12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Ана махаббаты

Жұмысқа кіріп енді ғана жұмысын бастай беріп еді, вацабына белгісіз номерден хабарлама келді. «Гүлнәр сізбен сөйлесуім керек, қашанға бір еркекті бөлісіп жүреміз» деген. Гүлнәрдің жүрегі зырқ ете қалды. Шатасып келді дейін десе аты жазылып тұр. Бірақ отасқалы жиырма жылдан асқан  күйеуінен күдіктенетіндей қылық байқамапты. Әлде біреудің қалжыңы ма екен… Не болса да хабарласып білейін деген оймен «Бұл кім?» деп жазып жіберді. Бір минут өтпей-ақ «Кім екенімді білгіңіз келсе мына мекен-жайға тездетіп келіңіз» деген жауап келді. Анық-қанығына көзі жеткізбейінше жұмыс та істеп қарық қылмайтынын біліп, хатшы қызға ауырып тұрмын деді де шығып кетті. Ол да бұның түріне қарап «қан қысымыңыз түсіп кеткен бе, түріңіз боп-боз болып кетіпті» деп жанашырлықпен шығарып салды. Көшеге жүгіре шыққан Гүлнәр машинасын мына түрімен айдай алмайтынын түсініп, таксиге отырды.  Таксиде отырып күйеуіне хабарласайын ба деп ойлады, бірақ оған не дейді, таксист жігіт те жап-жас баласындай ғана екен, дап-дардай қатынның күйеуін қызғанып, тергеп жатқаны ерсі көрінетін шығар деген оймен өз-өзін әрең сабырға шақырды. Бірінші өзім сөйлесейін, анықтайын,  бай ешқайда қашпас деген оймен телефонын қалтасына сала салды.

Көп қабатты үйдің алдына келген кезде аяқ-қолы дірілдеп, керек пәтеріне жеткенше қара терге түсті. Есікті қағып еді ешкім ашпады, сонда бұны әшейін алдаған болып тұр-ау деп жыны келген Гүлнәр есікті қатты-қатты ұрып еді есік ашылып кетті.

  • Әй кім бар, мен келдім, Гүлнәрмін,- деп даусын шығара айқайлады есікке басын сұғып. Жауап жоқ. Гүлнәр өзінің біреулерге алданғанын түсіне бастағандай. Бірақ айтылған мекен-жай осы, есік ашық, кіріп көрейін деген оймен ішке кірді. Кіре берістегі киім ілгіште жас қыздар киетін шуба мен куртка ғана ілініп тұр. Яғни үй иесі жас қыз болу керек деген оймен ішке батыл кірді.
  • Әй мен келдім,- деп тағы дауыстап есікке қарама-қарсы тұрған қонақ бөлмеге өтті. Алматының атақты хрущевский үйлерінің бір бөлмелі пәтері екен, қуыршақтың үйіндей безендіріп қойыпты. Ешкім жоқ. Не болса да бәрін көріп шығайын деген оймен ас бөлмеге кірді.
  • Ойбай, сізге не болды?- деп жүгіріп барып еденде етпетінен жатқан қызды аударды. Сол кезде ғана байқады қыздың басынан аққан қан ас үйдің жартысын алып жатыр екен. Өмірінде өлген адам көрмесе де Гүлнәр қыздың өліп қалғанын түсінді. Неге екенін өзі де білмейді қыздың ашылып қалған көзін жұмды да қорыққанынан қабырға барып сүйкеніп отыра кетті. Арқасына бірдеңе тірелгендей болғасын қолымен не екен деп алып еді мойны ұзын қазіргі сөзбен айтқанда арт дизайндық қоладан жасалған мысықтың мүсіні екен. Қоя салды….

Өмірінде бірінші рет Гүлнәр не істерін білмеді, полицияға хабарласса өзін бұл үйге не үшін келгенін қалай түсіндіреді, мына өліп жатқан қызды да танымайды, балалары не болмақ? Балалары есіне түскенде дереу есін жинап алды. Айналасына қарап еді қолы мен етігіне де қан жұғып қалыпты. Атып тұрып есіктің тұтқасында ілініп тұрған орамалға қолын сүртіп, далаға жүгіріп шықты. Жан-жағына қарап еді ешкім байқамаған сияқты, әйтеуір өзі ешкімді көрмеді. Жұмыс уақытында Алматыда кім бос жүреді дейсің?!

