12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ҚОЛЖЕТІМСІЗ ОҚУДАН ҚАНДАЙ САПА КҮТЕМІЗ?

Жаңа оқу жылы басталғанда көпшілік ғаламтор байланысында еш кедергі болмайтынына сенген. Жаңа оқу жылын мектеп жасындағы балалар бір тәртіп, бір жүйемен бастайды деп үміттенген. «Биылғы наурызда тосыннан басталған каратиндік жағдай Білім және ғылым министрлігіне шұғыл шешімдер қабылдатты, жазғы каникул уақыттары оқу процестерін реттеуге жеткілікті болды» деп ойлаған. Алайда биылғы оқу жылы да әдеттегідей шешімсіз тұрған көп мәселелермен бірге басталды. Бірінші кезекте елдегі интернет жылдамдығы мен байланыстың нашарлығы алға шықты. Тіпті кейбір мектептер қандай платформада оқу керектігін әлі де таңдай алмай әуре-сарсаңмен жүр.

Ата-ана үшін WhatsApp арқылы оқу негізгі шешімдей көрінгенімен, ол платформа білім жүйесіне лайық еместігін дәлелдеген. Zoom, Google Meet платформалары тиімді делінгенімен, интернет мүмкіндігі жоқ көп өңірлер бұл платформаны көтере алмауда. Еріксіз телефонның жай ғана сөйлесу, ақпарат алмасу құралы – WhatsApp білім беру қосымшасына айналып отыр. Сондай ата-аналардың бірі Рысжан Мырзалина: «Қыркүйек айы басталғалы бері ата-аналар мен мұғалімдер шулап жүріп, бірнеше платформаға қосылуға талпынып көрдік. Бірақ бәрі нәтижесіз аяқталды. Google Meet арқылы конференция құрғымыз келді, бірақ қосымша мұғалімді платформадан шығарып жіберді. Егер мұғалім қосылса, басқалардың сөйлегені естілмейді. Ақырында ол жүйені қойдық. Оқушылар Online Mektep жүйесінде тапсырма алып, үй тапсырмасын орындауы керек. Біз орналасқан аймақтағы ғаламтор жылдамдығы оны да көтермейді екен. Мен Алматының шеткі ауданында тұрамын. Мегаполиске тиіп тұрмыз. Бірақ ғаламтордың жылдамдығы өте төмен. Ал орталықтан алыс ауылдардың жағдайын тіпті елестете алмай отырмын. Ешқандай платформаға қосыла алмаған соң ақырында мұғалімдер «күнде таңертең сағат 8-де WhatsApp арқылы тапсырмаларды жібереміз» деп шешті. Біз балаға өзіміз түсіндіреміз. Сосын сабаққа қалай жауап бергенін видеоға түсіріп, мұғалімге жібереміз. Осы дұрыс оқу ма? Осыны онлайн оқу деп санауға бола ма? Үйде бірнеше балам оқушы болғандықтан, ғаламтор жылдамдығын күшейтуге де тырысып көрдім. Былтыр үйге Қазақтелеком арқылы арнайы қондырғымен ғаламтор тартып беру бағасы 45000 болатын. Кейін карантин басталып кетті, сол уақытта хабарласқанымда 60 000 деді. Арасы бір-ақ ай болатын. Аз уақытта қымбаттатып жібергеніне ренжіп қоя салғам, тағы бір айдан соң хабарлассам, дәл сол ғаламторды 90 мың теңгеге қостырасыз деп тұр. Осындай кезеңде ғаламторды қостыру бағасын мемлекет тарапынан бақылауда ұстауға болмай ма? Халықтың ғаламторға байланғанын ұққандықтан, ай сайын бағасын қымбаттатуда», – дейді ашынып.
Бағасының өсуі ғаламтордың жылдамдығынан да жоғары не қылған ғаламтор екенін білу үшін өзім хабарластым. Алғашқы күні тұратын үй жақтың орналасқан картасын жіберуді өтінді. Сол арқылы ғаламтор қондырғысын орнатуға болатынын немесе болмайтынын тексереді екен. Келесі күні түске дейін хабарласқан оператор антенна мен MikroТik фирмасының модемін 90 мың теңгеге қондыра алатынымды жеткізді. Қосымша ай сайынғы төлем 4600 екен. Үш сағат өтер-өтпестен қайта хабарласқан оператор қыз қайтадан жоғары жылдамдықтағы ғаламторды 120 мың теңгеге қостыра алатынымды, ай сайынғы төлем 4600 болатынын айтты. «Ай сайын бағасы неге өседі» деп таңғалғаным бекер екен. Түске дейін хабарласқанымда 90 мың теңге болған ғаламтор, түстен соң 120 мыңға өсті. Сөзіміздің дәлелі болатын әңгімеміздің скриншотын да қоса ұсынып отырмын. Шыдай алмай хабарластым. «Қазақтелекомның жоғары жылдамдықтағы ғаламторын қосатын мердігер компания екен. Қазақтелеком ғаламторды желі арқылы қосса, бұлар Қазақтелекомның байланысы жоқ аймақтарға әр үйге антенна қою арқылы тартып береді екен. Менің бағаға қатысты наразылығымды естіген соң «90 мыңнан басталады. Сіздің аймаққа 120 мың болып тұр» деді. Цифрлы Қазақстан деп жар салып жатқанымызға бірнеше жыл болды. Дәл қазір еліміз де 882 ауылдың тұрғындары ғаламторға қол жеткізе алмай отыр. Олардың 25%-ы желіге 3 жылдан кейін ғана қосыла алады.
Елімізге карантиннің енгізілгеніне де сегіз айға жуықтады. Осы уақыт ішінде жылдамдығы жоғары ғаламторды Қазақтелеком бауырына басып алып, иемденіп, ал қостырғысы келгендерге мердігерлер арқылы сағат сайын ақшасын қымбаттатып отырғанын қалай түсінуге болады? Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бұрынғы басшысы Асқар Жұмағалиев «2022 жылы Қазақстандағы елді мекендер 100 пайыз интернет желісіне қосылады. Тағы бір жылдан кейін барлық өңірде 5G технологиясы енгізілмек» деп ертегісін айтып кеткен еді. Ал 2022 жылға дейін еліміздің оқушылары қалай білім алмақ? Коронавирустың елімізде әлі екі жылдай сайран салатынын Мемлекет басшысының өзі Жолдауында айтты. Ал бүкіл бала еліміздегі ғаламтор жылдамдығының төмендігінің нәтижесінде сауатсыз ұрпаққа айналуда. Ғаламтор қуалап тау-тастың үстінде сабақ оқып жүрген оқушылар өте көп. Елімізде 5G түгіл, жылдамдығы тым баяу, тіпті ұялы байланыс ұстамайтын ауылдар бар. Ал сәт сайын қымбаттаған ғаламтордың сұрауы кімнен?!
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ,
«Заң газеті»

ҚазҰУ-дың еліміздегі  білім мен ғылымды дамытудағы рөлі

   әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті -Қазақстандағы жетекші жоғары...

Қара шаңырақ ҚазҰУ-ға 90 жыл!

  Қазақ ұлттық университеті (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ)- Қазақстанның білім...

Народный трибун, ученый, наставник

Вот уже пять лет нет с нами нашего наставника...

Сапалы білім-қоғам дамуының негізі

Сапалы білім – бүгінгі күннің ең өзекті тақырыптарының бірі....

Ориентир для развития

В ежегодном Послании народу Казахстана Глава государства говорил о...