Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы парламенттік сессияны ашқан кезінде бірқатар өзекті мәселені көпшілік назарына ұсынған болатын. Соның ішінде зейнетақы жинағындағы қаржының бір бөлігін азаматтардың пайдалануына беру туралы ұсыныс қоғамның қызығушылығын тудырған еді. Зейнетақы қорындағы ақша – әр азаматтың жеке меншігі. Алайда, нарықтың қатал заңы жинақтағы ақшаға қатысты дүдамалды көбейткені рас.
Табысының бір бөлігін қорға аударып жатқандар теңгенің құнсызданып, зейнет жасына жеткенде кәдеге жарайтынына күмәнмен қарайтын. Содан болар осы қордағы ақшаны несиені жабуға, тұрғын үй алуға, емделуге неге жұмсамасқа деген ұсыныс жиі айтылатын. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» дегендей, елдің арман-тілегі ақыры Президенттің құлағына жетті. Осылайша Мемлекет басшысы биыл зейнетақы жинағындағы қорды басқарудың тиімді жолын нұсқаған болатын. Жақында Парламент Мәжілісінің депутаттары Мемлекет басшысының тапсырмасына сай дайындалған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бйынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Оған сәйкес 2021 жылдан бастап қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, қымбат тұратын емделудің ақысын төлеуге немесе қаржысын жеке басқарушы компанияларға басқаруға беруге мүмкіндік алмақ. Дегенмен, мұндай игілікті екінің бірі көре бермейді. Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығы жұмыс істейтін, тиісті жаста зейнетақы жинақтары «жеткіліктілік шегінен» асатын азаматтарға беріледі. Сондай-ақ, сақтандыру компанияларымен ең төменгі зейнетақыдан аз болмайтын мөлшерде өмір бойғы аннуитеттік төлемді қамтамасыз ететін зейнетақы аннуитеті шартына отырған адамдарға – БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде мүмкіндік ұсынылады. Ал зейнеткерлікке шыққан азаматтар (оның ішінде әлеуетті құрылымдар қатарынан) – БЖЗҚда қалған зейнетақы қаражатының 50%-ын алуға өтініш бере алады. «Жеткіліктілік шегі» әйелдер мен ерлер үшін бірдей белгіленіп отыр. Әрі оның жасқа қарай есептелетінін де ескеру керек. Жинағаны жеткілікті азаматтардың қордағы артық қаржысын жақындарының тұрмыстық жағдайын жақсартуға, емделуіне беруіне де кедергі жоқ. Сонымен қатар, туыс адамдардың «асарлатып» өз қаржыларының басын қосып, бір мақсатқа жұмсауына да жол ашылды. Әрине, айтарға әдемі көрінген бұл заң тетіктерінің азаматтарға қаншалықты ыңғайлы боларын алдағы уақыт көрсетеді. Әзірге белгілісі, зейнетақы жинақтары есебінен тұрғын үй жағдайын жақсарту тәртібін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекітетіні, медициналық көмек алуға азаматтарды жіберу қағидаларын Денсаулық сақтау министрлігі айқындайтыны, зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі белгілейтіні нақтыланып отыр. Ендеше, қордағы артық ақшаны кедергісіз, кезексіз алудың мінсіз тетігін жасау, азаматтарды әбігерге салмау, әуре-сарсаңды болдырмау осы құзырлы мекемелердің жұмысына байланысты болмақ. Жобаны талқылау кезінде Мәжіліс депутаттары зейнетақы жинақтарының «жеткіліктілік шегін» белгілеу әдістемесіне назар аударды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің 2021 жылы 721 мың азамат зейнетақы қорындағы қаражатының бір бөлігін алатыны туралы айтқаны көпшіліктің жадында болар. Осы ретте министрдің жеткілікті мөлшер шегінің қалай есептелетінін көрсетіп, арнайы кестені де ұсынғанын ұмыта қойған жоқпыз. Оны көрген азаматтар Жинақтаушы зейнетақы қорына сұрау салып, өзінің қолына тиетін артық қаржыны есептеп те үлгерген. Ал енді жаңа заңнамаға сай жеткілікті мөлшер шегі өзгере ме, жоқ, бұрынғы меже қала ма, әлі белгісіз. Алдын-ала болжам бойынша, зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін пайдалану үшін:
30 жастағы азаматтың шотында – 2 518 мың теңге
35 жастағы азаматтың шотында – 2 961 мың теңге
40 жастағы азаматтың шотында – 3 437 мың теңге
45 жастағы азаматтың шотында – 3 947 мың теңге
50 жастағы азаматтың шотында – 4 495 мың теңге
55 жастағы азаматтың шотында – 5 084 мың теңге
59 жастағы азаматтың шотында – 5 586 мың теңге болуы тиіс еді. Жаңа заңнамаға сай бұл межені есептеу әдісі мен талабы өзгергенмен, халықтың қолына көбірек қаржы түсуі ескерілсе екен деген тілек бар.
Нұрлан ШЫНТАЕВ