 

***

—   Осы жаңа жылдың алдында неге қылмыс көбейіп кетеді екен,- деді аға тергеуші кабинетке кіріп жатып, ал дайындал біздің ауданда өлім тіркеліпті, сенен басқа ешкімнің қолы бос емес, сондықтан осы істі сен екеуміз тексереміз де, биылдан қалдырмай сотқа жібереміз,- деп курткасын киіп жинала бастады. Мұқамеджан биыл ғана дипломын алып, жұмысқа кірген, осы уақытқа дейін Бостандық ауданындағы тергеушілердің алып кел, шауып келімен ғана жүрген болатын. Енді міне бастығының өзі қасына ертіп анау-мынау емес өлімді тексеруге бара жатыр.

—   Құп болады майор аға,- деді де папкасын ала сала сыртқа шықты. Машинада келе жатып аға тергеуші:

—   Ей, бала сенің майорың не, ағаң не? Екеуінің біреуін ғана айтсаңшы,- деп кеңкілдеп күліп алды. Бала, баланың ісі шала деген осыыыы,- деді сөзінің аяғын әндетіп…

Мұқамеджан криминалистика пәнінен тәжірибе өткен кезде ғана өлген адамды моргтен көрген. Оның өзіне қорқақтап алыстан ғана қараған болатын. Ал бүгін жап-жас келіншектің өлігіне келіп отыр. Бұлар келгенше криминалистер де жетіпті.  Учаскілік полиция қызметкері тергеушілерді көре сала болған жайды айта бастады.

—   Ассаулаумағалейкум майор, қайтыс болған келіншектің аты-жөні Эля Бақытқызы, жиырма жетіде, осы үйдің иесі, жалғыз басты келіншек, осы уақытқа дейін заңға қайшы ештеңе істемеген. Не болғанын білмейміз, 102-ге біреу жасырын хабарлаған,- деді.

—   Мұқамеджан сен көршілерден қайтыс болған адам туралы сұрастырып көр, мүмкін біреуі болмаса біреуі бірдеңе көрген шығар,- деп аға тергеуші ішке кіріп кетті.

***

—   Ал бала, қуана бер, жолың жеңіл екен, криминалистер қылмыс болған жерден телефон тауып алыпты. Қазір бізге оның иесін де, мекен-жайын да айтады, ал біз соттың қағаздарын реттейміз де қылмыскерді ұстауға барамыз.

—   Қалай сонда? Қылмыскер әдейі телефонын тастап кетіп пе? – деді өз құлағына өзі сенбегендей…

—   Ееее баласың деп айтсам сенбейсің, көбінесе қылмыс тұрмыстық жағдайда болады, сондықтан мұндай қылмыскерлерді қанішер деп те айтуға келмейді. Өйткені олар өлтіремін деп өлтірмейді, абайсызда, ашумен немесе ақша үшін өлтіріп қояды. Содан есі шығып жүріп бәрін біз көрсін дегендей із қалдырып кетеді. Ал біздің криминалистер ондайды мүлт жібермейді. Ал арнайы тапсырыспен, жоспарланған қылмысты табу мүмкін емес… Ондай қылмыстың жүзден бірі ғана ашылады… Ал мыналар болса…. Көп сөзді қой кеттік, бұл жолы қылмыскер бизнесмен, үш баласы бар әйел екен….

***

Мұқамеджан түні бойы ұйықтай алмады. Барлығы тайға таңба басқандай анық. Күйеуінің ойнасын өлтірген. Қызғаныш. Қолданылған қаруда да қол таңбасы айқын, ұялы телефоны да сол жерде түсіп қалған… Ең бастысы вацаптағы екеуара жазба… Және өзі де мойындап отыр. Бірақ марқұмның ұялы телефоны қалтасында болғанымен ешқандай қолдың ізі жоқ. Тап-таза. Күдікті өшірді дейін десең ол керісінше барлық жерге өзінің қолтаңбасын қалдырып кеткен. Сонда өлген келіншек өзінің өлетінін біліп бәрін өшіріп тастаған ба әлде біреу әдейі өшірген бе? Және полицияға хабарлаған кім? Осы сұрақ түнімен ұйықтатпады. Және көрші кемпірлердің айтуынша марқұмның үйіне кезек-кезек екі еркек келіп жүрген. Біреуі қылмыскердің күйеуі болса, екіншісі кім екені белгісіз? Камерада отырған қылмыскерге қарап ішкі түйсігі оның өлтірмегенін сезеді, бірақ қалай дәлелдейді?…

