Қазақстан Респкбликасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Бұл Конституциямен айқындалған заңдылық. Сондықтан, ел азаматтары Конституция талаптарын мүлтіксіз орындауға, яғни, қазақ тілін білуге және осы тілде сөйлеуге міндетті. Елбасы айтқандай, «Қазақ тілі – Қазақстан халқын біріктіретін тіл». «ҚР Тіл туралы» заң талабына сүйенсек, қазақ тілі — мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс қағаздарын жүргізу тілі. Мемлекеттік тілмен қатар басқа да тілдер қолданылуы мүмкін. Онда да қажет болған жағдайда ғана қолданылады. Сондықтан, қай салада болмасын іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу нормасы жоғары тұруы тиіс. Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мемлекеттік тілді дамытудың жаңа мүмкіндіктері ашып көрсетілді.
Мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуде ҚР Жоғарғы Соты тарапынан айтарлықтай шаралар іске асуда. Мәселен, қазақ тілінде жазылған сот шешімдері мен үкімдерінің сапасына қойылар талаптар жылдан-жылға қатаюда. Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов судьяларды соттардағы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге үндеп, қазақ тілін жетік білмеу, қызметте өсуге үлкен кедергі болатынын да ескертті. Бұған қоса төраға сот процестерін біртіндеп қазақ тіліне көшіру бастамасын да көтерді. Осындай қатаң талаптар нәтижесінде қазіргі күні мемлекеттік тілдегі сот актілерінің біркелкі стандарты қалыптасты.
Ел заңдарына сай, сот ісі жүргізіліп отырған тілді білмейтін адамдардың ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен айғақтар беру, сотта сөз сөйлеу құқықтары қамтамасыз етілген. Азаматтардың бұл тұрғыда барлық құқықтары қорғалған. Соған орай, олар да өздері өмір сүріп отырған мемлекет тіліне деген көзқарастарын өзгертіп, құрметтерін арттыруы керек. Жалпы құқық қорғау, сот салаларына мемлекеттік тілді дендеп ендіру қазақша заңдар сапасына тікелей байланысты. Осы себепті, ел заңдарын қазақ тілінде түсінікті мәтінде жазудың маңызы зор.
Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Қазақ тілі – Қазақстанды Отаным деп қабылдайтын әрбір азаматтың тілі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» жолдауында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлттық қатынас тіліне айналатын кезеңі келгенін нақты айтты. Қазақстанда тұрып, өсіп-өніп жатқан барша халық қазақ тілін қадірлеп, оны күнделікті барлық салада қарым-қатынас тіліне айналдырғанда ғана мемлекеттік тілдің мәртебесі өз-өзінен көтеріледі. Сонда ғана мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселесі қоғамда түбегейлі жойылады. Әрине, бұған біздің әрқайсысымыз атсалысуға тиіспіз. Қазақ тілі Конституцияда мемлекеттік тіл болып белгіленген соң, өзінің мемлекеттік статусына жоғары деңгейде ие болуы керек.
«Қазақстан-2050» стратегиясында қазақ тілінің мәртебесін арттырудың маңыздылығы айрықша көрсетіліп, ел тұрғындарының 2020 жылы мемлекеттік тілді 95 пайыз игеру қажеттігі нақтыланғанымен, бұл межеге жетпегенімізді уақыттың өзі дәлелдеуде. Барлық руханияттың бастуы алдымен тілден басталады. Демек, қандай да бір ұлттың рухани тамыры – ана тілі, бұл талассыз ақиқат. Алаш ардақтысы Халел Досмұхамедұлының «Ана тілін біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесің, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру – зор қате» деген дана ойын әрқайсысымыз үлгі етсек, онда мемлекеттік тіл сөзсіз өз тұғырына қонады.
Айгүл Туралиева,
Алматы қаласының мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының судьясы