ҚАЗАҚ ТІЛІ АЛДЫМЕН ҚАЗАҚТАН ҚАҒАЖУ КӨРУДЕ. ЕҢ ӨКІНІШТІСІ БҰЛ ҮШІН ЕШКІМДІ КІНӘЛАЙ ДА АЛМАЙСЫҢ. СЕБЕБІ, ОРЫСША АЙТЫЛҒАН СӨЗ ӨТІМДІ ӘРІ ҚУАТТЫ. СОНДЫҚТАН ОРЫС ТІЛІН БІЛЕТІНДЕРДІҢ БІЗДІҢ ЕЛДЕ ӨЗ ОРНЫН ТАУЫП, ҚАЛАҒАН ЖҰМЫСЫН ІСТЕУ МҮМКІНДІГІ ЖОҒАРЫ. АЛЫСҚА ҰЗАМАЙ-АҚ, ЖУРНАЛИСТИКА САЛАСЫН АЛАТЫН БОЛСАҚ, ОНДАҒЫ ЕҢБЕК НАРЫҒЫНДАҒЫ ЕҢ ЖОҒАРЫ СҰРАНЫС ОРЫС ТІЛДІЛЕРГЕ ЖАСАЛАДЫ.
Жалақысына, жасалған еңбек жағдайына байланысты таңдау мүмкіндігі де орыс тілді журналистердің еншісіне тиіп отыр. Қазақ тілді журналистер үшін барына қанағат, жоғына салауат айтудан өзге жол жоқ. Барлық ақпарат, мағлұмат, түсініктемені, шенділердің баяндамасын орыс тілінен аударып пайдаланатын олардың бұл еңбегі ешқашан ескерілген емес. Ал, орыстілді журналистер үшін мұндай тауқымет жоқ. Барлық материалдың орыс тілінде болуы олардың жұмысын екі есе жеңілдетеді.
Өзге кәсіптерде де осындай жағдай қалыптасып отыр. Тоқетерін айтқанда, орыс тілі біздің мал табатын, тіршілік қамын күйттейтін тіліміздің рөлін атқарып отыр. Мұндай жағдайда қазақ тілінің мәртебесін арттырайық, ол үшін отбасымыздан бастап, барлық жерде қазақша сөйлейік деп құр аттандай беруден қандай пайда бар? Бұл шын мәнінде көзбояушылыққа құрылған құр жалаң ұран ғана. Ораза-намаз тоқтықта. Егер мемлекеттік тіл біздің бақуатты өміріміздің кілтіне, кепілдігіне айналмаса онда оны құр дәріптеп, әспеттей беруден ештеңе шықпайды.
Ал мәселенің астары еліміздегі мемлекетке қатысты заң талаптарының шикілігінде жатыр. Конституциядағы орыс тілінің ресми тіл ретінде мемлекеттік тілмен тең қолданылу жөніндегі мәртебесі қазақ тілінің адымын ашырмауда. Бұл айтылудан кенде емес. Қазақ тілін орыс тілінің көлеңкесінде қалдырып тұрған өлшемді жоюға қатысты талаптар отыз жыл ішінде аз қойылмады. Шын мәнінде бұған қатысты өзге ұлт тарапынан естіліп жатқан қарсылық жоқ. Олардың өз отанына кеткендері кетіп болып, қалғандары өз тағдырын қазақ елімен байланыстырып, тілімізді үйреніп, салтымызды сақтауға құмбыл болуда. Айналып келгенде, қарсылық өз лауазымды шенділерімізден шығып отыр. Экономикадағы үстем тілге айналған орыс тілі күннен күнге құлашын жая түсуде. Бұл әрине, біздің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейімізге де өз ықпалын тигізіп отыр. Осы уақытқа дейін өңі түзу, өтімді отандық өніміміздің болмауы, біздің нарықтың орыстың өнімімен толуы соның айғағы. Аталмыш экономикалық одақтарда да біздің мүддеміз ресейлік мақсаттардың көлеңкесінде қалып жатыр. Мұның шындығын кез келген тәуелсіз экономикалық сарапшылар дәлелдеп берсе Жетісу арнасының «Қателік» бағдарламасында А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова қолмен қойғандай етіп, көз жеткізді. Оның айтуынша, өз тілінің қолданылу аясын екінші дүниежүзілік соғыстан кейін шектеген Германия экономикасы құлдырау шегіне жеткен. Жағдай тек тіл мамандарының араласып, неміс тілін ұлттық экономиканың тіліне айналдырғаннан кейін өзгеріп, ел өз дамуының жаңа деңгейіне көтерілген.Бұл ретте неміс тілінде аталған ұлттық бренд Фольксваген автомашинасының Германия экономикасына қандай серпін әкелгенін мысал ету жеткілікті.
Әлем – тілі жанданған елдің өмір сүретінін, тіл тек қарым-қатынас қана емес, табыстың көзі, дүниежүзілік нарыққа жұтылып кетпеудің бірегей мүмкіндігі екенін ұғып отыр. Сондықтан ғаламдық тіл ретінде дәріптеліп, айрықша мәртебе иеленген ағылшын тілінің ықпалы да кеміп барады екен. Ақылы бар, болашағынан үмітті тілі тірі елдің – экономикасы да қуатты, халқы да саналы, ұрпағы да өнегелі екеніне көз жеткізді. Әлем сондықтан ұлтшылдануда. Осы үрдісте әр елдің өз тілін сақтауға, өз тілінде сөйлеуге деген ұмтылысы орасан мүмкіндіктердің көзін ашып жатыр.
Бұл үрдістен шет қалып отырған санаулы ел, мемлекет болса, соның жуан ортасында – Қазақстан тұр. Бұл әрине, біздің халқымыздың қалауы емес, бұл шенеуніктердің қателігі. Қазақша сөйле деген талап қойыла бастаса терминдерді қазақ тілінде тәпсірлеу қиын, қаржы жүйелерін, саясат иірімдерін жеткізуге орыс тілі ыңғайлы, себебі ол бәріне түсінікті деген уәж айтып шыға келеді. Сосын қазақшасын сәлемдесуден асырмайды. Осылай кете беретін болса, қайда баратынымызды ойлаудың өзі қорқынышты. Бұл ретте «Тілі жоғалған елдің өзі де жоғалады» деп ұлтымыздың ұлы тұлғасы Ахмет Байтұрсыновтай дәл айтқан ешкім жоқ. Сондықтан мемлекеттік тілдің бағын ашамыз десек, сол арқылы ұлттығымызды да сақтап, дамыған өркениетті мемлекетке айналамыз десек алдымен – шенеуніктер қазақша сөйлесін. Бұл мәселе – мемлекеттік қызметке мемлекеттік тілді білетін кадрлар ғана қабылдану керек деген талаптың заңнамалық түрде дәйектелуімен ғана шешім таппақ.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ
«Заң газеті»