 

***

  • Аға, жоооқ майор маған екі-үш күн уақыт беріңізші, егер ешқандай дәлел таппасам құжаттарды сотқа өткізесіз, камерада отырған қылмыскер емес, өзіңіз ойлаңызшы, ол келіншекті не үшін өлтіреді, өлтіру үшін де адамға себеп керек қой. Оның айтуынша барғанда араларында ұрыс болған содан ұрып өлтіре салған. Не үшін деген сұраққа күйеуімді қызғандым дейді, өмірі жұмыс істемеген, темекесіне дейін өзі әперіп отырған еркек үшін біреуді өлтіру миға сыймайды….
  • Ееее баламысың деген, адам деген хайуаннан жаман екені білмейсің ғой… Бірақ менің де осы іске қатысты күдігім жоқ деп айта алмаймын. Әсіресе күйеуінің «ойнасым» деп балаларының көзінше мойындауы мені таң қалдырды. Негізі еркек атаулы қылмыс бола қалған жағдайда ойнас дегеннен оттан бетер қашушы еді, ал бұл болса керісінше бәрін мойындап отыр. Обал болмасын, әлі уақытымыз бар, сенің де көңілің жайлансын, егер ешқандай дәлел таппасаң онда ренжімейсің…. Істі сотқа беремін.

 

***

«Қылмыскерді іздесең қылмыс болған жерді мұқият зертте» деген ұстазының ақылымен Мұхамеджан қылмыс болған жерге барып, жан-жағын зерттей бастады. Көшенің арғы бетінде азық-түлік дүкенінен видео камераны байқап қалды. Дүкен иесі камераның жады бір аптаны сақтайтынын айтқанда жерден жеті қоян тапқандай мәз болды. Ерінбей үйіне барып ноутбугын көтеріп келіп осы ауладағы бәрін танитын екі-үш кемпірді жинап алып дискіні көрсетті. Іштері пысып отырған кемпірлерге де жақсы ермек болды. Кім-кімге келді, көршілерінің қашан келіп-қашан кететінін біліп мәз болысты. Гүлнәрдің күйеуі Марат жұмысқа келгендей марқұмның үйіне күнара таңертеңгісін онға таман келеді екен де, түстен кейін кетеді екен. Оны көршілер видеосыз-ақ айтып отыр. Қайтыс болардан бір күн бұрын кешкісін марқұм қып-қысқа көйлек пен шубасын киіп шығып кетті де түннің бір уағында бір жігітпен келді. Көрші кемпірлер екінші ойнасы осы жігіт деді.

Тоқта, ертеңгісінгі көрініс бәрін шешіп берді.

 

***

  • Ассалаумағалейкум, майор, аға,- деді тұтығып кешеден бері өз-өзіне келе алмаған Мұқамеджан.
  • Түріңе қарасам, демалыс күндері тыныш жатпаған сияқтысың ғой бала….
  • Иә, жайғасып отырыңыз әңгіме ұзақ. Майор жап-жас лейтенанттың әңгімесін үнсіз тыңдады.
  • Еее бала, қай ғұламаның сөзі еді «адамдарды таныған сайын итпен дос болғым келеді» дейтін… Ал онда істі өзің сотқа дайында.

