ӘДІЛДІКТІҢ ЕСІГІН ҚАҒЫП ЖҮРГЕН ХАЛЫҚ КӨП… БҰЛАЙ ЖАЗУЫМНЫҢ ӨЗ СЕБЕБІ ДЕ БАР. ӨЙТКЕНІ «ЗАҢ ГАЗЕТІ» ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ, ҚҰҚЫҚТЫҚ БАСЫЛЫМЫНА БІР АПТАНЫҢ ӨЗІНДЕ БІР ЕМЕС, БІРНЕШЕ ХАТ КЕЛІП ТҮСЕДІ. БАСЫМ БӨЛІГІ ӘДІЛДІК ТАППАЙ АШЫНҒАН АЛАША ЖҰРТТЫҢ ӨКПЕ-НАЗЫ. ТАҒДЫРДЫҢ ТАУҚЫМЕТІН ЕРТЕ ТАРТҚАН МЫНА КЕЙІПКЕРІМІЗДІҢ ӨМІРІ БІЗДІ БЕЙ-ЖАЙ ҚАЛДЫРМАДЫ.
Жазира Асанәліқызы мен екі бауыры бұғанасы қатаймай жатып алдымен әкесінен, кейін анасынан айырылады. Жетімдіктің зардабын жастайынан тартқан қыздар, ата-анасының қазасынан кейін, әкесінің інісі Әлди Мәлік Қанапияұлының қамқорлығында қалады. Мәселенің бәрі Қанапия Жазира Асанәліқызы кәмелет жасына толғанда басталады. Жазира Асанәліқызының әкесі Алдиев Асаналы Канапияұлы 2009 жылы «АТФ» банкінен кепілдікке үйін қойып, 1000 АҚШ доллары көлемінде несие алған. Қарызын мерзімінде жауып келген азамат 10.08.2016 жылы қайтыс болады. Араға жыл салып, жары Алдиева Гульзада Зейнегабылқызы да 10.05.2017 жылы қайтыс болған. Ата-анасы қайтыс болғанда артында кәмелетке толмаған үш қыз қалған. Олар Қанапия Жазира Асанәліқызы (14.11.2001 ж), Қанапия Әлия Асанәліқызы (02.12.2003 ж) және Қанапия Аружан Асанәліқызы (15.02.2006 ж). Үш қыздың үлкені ата-анасы қайтыс болғанда небары 16 жаста екен. Өкінішке орай жасөспірім қыздар әкесінің қарызы туралы кейін білген, және оларда қарызды уақытша тоқтатып қою деген түсінік те болмаған. Ал «АТФ» банк оған назар аудармай, үлкені енді ғана кәмелетке толған үш қызға қарызды төлеу туралы талап қойып отыр. Ең сорақысы, 2016 жылы қайтыс болған Алдиев Асанәлінің берешегін кредит алған кездегі курспен емес, қазіргі АҚШ долларының курсымен есептеп, жетім қыздарды тығырыққа тіреген. Оған қоса банк, төрт жылға өсімпұл қосқан. Ал 1 доллар 2009 жылы – 150,71 теңге болғандықтан, әкесі қайтыс болған 2016 жылы қарыз көлемі – 353,70 теңгені құраған.
Жазира Асанәліқызының жазуы бойынша, ол 18 жасқа толмай жатып, «АТФ» банкінен өзіне «3080,75 доллар, 2019 жылдың курсы бойынша 1 млн 174,535 мың теңге қайтарылсын» деген хат келген. Аталған мәселе бойынша «АТФ» банкіне барған Жазира қарызды сол кездегі валюта бағамымен есептеп беруді өтініп, жағдайын айтқанда банктегілер «Біз қайырымдылықпен айналыспаймыз» деп жауап берген. Содан Жазира Асанәліқызы Қазақстан Ұлттық Банкiне хат жолдаған. Ұлттық банк «АТФ» банкке «бастапқы қалдық сумманы төлесін» деген хат жібереді. Бірақ «АТФ» банк оған да бағынбай отыр. Себебі, Ұлттық банктен пәрмен түскеніне қарамастан, АТФ-тағылар «қарыз суммасы 3080,75 доллар, қазіргі курс долларымен есептегенде 1 млн 333 мың тг көлемінде» деген. Яғни, доллар курсы өскен сайын несиені сол бойынша қайтарасыз деп жауап берген. Тағдырдың соқтықпалы соқпағы кейіпкерімізді ерте есейтті. Жалғыз баспанадан айырылып қаламыз ба деп қорыққан қыздар «АТФ» банкінен қарызды жауып беруді өтініп тұрған жоқ. Олардың бар қалауы – берешекті төлеуді кейінге қалдырып, соманы бастапқы валюта бағамымен есептету ғана.
Жоғарыда аталған жағдайға байланысты, біз, өз тарапымыздан «АТФ банк» басшыларына сұраныс хат жібердік. Болған жайтты зерделеп,
газетке өз жауаптарын берулерін сұрадық. Банк тарапынан жауап ҚР «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңына сай мерзімінен кешікпей келеді деп үміттенеміз. Ал өз тарапымыздан еститін құлақ болса, мәселе оң шешімін табады деп сенеміз… Редакцияға хабарласқан екінші кейіпкер де АТФ банкқа өкпелі. Садык Гулнур Бекболаткызы АТФ банктен 2007 жылы кредит алған. 2009 жылы 342 мың теңге несиесін уақытында жапқан. Одан кейін Гулнур Бекболатқызы тұрмысқа шығып, үш балалы болған. Оның арасында үйі өртенген. Енді арада он бір жыл өткенде жеке сот орындаушылар хабарласып, банк алдында 340 мың қарызы бар екенін айтып, ай сайын 50 мың теңгеден жабуды сұраған. Банкке барса, бұрынғы қарызыңыздан 22 мың теңге жабылмай қалыпты, сол өсіп кетті деген. «Егер төлегеніңіз рас болса, дәлелдеңіз» депті тағы. Ал үйі өртенген әйел ондай дәлелді қайдан алады? Әрі қазір кассаға төлемесеңіз, банкомат арқылы берілген түбіртектің бір айдан кейін-ақ жазуы өшіп қалады. Сосын ең бастысы, банк он бір жыл өтіп, 22 мың теңге 340 мыңға жеткенше неге Гулнур Садыкты іздемеген? Қарыздың көбеюін күткен бе? Қарап отырсақ, банктерге қатысты осындай шағымдар өте көп. Ақшаны санауға шебер жандар, адамдықты да ұмытпағаны дұрыс қой.
Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