ЖЕР-ЖАҺАНҒА ЖАЙЫЛҒАН ЖҰҚПАЛЫ ДЕРТ ӘЛІ ДЕ АЙЫЛЫН ЖИҒАН ЖОҚ. ОСЫҒАН БАЙЛАНЫСТЫ ЕЛІМІЗДЕ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ҚАШЫҚТАН БІЛІМ АЛЫП ЖАТҚАНЫ БЕЛГІЛІ. ДЕСЕ ДЕ ОНЛАЙН ОҚУДЫҢ ОҢАЙ БОЛМАЙ ТҰРҒАН ЖАЙЫ БАР. ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДА ҒАЛАМТОРДЫҢ БАЯУЛЫҒЫ, ТІПТІ КЕЙ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДЕ МҮЛДЕ ҰСТАМАЙТЫНДЫҒЫНАН ӘУРЕ-САРСАҢҒА ТҮСКЕНДЕР КӨП-АҚ.
Өңір мектептерінің 58% биылғы оқу жылын онлайн режимінде бастаған. Нақты айтсақ, 312 мектептегі 109,6 мың оқушы қашықтан білім алуда. Ал бірінші сыныпқа баратын балалардың бәрі үйден оқып жатқан жоқ. Ата-аналардың өтініші бойынша «кезекші сыныптар» жұмыс істеуде. Онда 15 баладан артық қабылданбайды. Мектептерде барлық қауіпсіздік шаралары сақталған. Білім саласында туындаған негізгі екі мәселе – ғаламтор баяулығы және компьютерлік техникалардың жетіспеушілігі. Әуелі, әңгімені екіншісінен бастайық. Қыркүйектің басында аймақ бойынша 22 476 баланың үйінде компьютер тапшылығы байқалды. ШҚО Білім басқармасының мәліметінше, осыған орай аудандық және қалалық білім бөлімдерінің қаржыландыруы арқылы 2 572 компьютерлік техника сатып алынған. Сондай-ақ, ҚР Үкіметінің қорынан бөлінген қаражат есебінен 26 509 компьютер жеткізіліпті. Арнайы құрылған жұмыс тобы компьютерлік техниканы бөлуге мониторинг жүргізді. Бірінші кезекте аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар балалар және оқу озаттары қамтамасыз етілген. Хош. Осымен компьютер жетіспеушілігі мәселесі шешілгендей болды. Алайда, ғаламтордың жылдамдығына қатысты түйткілдің түйіні әлі де тарқатылмай тұр. Алыстағы елді мекендерді қойып, облыс орталығының өзінде машақат тартып жүргендер аз емес. «Әл-Фараби көшесіндегі 42/3 үйде тұрамыз. Осы көшедегі 6-7 үйде ұялы байланыс жоқ. Телефонмен сөйлесу үшін далаға не балконға шығамыз. Ал интернет туралы айтудың өзі ұят. Шығыстың бас шаһарында тұрып, ғаламтор жоқ деген сұмдық қой! Сіңілім педагогикалық колледжде оқиды. Қазір далаға, тауға шығып не туысқандарды жағалап сабақ оқып жүр. Көршілеріміз де балаларын оқытамыз деп әбден ығыры шықты», – дейді Нәзерке Қайролданова. Бұл үйлерге тұрғындар өткен жылдан бастап қоныстана бастады. Алайда, әлі күнге дейін интернет кабелдері тартылмаған. Тұрғындар қанша рет өтініш жазғанымен әзірге еш нәтиже болмай тұрған көрінеді.
МӘСЕЛЕГЕ ОРАЙ МІНБЕРДЕГІЛЕР НЕ ДЕЙДІ?
Қаладағы жағдай осындай болғанда аудандардағы ахуал тіпті мүшкіл. Шығыс Қазақстанда интернет желісі нашар, немесе мүлдем ұстамайтын елді мекендер жетерлік. Осы мәселеге орай қандай жұмыстар атқарылып жатқанын білу үшін «Қазақтелеком» АҚ-ның өңірлік филиалына хабарласып көрген едік. «Жыл басынан бері компания облыстағы барлық ауданға 1800 шақырымды құрайтын талшықты-оптикалық желі тарту жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, ұялы байланыс ұстамайтын жерлерде де интернет жүйесі іске қосылған. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар Өскемен қаласына жақын орналасқан елді мекендерде жүргізілуде. Мәселен Ұлан ауданында интернет желісі тартылуда. Бүгінде Ұлан ауданында мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында Ұлан, Бозанбай, Тарғын, Асубұлақ ауылдарына интернет желісі тартылды. Аудан әкімдігімен бірлесіп, Бестерек пен Ізғұтты Айттықов ауылдарына интернет тартудың техникалық шешімін таптық. 1 қазанға дейін осы бағыттағы жұмыстар толық аяқталып, тұрғындар кең жолақты интернетке қол жеткізеді», – дейді «Қазақтелеком» АҚ филиалының техникалық директоры Ғазинұр Раимханов. ШҚО Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділованың айтуынша, қашықтан оқуды ыңғайлы ету үшін бірқатар шаралар атқарылған. «Оқушылар үшін «Балапан» және «Ел арна» телеарналары арқылы сабақтар ұйымдастырылуда. Телесабақтардың өтетін уақытын күн сайын басқарманың әлеуметтік желілерінен көруге болады. Қашықтан оқытатын мектептер цифрлық білім платформаларымен қамтамасыз етілген. 225 мектеп Оnline mektep.kz платформасына қосылды. 42 мектеп Daryn.online.kz платформасында, 2 мамандандырылған мектеп Edupage.kz жүйесін қолдануда. Жалпы, платформалармен жұмыс істеу барысында ешқандай қиындықтар туындаған жоқ. Алдағы уақытта ауылды жерлерде қашықтан оқыту форматын жеңілдету үшін 52 елді мекенде интернет жылдамдығы арттырылады, – деді ол.
Жуырда Шығыс Қазақстан облысындағы 3 ауданда 4 мектеп оқушысының коронавирус жұқтырғаны жайлы ақпарат тарады. ШҚО Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазірде Шемонаиха, Алтай аудандарындағы 2 мектептің кезекші сыныптары және Көкпекті ауданындағы бір мектеп 14 күнге карантинге жабылған. Білім ордаларындағы коронавирус инфекциясының ошағы болған сыныптарды қашықтан оқытуға ауыстыру туралы қаулы шықты. Демек, өңірде ғаламтор баяулығының тауқыметін тартатындар тағы да арта түсті.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