 

***

  • Ойбай Қайнар, тез тұр ағашка келетін уақыт болып қалыпты, сені көрсе ақшаның кранын жауып тастар,- деді Эля үстіндегі көрпесін жұлып алып.
  • Сенің сол шалың бәле болды ғой,- деді басын әрең көтеріп, сендей жас қызды отбасы бар шал не қылады екен?… Кеше көп ішіп қойыппын… Жаным, кішкене жата тұрайыншы,- деп төсекке қайта қисайды.
  • Айтасың-ау сен де, өзіңнің студент екеніңді ұмытып кетесің ғой деймін. Апаңның жол мен түскі асқа берген тиынымен өзің айтпақшы көп іше алмайсың. Мені де баға алмайсың, сенің нең кетті, сол шалдың ақшасымен күнде түнгі клубта жүрміз ғой! Тез жинал, мен жуынып алайын,- деді де жуынатын бөлмеге кіріп кетті.
  • Қазір,- деген Қайнар қалай ұйықтап кеткенін сезбей қалды.
  • Элячка папочкаң келді,- деген дауыстан Қайнар шошып оянды. Ұйқылы-ояу түсінбей қалды, әкесінің даусы…. Есікке қараудан қорқып көзін тарс жұмып алды….Тым-тырыс, дыбыс жоқ, қашанға жатады  жайлап көзін ашты, әкесінің бұған қарап тұрғанын көріп төсектің арғы бетіне секіріп түсіп:
  • Пап, сен бұл жерде не істеп жүрсің?- деді басқа сөз таппай. Ашудан қалш-қалш етіп тұрған әкесінің түрі адам шошырлық еді…
  • Иттің баласы, Алматыда басқа қатын құрып қалды ма саған баратын,- деді де артынан келген Эляны итеріп жіберіп ас бөлмеге кіріп кетті. Момын әкесін бұл жерден көремін деген ой мүлдем Қайнардың ойына келмепті, тез-тез киініп, ештеңеге қарамастан пәтерден безіп шықты.
  • Папочка, мен Қайнарды сенің ұлың екенін білген жоқпын, өзің ғой түнге қалмайтын содан мен жалғызсырап кеше түнгі клубқа барып, таныстым,- деді де мойнынан құшақтай беріп еді, Марат ас үстелдің үстінде тұрған мысық мүсінінің қолына қалай ілінгенін байқамай қалды.  Эля тәлтіректеп барып ас бөлменің ортасына етпетінен түсті. Басынан аққан қанды көрген кезде ғана Марат есін жиып, не бүлдіргенін түсінді. Қазір қашып кеткенімен үш жылдан бері осы үйге келіп жүргенін көршілер біледі. Ертен-ақ машинасының номері арқылы тауып алады. Бірінші күдікті өзі екенін түсінді. Ал бұл қазір үйдегі сейфтегі бар ақшаны алып қашып кетсе, шетелден бұны кім іздейді, ең бастысы қазір уақыт ұту керек. Осы оймен ойнасының телефонын тауып алып, өз номерін және суреттерін өшірейін деп ішін ақтарып көріп еді, ойнасы мен баласының бір күндік таныс емес екенін түсінді… Көзі қарауытып кетті. Қызғаныштың қызыл иті ішін жалап барады. Баласы мен ойнасының суреттерін өз телефонына көшіріп алды да бәрін өшіріп тастады.  Кішкене ақылға салып өмір бойы өзін қор сезіндірген әйелінен осы жолы құтылуға болатын сияқты.  Гүлнәрдің тапқаны бұл өмірге емес, үш өмірге балқып-шалқып жүргеніне жетер еді…. Ал баласының жарасы жеңіл, шешесінің көзін құртса әкесін басынған қандай екенін көрсетеді күшікке….

 

***

Курстастары бұл отбасының иесі Марат емес Гүлнәр деп қалжыңдайды. Негізі сөздері шындықтан алыста емес, Марат жалғыз басты шешесінің әлжуаз, еркетотай ұлы. Ал Гүлнәр ауылдан келген шымыр да, ақылды қыз болатын. Бірінші курста-ақ нәзік Маратты өзінің қамқорлығына алды. Ұлдарға тиіскізбей қасына ертіп жүретін. Бұлар соңғы курс оқып жүрген кезде Алматыда байлар үй соға бастады. Гүлнәр архитектура факультетінің талантты деген жігіттерінің басын қосып фирма ашып түрлі үйдің жобаларын ұсынды. Сұранысқа ұсыныс болып Гүлнәр екі-үш жылда-ақ Қазақстандағы бай адамдардың қатарына кіріп кетті. Маратты да қасынан тастаған жоқ, соны пайдаланған шешесі Гүлнәрді айналдырып жүріп Маратқа алып берді. Бірақ Марат сол қалпында ештеңеге қыры жоқ күйінде қалып қойды. Сыртынан қарағанда бақуатты отбасы. Бірақ бәрін Гүлнәр табады. Ақшадан кемдік көрген жері жоқ, бірақ ел сияқты тоқал алып, жап-жас қыздармен жүруге мүмкіндігі жоқ.

