтатылды, өйткені оның төрелікке және төрелік қызметіне ешқандай қатысы жоқ. Соңғы уақытта ҚТП-сы төрелік заңнаманы қолдануға қатысты көптеген сұраныстарды алды. Барлық сауалдар бойынша біз іс жүзінде тегін заң консультациясын өткізіп, мүдделі тұлғалардың танысуы үшін палатаның ресми сайтында толық жауаптарды ұсынамыз.
– Төрелікпен айналысушылардың бәрі осы палатаға мүшелікке кіруге міндеттеле ме?
– Қазақстанда бұрын ешқашан жұмыс істемеген (тіпті төрелік қауымдастықтар да болмаған) Төрелік палатаны құрғанымызбен, біз төрелік туралы заң жобасын талқылау сатысында мүшелік ерікті болуға тиіс деген ұстанымға тоқтадық. Бүкіл әлемде төрелік палаталар ерікті, коммерциялық емес, өзін-өзі реттейтін бірлестік ретінде жұмыс істейді. «Төрелік туралы» заң қолданысқа енгізілгенге дейін қалауы бойынша тұрақты жұмыс істейтін төреліктердің Азаматтық кодекстің 110-бабының нормалары негізінде тиісті төрелік қауымдастығын құру мүмкіндіктері болды. Төрелік палата тұрақты жұмыс істейтін төреліктер мен төрешілердің ерікті бірлестігін білдіретін, өзге ұйымдық-құқықтық нысанда құрылған коммерциялық емес ұйым болып табылады. Біздің есептеуіміз бойынша, қазіргі уақытта Қазақстанда тұрақты жұмыс істейтін 60-қа жуық төрелік бар. ҚТП-ға мүшелік ерікті болғандықтан, олардың барлығы бірдей палата мүшелері емес.
– Жақында Алматы қаласында бір топ белсенді Қазақстанда жеке қолға берілген төреліктердің қызметі іс жүзінде көп жағдайда бизнеске қысым жасау құралы ретінде пайдаланылады деп дабыл қақты. Бұл мәселеден хабарыңыз бар ма? 

– Иә, естідім. Шын мәнінде, мұндай ұйымдарды төрелік деп айту қиын. Мұндай төреліктердің шешімдерін сот жоюы мүмкін. Сот сондай-ақ осындай төрелік шешімдерді мәжбүрлеп орындатудан бас тартуы мүмкін. Тараптар тұрақты жұмыс істейтін төреліктерді таңдауда мұқият болу керек. Төрелік істі қараудың сапасын арттыру мақсатында біз төрешілерге және тұрақты жұмыс істейтін төреліктерге мынадай талаптарды заңнамалық түрде белгілеуді ұсындық: 1) төрешілер тізілімінде азаматтық құқық бойынша ғылым докторлары/ғылым кандидаттары/PhD ғылыми дәрежесі бар кемінде 3 адамның болуы; 2) тұрақты жұмыс істейтін төреліктің бірінші басшысында және оның орынбасарында жоғары заң білімінің және коммерциялық айналым саласындағы заң мамандығы бойынша кемінде 10 жыл жұмыс өтілінің немесе азаматтық құқық бойынша ғылым докторы/ғылым кандидаты/PhD ғылыми дәрежесінің болуы; 3) төрешілердің 3 төреліктен (халықаралық төреліктерді қоспағанда) аспайтын тізілімдерде болу мүмкіндігі; 4) төрешілер тізілімі кемінде 20 төрешіні қамтуға тиіс; 5) «Төрелік туралы» заңда төрешілер тізіліміне кірмейтін төрешіні таңдау мүмкіндігі туралы норманы тікелей бекітуді қамтиды; 6) «Төрелік туралы» заңда тұрақты жұмыс істейтін төреліктің төрешілер құрамы немесе жеке-дара төреші шығарған шешімнің күшін жоюына тыйым салу туралы норманы тікелей бекітуі; 7) тұрақты жұмыс істейтін төреліктің өз сайтында істердің санаттары бойынша шығарылған шешімдердің саны туралы жыл сайынғы есепті жариялауы.
– Төреліктер мемлекеттік органдарға есеп бермейді деген сын қаншалықты негізді? Билік органдары тарапынан төрелікке шынымен де бақылау жоқ па?
– Сын толығымен негізсіз, өйткені төрелік, сот сияқты, тәуелсіз болуы керек және ешкімге, әсіресе, мемлекеттік органдарға тәуелсіз болуы керек. Бүкіл әлемдегі төрелікте істі қарау осы
қағидаға негізделеді. Біздің «Төрелік туралы» заңымыз ЮНСИТРАЛ типтік заңына толық сәйкес келеді. Бірақ бұл ешқандай бақылау жоқ дегенді білдірмейді. Әрине, бақылау бар. Ол
мынада: сот төрелік шешімінің күшін жоя алады немесе оны мәжбүрлеп орындатудан бас тарта алады. Бірақ күшін жоюдың және мәжбүрлеп орындаудан бас тартудың барлық негіздері таза процессуалдық сипатқа ие екенін атап өткен жөн. Соттың шешімді мәні бойынша талдауға және материалдық құқық бұзылған жағдайда шешімнің күшін жоюға құқығы жоқ. Төреліктің шешімі мәні бойынша түпкілікті және шағымдануға жатпайды. Бұл бүкіл әлемдегі төреліктің қағидасы. Тараптар өздері төрелік пен төрешілерді ерікті түрде таңдайды. Ола – төрешілер материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған деп санаса да, кез келген жағдайда оның шешіміне бағынуы керек. Тараптар шешімге процессуалдық құқықтары бұзылған жағдайда ғана шағымдана алады. Бұл «Төрелік туралы» заңда түпкілікті бекітілген.

