12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ҚАСКӨЙДІҢ ҚАТЕСІ

Туған күн

Жаз. Шілденің шіліңгір ыстығы төбеден өтіп барады. Даладағы қапырықтан бас айналғандай. Көктем бітіп, жаздың шеті көрінбесе де, Жамбыл облысында күн райы осындай кейіп танытып тұр. Қала халқы бұған үйренгелі қашан.

Тіпті, 40 градус нөлден жоғары температурада тіршілігін бір сәт тоқтатқан емес. Бүгін де солай болғалы тұр. Жексен өз туған күнін атап өтпекші. Кәдімгідей дайындалып, әжептәуір дастархан жайды. Достарымен қоса бір-екі көрші-қолаңын шақырып қойған. Арасында Оля да бар. Өйткені бойжеткеннің Жексенмен таныстығы жақсы еді. Бір жағынан, бұл қыз отырыстың көркін келтіреді. Мінезі ашық, кез-келген ортада өзін еркін де емен-жарқын ұстайды.

Осылайша «Жансая» саяжайындағы көңілді кеш көп ұзамай басталып кетті. Туған күндегі қонақтар шуы алыс көршілерге де жетті. Құдды тоқсаныншы жылдардағы ауыл кеші секілді. Мұнда қай үйден көтеріңкі көңіл күйдің дыбысы естілсе, шақырусыз қонақтар да жиыла қоятын. Асқар да айтпай келіп қалды. Келе сала ішімдікке бас қойған. Өзі де соған біртабан жақын еді. Олямен әңгімесі жарасқан ол кешті әрі қарай өз үйінде жалғастырмақ болды. Сөйтіп екеуі отырыстан бірге шығып кетті.

 

Табылған мәйіт

Арада төрт күн өтті. Туған күннің қызығы басылып, күнделікті күйбең тірлік қайта басталған. Ерасыл әдеттегідей ауызсу алып келуге қамданды. Өйткені мұндағы тұрғындар суды тасып ішетін. Көбіне ерінбей бірнеше күнге жететін суды көршілерінен тасып алатын. Бүгін де сол жұмысына кірісті. Сағат бестер шамасында шелегін алып көрші Асқар ағайдың үйіне келді. Даладағы құдықтан енді су ала бергені сол еді, қазылғанына көп болмаған, топырағы әлі кеппеген жерді байқап қалды. Бала көңіл, «бұл не болды екен?» деген оймен әлгі жерді қазғаны сол еді, жер астынан адамның басы шыға келді.

Арада көп уақыт өтпей мәйіт табылған үйге полицейлер қаптап кетті. Сараптама мамандары да қыздың қалай өлтірілгенін анықтауға ден қойды. Алайда кімнің бұл қылмысқа барғаны белгісіз болып қала берді. Ауыр қылмысты тергеу бөлімінің басшылығы дереу өз бақылауына алды. Себебі аяусыздықпен адам өлтіріп, әрі оны тыржалаңаш күйінде көміп кеткен қылмыскерді тез арада құрықтау қажет еді.

 

Алғашқы күдікті

Жәбірленушінің жасы небәрі 28-де. Бойжеткенді кім өлтірді? Қандай себеппен? Бұл жағы мүлде беймәлім. Белгілісі, күдікті ретінде мәйіт табылған үйдің егесі Асқар қамауға алынды. Екі ай тергеу изоляторында жатты. Бірақ мәйіт өз үйінің ауласынан табылғанымен, ол бұл қылмысқа қатысы жоғын айтып, ақталумен болды. Тіпті, ол күні үйде қонбағанын да дәлелдеп бақты. Дегенмен куәлерден жауап алу барысында Оляны соңғы рет Асқармен көргендер аз болмағаны анықталып, олардың Жексеннің туған күнінен бірге қайтқандарын байқағандар да бар болып шықты. Бәрі айдан анық. Асқардың оны өлтіргені түсінікті болды. Алайда оның соңғы берген жауабы тергеушіні ойландырып тастады. Өйткені Асқар үйіне қаладан нағашы інісі Мараттың жиі келетінін, Жексеннің туған күні болғанда оның да қонуға келгенін айтқан-ды.

Қызметінде сан түрлі оқиғалармен жиі ұшырасып тұратын тергеуші қолға алған бұл шаруасының да шырғалаңға толы екеніне шүбә келтірмеді. Сөйтті де, көп ойланбастан қарамағындағы қызметкерлері арқылы Маратты іздестіріп, осында әкелдірді.

Бұл уақытта Асқар бостандыққа шыққан. Бауыр еті бауырынан артық байлықтың жоқтығын ол әлі түсіне қоймаған сыңайлы. Тек темір тордан құтылғанына қуанышты еді. Шынында қылмысқа қатысы болмаса, жазықсыз жаза арқаламағанына ол қуанбағанда, кім қуануы керек?!

