Гендерлік теңдік – ерлер мен әйелдер арасындағы отбасылық және өзге де құқықтық қатынасты жеткізу концепциясы. Соңғы кездері қоғамымызда жиі айтыла бастаған бұл ұғымның уақыт өткен сайын маңызы да артып келеді. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, бүгінгі күнге дейін ерлер мен әйелдер арасындағы мүдделері мен құқықтарын қорғау бағытында белгілі бір жетістіктерге жетті.
Дегенмен әлі де болса қарастыратын мәселелер де жетерлік. Мәселен гендерлік теңдік адам құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқарады. Дүниежүзі халқының жартысын әйел заты құрағанымен, қоғамда толыққанды тепе-теңдік орнауы үшін алда біраз белесті еңсеруге тура келеді. Өйткені әлі күнге дейін гендерлік теңдікке қол жеткізу, әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін арттыру мәселесі әлемдік деңгейде маңызды болып тұр. Қазақстанның Конституциясы адамды жынысына қарап кемсітуге тыйым салады. Соңғы жылдарда осы бағытта бірқатар стратегия мен заң қабылданды. Атап айтсақ, 2006-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының гендерлік теңдігі стратегиясы әзірленіп, 2009 жылы Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы заң қабылданды. Бұған қоса 2016 жылы Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы жарияланды. Гендерлік тепе-теңдік пен адам капиталын дамытуға, отбасы құндылығын нығайтуға бағытталған осындай бастамалар жиі жүзеге асырылып жатқанымен, әлі де болса қоғамда аталған мәселе шешімін таппай отырғаны рас. Жоғарыда аталған 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының негізгі мақсатының бірі – әйелдің мәртебесін көтеру арқылы отбасы құндылығын арттыру болып табылады. Өйткені отбасында зорлық зомбылыққа тап болатын әйелдердің үлесі қоғамымызда азаймай тұр.
Жалпы гендерлiк саясаттың негiзгi қағидаттары Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепiлдiк берiлген əйелдер мен ерлердiң тең құқығы мен еркiндiгiн белгiлейдi. Гендерлік саясаттың маңызы — қоғам өмірінің барлық салаларында гендерлік теңдік, əйелдерге қатысты барлық түрлі дискриминацияны жою, оларды саяси əлеуметтендіру. Əлеуметтік дискриминация қоғамның барлық саласында кездеседі. Əсіресе, қоғамның саяси өмірінде ерекше айқын көрініс табады. Сондықтан басшылық қызметтегі нәзік жандылардың үлесін арттыру бүгінгі күні басты мақсаттардың бірі болып отыр. Сондай ақ отбасындағы тұрмыстық зорлық зомбылықтың алдын алу бағытында елімізде көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп, айналасын үйлестіріп, жарастырып отырған әйелдің өзіне тең дәрежеде, зор құрметпен қараған абзал. Алыс-жақын ағайынды, көрші-қолаңды тату ету арқылы қоғамның ынтымағын сақтауда, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде әйелдің ерекше орнын білу – қазақта бұрыннан бар идеология. Тек осы құндылығымыздың құрып кетпеуіне жол бермеген жөн. Гендерлік теңдік мәселесінде қоғамдағы тепе теңдікті қалыптастыра білсек болғаны.
Ж.М.Кадирова, Алматы қаласы Медеу ауданы №2 сотының бас маманы, Сот мәжілісінің хатшысы