БЫЛТЫР ТАРАЗДА 54 ЖАСТАҒЫ ӘЙЕЛДІ ИТ ТАЛАП ӨЛТІРДІ. АЛҒАН ЖАРАҚАТЫ АУЫР БОЛҒАНДЫҚТАН, ДӘРІГЕРЛЕР ӘЙЕЛДІҢ ӨМІРІН САҚТАП ҚАЛА АЛМАДЫ. АЛ ЖАҚЫНДА ҒАНА СӘТБАЕВ ҚАЛАСЫНДА САЯЖАЙ АУМАҒЫНДА ИТКЕ ТАЛАНҒАН БҮЛДІРШІННІҢ МӘЙІТІ ТАБЫЛДЫ. 6 ЖАСТАҒЫ ҚЫЗ АУЛАДА ЕРЕСЕКТЕРДІҢ ҚАРАУЫНСЫЗ ЖҮРІП, ИТТЕРДІҢ ОРТАСЫНДА ҚАЛЫП ҚОЙҒАН. АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА 15-22 ҚАЗАН АРАЛЫҒЫНДА – БІР АПТА ІШІНДЕ 9 БАЛАНЫ ИТ ҚАУЫП АЛЫПТЫ. МҰНДАЙ ОҚИҒАЛАРДЫҢ ҚАТАРЫН ЖАЛҒАСТЫРА БЕРСЕҢ, ҰЗЫНСОНАР ТІЗІМ БОЛАРЫ АНЫҚ.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, елімізде соңғы үш жылда иттерден 177 мыңнан аса адам зардап шеккен. Демек, күніне 160-тан аса адам иттердің шабуылына
ұшырайды екен. Бұл тек ресми тіркелген жағдайлар. Ал бейресмиі қаншама… Мәселен бір Атырау облысының өзінде жыл басынан бері үй жануарларын ұстау және серуендету ережесін бұзған 700- ден астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Расында иттің тістеп алуының денсаулыққа қаупі зор. Салдарынан жұқпалы ауруға шалдығып немесе мүгедек болып қалған жайттар көп кездеседі. Тіпті иттердің шабуылынан адам өлімі де жиі тіркелуде.
Ветеринар Нұрлыхан Елубаевтың сөзіне сүйенсек, көктем мезгілінде иттердің құтырма ауруы асқынып, жиі шабуылға шығады екен. Ежелден халқымыз «ит адамның серігі, жеті қазынаның бірі» деп, төрт аяқты досына адалдықтың символы ретінде қарайды. Ит қазақ өмірінде маңызды орын алғандықтан ол туралы халық аузында жүрген мақал-мәтелдер де өте көп. Бірақ, қазір қоғамдағы иттің рөлі әртүрлі. Әдетте қараусыз қалған иттердің құтырманы жұқтыру қаупі көбірек. Сондықтан қаңғыбас иттер немесе үй иттері шабуылдаған болса уақыт өткізбей бірден жедел жәрдем қызметін шақырып, (итке де) құтырмаға қарсы барлық антибиотик қабылдау керек. Сондай-ақ итті міндетті түрде 10 күн бақылау қажет. Егер ит расында да құтырма жұқтырған болса, ол 10 күн ішінде өліп қалады», – дейді мал дәрігері. Жалпы иесіз иттер әр жерді паналап, қоқыс қалдығынан тамақ жеп, күн көріп жүретіні айтпасақ та белгілі. Сондықтан олардан келетін қауіп жоғары. Сол себепті дамыған елдерде қаңғыбас иттермен күресу үшін арнайы ереже қабылданған. Мысалы, Германияда «Жануарлар құқығы» деп аталатын заң бар. Заң аясында әр жануарға жауапкершілікпен қарамаған қожайындар әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл арқалайды екен. Егер олар итті көшеге қараусыз шығарып тастаса, 25 мың евро көлемінде айыппұл төлейді. Ал Қазақстанда мұндай жағдайда ит иесі жауапкершілікке тартыла ма? Қандай жағдайда ол өтемақы төлеуге міндеттеледі?
«Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасы заңының 11-бабының 4-тармағына сәйкес қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды арнайы мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар жүзеге асырады. Ал ит адамға шабуылдап, зардап келтірсе, міндетті түрде иесі жауапкершілікке тартылады. «Азаматтық кодекстің» 124-бабына сәйкес, үй жануарлары азаматтық құқықтың нысаны болып, яғни зат ретінде саналады. Ал иесі заты үшін, оның басқа біреуге тигізген залалы үшін жауап береді. Егер үй жануарының иесі оларды серуендету мен ұстаудың барлық ережесін сақтамаған жағдайда Әкімшілік кодекстің 408-бабына сәйкес ережені бұзғаны үшін 3 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді. Жеке тұлғалардың денсаулығына немесе мүлкіне залал келтіруге әкеп соққан әрекеттер үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген.Ал ит немесе үй жануары тигізген залал оның ауырлық деңгейіне байланысты өтеледі екен.
Мысалы, жануардың шабуылы адам өліміне әкелген жағдайда ҚР Қылмыстық кодексінің 104-бабына сәйкес, ит иесі бес жылға дейін сотталуы мүмкін. «Working Dog DNA» иттерді
жаттықтыру орталығының мәліметінше, көптеген жануарлар, соның ішінде иттер қорқыныш пен жаман ниетті анықтай алады екен. Мысалы, қабаған ит сізге үрсе, бірақ қауып алу қаупі тумаса, ол осы арқылы сол аймақты, күшіктерін немесе тамағын қорғап жатыр деген сөз. Ол «бұл жерге жақындама» деп айтқысы келіп тұр. Мұндай жағдайда, біріншіден, қорқынышқа бой алдырмау керек. Егер ит қабуға даярланып, тісін қайрап жатса, сабыр сақтау қажет. Иттің ашуы сол сәтте басылуы мүмкін. Мұндай жағдайда жүгірмеу, итке айғайламау сынды іс-әрекеттер жасау керек. Ал егер ит қапса, тыпыршып қозғалмау қажет екен. Себебі қарсылық көрсетсеңіз олар тісін одан сайын батыра түседі. Ит аяғыңызға жабысқан жағдайда, ең бірінші мойынды жауып, қорғау өте маңызды. Ит артерия қан тамырын тістеп алуы мүмкін. Сондықтан мамандар ит қапқанда өлі адам сияқты қозғалмай жатып қалуға кеңес береді.
Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