– Заңсыз шешім шығарғаны үшін төрешілердің жауапкершілігі туралы ойыңыз қандай?
– Менің ойымша, бұл қажет емес. «Төрелік туралы» заңның 58-бабында заңнаманы бұзу Қазақстан заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғатыны көрсетілген. Бұл норма новелла болып табылады, өйткені бұрын қолданыста болған аралық соттар және халықаралық төрелік туралы заңдар төрелік туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік туралы
арнайы баптар көзделмеген. ЮНСИТРАЛ халықаралық сауда төрелігі туралы типтік заңында төрешілердің немесе тұрақты төрелік мекемелерінің жауапкершілігі туралы ешқандай норма жоқ. Халықаралық практика төрешінің және тұрақты жұмыс істейтін төреліктің немесе ол құрылған заңды тұлғаның жауапкершілігін шектеуге бағытталған. Заңның 58-бабында бекітілген төрелік туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік туралы жалпы ережеге сәйкес тұрақты жұмыс істейтін төреліктер мен төрешілер жалпы негіздерде азаматтық құқықтық, әкімшілікқұқықтық жауаптылыққа, ал төрешілер қылмыстық-құқықтық жауаптылыққа тартылуы мүмкін. Сонымен бірге, төреші қылмыстық жауаптылықтың арнайы субъектісі әрі «лауазымды тұлға» болып табылмайды. Төрешілер тұрақты жұмыс істейтін төрелік алдындағы еңбек жауапкершілігіне тартыла алмайды. 2019 жылғы 21 қаңтардағы заң жобасын әзірлеу кезінде «Төрелік туралы» заңның 58-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі туралы мәселе талқыланды. Бұл мәселені ҚТП мүшесі – тұрақты жұмыс істейтін төреліктердің төрағасы көтерді. Ол ұсынған өзгерістер мен толықтырулар төрелік институттар мен төрешілердің жауапкершілігін шектеуге бағытталды. Алайда, бұл ұсыныстарды ҚТП мүшелері қолдамады, сондықтан олар заң жобасының мәтініне енгізілмеген. Бас прокуратура заң жобасына төрешілер мен тұрақты жұмыс істейтін төреліктердің жауапкершілігі туралы нормаларды мүлдем басқа мазмұнда енгізуді ұсынды. Ол жауапкершілікті белгілеуге бағытталды. Нәтижесінде көптеген кездесулер мен талқылаулардан кейін аталған түзетулер заң жобасынан алынып тасталды, өйткені оларды қабылдау Қазақстанда төреліктің дамуы үшін аса теріс салдарларға әкеп соқтыруы мүмкін.
– Төрелік шешімдерін ашық түрде қолжетімді ету үшін не істеу керек?
– Мәселе мынада, төрелік соттың мемлекеттік соттан айырмашылығы, жариялылық емес, құпиялылық қағидатына негізделген. «Төрелік туралы» заңның 5-бабының 6-тармақшасына
сәйкес, төрелік істі қарағанда құпиялылық қағидатын сақтай отырып жүзеге асырады. Құпиялылық қағидаты тек төрелікке тән салалық қағидат болып табылады. Оның мазмұны «Төрелік туралы» заңның 32-бабының 2-тармағында да ашылады, оған сәйкес, егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда төрелікте істі қарау тараптардың немесе олардың өкілдерінің қатысуымен төреліктің жабық отырысында жүзеге асырылады. Төрелік шешімдерге дауласушы тараптардың келісімінсіз ашық түрде қол жеткізуге болмайды. Өйткені олар тек төрелік істі қарау тараптарына ғана қатысты болады және басқа ешкімге қатысты болмайды. «Төрелік туралы» заңның 16-бабының 1-тармағы тұрақты жұмыс істейтін төреліктердің дау тараптарының келісімі болған кезде ғана төрелік шешімдер туралы ақпаратты БАҚ-та, оның ішінде интернет-ресурстарда да еркін танысуы үшін орналастыру міндетін көздейді. Төреліктер қараған істердің құқықтық фабулалары төрешілерді, тараптарды және даудың нысанасын дараландыратын мәліметтерсіз жариялануы мүмкін. Мысалы, 2014 жылы біз Қазақстандық халықаралық төреліктің шешімдер жинағын (2008-2013 жж.) басып шығардық, ол судьялар арасында тегін таратылды.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Еще одна победа

С двумя золотыми медалями и статусом двукратного победителя чемпионата...

Советхан СӘКЕНОВ, құрметті демалыстағы судья: «ӘДІЛДІК ЖОҚ ЖЕРДЕ МЕМЛЕКЕТ ДАМЫМАЙДЫ»

– Советхан Сәкенұлы, құрметті демалысқа шыққаныңыз құтты болсын! Зейнетке...

Мұхтар ЖҰМАҒАЗИЕВ, қоғам қайраткері, экс-сенатор: «АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ТҰРҒЫДАН ТАРТЫМСЫЗ»

– Елімізде ауыл шаруашылығының әлеуметтік мәселелерді шешудегі маңызы зор....