Қай ұлтта, қай елде болсын, туған тіл — қастерлі, құдыретті. Ата-бабаларымыздан мирас болып, ұлтымыздың үні мен жүрегіндей қазақ тілі біздің халықтың да мақтанышы әрі болашағы. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі. Олай болса, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін көтеру, маңызын арттыру, қолданысын күшейту – әрбір қазақтың міндеті. Сондықтан қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесін нығайту еліміздің саясатының басты стратегиялық басымдығы болып қала береді.
Республикамыздағы бір ғана мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Ешқандай да өтпелі қиындықтарға қарамастан оның заңдылық тұғырын бекітіп, дамыту күшеймесе, кемімейді. Сондықтан жазуға машыктанып, үйрену талабы күн сайын артып, әр мемлекеттік қызметкердің міндеті болуы шарт. «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» заңының 4-бабында Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi екендігі көрсетілген. «Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдiк және атқарушы органдар мемлекеттік тілді дамытуға барлық жағдай жасауға міндетті болуы керек. Осы орайда соңғы жылдары жай жай болса да қазақ тіліне бетбұрыс бар екенін айта кеткен жөн. Бірақ ол процесс өте жай жүруде. Заманында билік, басқару төрінен ығыстырылып, бірауық тәуелсіздігінен ажыраған ұлттың шектеулі, күнделікті қарым-қатынас құралының шегіне дейін құлдыраған ана тіліміз егемендіктің арқасында мемлекеттік мәртебесіне ие болып, биік тұғырына көтеріліп келеді.Мемлекеттік тілді дамытудың бағдарламаларына байланысты бүгінде сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің қолданыс аясы ұдайы назарда. Тіл саясаты тиісті бағамдар бойынша қадағаланып, табанды түрде жүргізіліп отыр. Атап айтқанда, соттардағы кіріс-шығыс, ішкі және жалпы құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің, соттарда қазақ тілінде қаралып жатқан істердің үлес салмағы, судьялардың және сот қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейлері арнайы кесте бойынша қадағаланып отыр. Барлық соттарда сот төрағаларының өкімдерімен мемлекеттік тілді қолдану мен дамыту мәселелерімен айналысатын құрылымдық бөлімшелер, топтар мен комиссиялар, мемлекеттік тілді дамытуға жауапты тұлғалар белгіленіп, мемлекеттік тілді дамыту бағытында белгіленген іс-шаралардың мақсатты жүзеге асуына басшылық жасау үстінде.
Ғалымдардың зерттеуінше, әрбір екі апта сайын әлемде бір тіл жер бетінен жойылып кетіп жатыр. Ал 21 ғасырдың аяғына қарай қазіргі 6 мыңнан астам тілдің тең жартысы мүлдем қолданылмайтын болады. Онымен бірге сол ұлттар да тарих қойнауына еніп кетеді. Бұл қорқынышты сценарийдің кейіпкері болып кетпес үшін туған тілімізге құрметпен қарап, қолданыс аясын кеңейтуге тырысуымыз керек. Қазақстан Республикасының негізгі тілі — мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін құрметтеу, оны білу — біздің әрқайсымыздың асыл парызымыз. Ана тіліне салғырт қарау — өз халқының өткеніне, бүгініне, болашағына немқұрайлы қарау деген сөз. Туған тіліміздің мәртебесі биіктей берсін!
С.О. Жайлыханов, Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотының бас маманы, сот мәжілісінің хатшысы