 

***

Сот та басталды. Бұл істі қалалық соттың төрағасы Асқар мырзаның өзі жүргізетін болды. Гүлнәрді қылмыскер орындағына күзетшілер алып келіп отырғызған кезде зал шуылдап кетті. Ешкім Гүлнәрдің адам өлтіргеніне әлі сене алмай отырған сияқты.

Сот басталды. Гүлнәр қылмыс  жасағанын мойындады және ешкімнің оған қысым көрсетпегенін айтты.

Мұқамеджанның кезегі келген кезде соттан диск қосуға рұқсат сұрады. Алдын ала дайындалған үлкен экранды іске қосты. Таңғы сағат тоғыз, марқұмның үйіне Марат келді, он минут өтер-өтпестен далаға Қайнар жүгіріп шықты. Дискті тоқтатып Мұқамеджан криминалистен марқұмның қай уақытта қайтыс болғанын сұрады.

  • Минут-минутын айта алмаймын бірақ тоғыздан аса онға таман өлгенін анықтаған анықтама Сот мырза сіздің алдыңызда жатыр.
  • Рақмет. Ары қарай көріңіздер, оннан аса үйден асықпай Марат шықты да машинасына барып отырды. Бес минуттан кейін есік алдына такси келіп тоқтап одан Гүлнәр түсті. Сағатқа қараңыздар күдікті пәтерде бар-жоғы он-ақ минуттай болды,- деп дискті тоқтатты да:
  • Сіз неге істемеген қылмысты мойныңызға алып отырсыз? Өзіңіз көріп отырғандай қылмысты балаңыз не жолдасыңыз жасаған. Кімді қорғап отырсыз?- деді Гүлнәрға қарап.

Сот: Куәгер Қайнар Маратұлын шақырды. Шетелде деген ұлы кіріп келгенде Гүлнәрдің жаны шығып кете жаздады.  Қайнар сотқа емес анасына қарап:

— Апа, мен Эляны өлтірген жоқпын мен кеткен кезде ол тірі ас үйде әкемнің қасында қалған.

Мұқамеджан сот ісіне тағы бір диск апарып қосты. Ол полиция шақырған Мараттың даусы еді.

Прокурор мен адвокадтардың өзі  Гүлнәрға қарап қалды.

Сот күдіктіге сөз берді.

  • Ана деген баласы үшін не істемейді. Сендер келгенше мен баламды анық-қанығын сұрамастан, білместен шетелге жіберіп те үлгердім ғой. Ол да біздің бетімізге қарай алмай үн-түнсіз кете барды. Алыста болса құзырлы органның қолы жетпейді деп ойладым. Марқұмның үйінен шығып ес-түссіз үйге келген кезде Марат телефоннан балам мен ана әйелдің суреттерін көрсетіп, баламыз өлтіргенін және сол үшін өзі мойнына алатынын, әдейі мені шақыртқанын айтты. Сонда тексерсе мен де оның Мараттың ойнасы болғанын растау үшін смс хаттарды көрсетуім керек деді. Мен сендім, Мараттың менің сыртымнан ойнас жасайды деген ой маған еш уақытта келген емес. Ал полиция келіп мені қылмыскер дегенде балам үшін «иә» дедім. Өйткені мен жиырма жыл отасқан күйеуімді өзім сияқты балалар үшін жанын береді деген ойда болдым. Мен-ақ қылмыскер болайын ары қарай тексермесін деген ойда болдым. Баламның өмірін құртқым келмеді. Не болса да үш балаға қарайтын әкелері қастарында қалады және неге екенін білмеймін мен мықтымын түрмеге шыдаймын, Марат нәзік сынып кетер деп те ойладым,- деді Маратқа қарап.

   Жанар Мұқашева

[ratings]

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...