 

Тасадағы қылмыскер

Оқиға тым күрделеніп кетті. Шындығы шимайланған қылмысқа нақты кімнің барғаны әлі де анықталмай жатыр. Марат тергеуге алынғанымен, қылмысты мойындаған жоқ.

– Мен ол қызды мүлде танымаймын, көрген де емеспін.

– Алайда сен Асқардың үйіне барып қонғаныңды жоққа шығармайтын шығарсың?

– Қонғаным рас. Бірақ адам өлтірмедім.

– Онда сол үйдегі өзіңнің киімдеріңе жұққан қанды қалай түсіндіресің? Біле білсең, сот сараптама орталығы оның қайтыс болған Оляның қаны екенін айғақтап отыр.

Үн жоқ. Шынында да, үйге тінту, зерттеу жұмыстары жүргізілген кезде Мараттың киімдері табылған болатын. Анда-санда қаладан қыдырып келіп, тынығып кететін оның бұл үйде киімдері бары өтірік емес еді. Мұны тергеу барысында өзі де жоққа шығара алмады. Бірақ табылған қан іздерінің мұның киіміне қалай жұққанын түсіндіре алмай әлек. Түсіндіру мүмкін де емес. Осыдан-ақ оның қанды қылмысқа қатысы бары көрініп тұрды. Бұдан

әрі тергеудің қажеті де шамалы. Әрі адам өлтірілген күні ағасының үйіне қонған ол ертеңіне түске таман қайтып кеткен. Сәйкестікті қарамайсыз ба? Дәл сол күні кешкі бестер шамасында Ерасыл мәйітті тауып алған жоқ па еді? Қисыны келіп тұр. Қызды айуандықпен өлтірген ол, есік алдына көмген де, ғайып болған. Әрі өзінің үйі емес, ағасының баспанасы болғандықтан, күдіктің соған түсетінін сезген ғой. Бірақ, бір қателік жіберіпті. Киімін ол үйге тастамау керек еді. Міне, соңында шындық ашылып, әділдік орнағандай.

Бірақ, өз ісіне шын берілген тергеуші бұл істе шикіліктің барын сезгендей. Қан іздері табылғанымен, оны қылмыскер әдейі істеуі де мүмкін ғой деп ойлады. Сөйтті де қарамағындағы жедел уәкілдерге Оляның ұялы телефонын іздестіруге тапсырма берді. Қазіргі заманда телефон дегеніңіз басқаны айтпағанда, қайыршыда да бар. Демек ұялы телефон жәбірленушіде де болуы керек. Полиция қызметкерлері үшін бұл қиын іс емес. Кез-келген телефон иесінің аты-жөнін білсе, іmei коды арқылы таба алады. Оляның қалта телефоны да тез табылды. Оны жақында ғана Дихан қыстағындағы бір ер-азамат сатып алыпты. Полицияға тез арада жеткізілген ол Маратты танымады. Тіпті, телефонды одан сатып алмағанын айтты. Бұл сәтте полиция майоры тергеу ісіне қайта Асқарды алдыртты. Оны жасырын бөлмеде ұстап, телефон сатып алған кісіге көрсеткенде, сол екенін бірден таныды. Тергеу ісі қайта күрделене түсті.

Анықтай келгенде, қыздың «сен еркек емессің» деп Асқардың намысына тигені белгілі болды. Қызындай бойжеткеннен мұндай сөзді естіген ол қарап қалсын ба? Оның үстіне, әбден арақ ішкен болса. Ашу қысқан ол қыздың басынан бірнеше рет балғамен ұрған. Алғашында не болғанын түсінбей қалған Оля бөлмеден-бөлмеге қашып, құтылудың жолын іздесе керек. Жаны мұрнының ұшына келгенде жандәрмен қарсыласады. Міне сол кездегі аласапыранда қыздың маңдайынан аққан қан ілулі тұрған Мараттың киіміне жұққан екен.

Асқар қызды ақыры өлтіріп тынады. Кейін есін жиған соң, жансыз денені жасырудың қамын жасайды. Бірақ мәйітті мүлде жоқ қылып жіберу мүмкін емес еді. Алдымен бұл жәбірленушінің қанға малшынған киімдерін шешіп алады. Сосын шелектегі суға малып отырып, үйдегі тамған-жұққан қанның бәрін сүртеді. Артынан қыздың киімдерін пешке салады. Ал мәйітті көмуден басқа амал таппаған. Тас қараңғыда жер қазып, жалаңаш мәйітті асығыс сол жерге жасырған.

Бірақ ол қанша жерден сақтық жасағанымен, Мараттың киіміне қан жұққанын аңғармай қалып еді. Осы ағаттығы оны ұстап берді. Ал жәбірленушінің телефонын дүние көргені – оның ашкөз, арсыздығы болатын.

Райхан Ратова, Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кеңсесінің бас маманы

[ratings]

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...