Судьялар қауымдастығының V съезінде Елбасы «Озық үлгідегі тәжірибе – қағаз түріндегі құжат айналымынан бас тартып, қазіргі заманғы сот процесінің базасына айналуы тиіс электронды технологияға көшу» деген болатын. Бас-аяғы он жылдың ішінде Елбасы айтқан озық тәжірибелер халық игілігіне қызмет көрсетуде. Ақпараттық озық технологиялар бүгінде әділ сот төрелігінің басты ерекшелігіне айналды. Олардың көмегімен азаматтар сот қызметіне жүгініп, өз істеріне қатысты шығарылған шешімнің орындалу мерзіміне дейінгі кез келген сатысын бақылай алады. Тіпті, құқықтары мен бостандықтарын сот табалдырығын аттамай-ақ қорғауға қол жеткізді. Сала жұмысына енгізілген мұндай жаңашылдықтар соттарды халықаралық стандарттарға жақындатып, жаңа белестерге бағыттады.
Сот төрелігі заман талабына барынша сай болуы керек десек, замануи технологияларды қолдану, жүйе жұмысын тиімді ұйымдастыру, судьялар кәсібилігін арттырудан кем маңызды рөл атқармайды. ІТ-технологиялар жұмысты әлдеқайда жылдам әрі сапалы атқаруға жол ашты. Халықтың сот төрелігіне деген қолжетімділігін арттырумен қатар, ашықтықты қамтамасыз етуде. Бастысы бюрократиялық кедергілердің алдын алуға септігін тигізуде. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кез келген саланы ашықтықпен қамтамасыз ету – жемқорлықты жоюдың басты факторы.
Мысалы, ҚР Жоғарғы Сотының «Төрелік» сервисі, судьялардың жұмысын тиімді ұйымдастырып, азаматтарға сот істерінде өз құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жеңілдетеді. Бұған қоса адам факторын, сондай-ақ, процессуалды емес байланыстарды бақылауға мүмкіндік береді. Мұның бәрі жаңа технологиялардың жетістігі. «Сот төрелігінің жеті түйіні», яғни, сот жүйесін дамытуда айқындалған жеті басым бағыттың бірі «SMART сот» жобасы шеңберінде «Виртуалды сот» пилоттық жобасы іске қосылды. Аты айтып тұрғандай, бұл бағытта автоматтандырылған электронды сот өндірісі қолға алынды. Сотқа талап арыздар мен өтініш-тілектер барлығы электронды түрде тапсырылады. Жоғарыда айтқанымыздай, денсаулық жағдайы немесе өзге де себептерге байланысты келе алмаған тараптар сот процесіне қашықтықтан қатыса алады. Бұл өз кезегінде азаматтар үшін қолайлылық тудырып отыр.
Бейне конференц байланыс арқылы тек Қазақстан емес, әлемнің кез келген түкпірінен сот залына тікелей қосылуға мүмкіндік береді. Мобильді қосымша арқылы сот залына қосылу – үлкен жетістік. Цифрландыру тұтастай алғанда соттардың ашықтығын, жариялылығын, мөлдірлігін көрсетуді мақсат тұтады. Онлайн процестер барлық жағынан әдеттегі сот отырыстарымен бірдей. Оған қатысушылар пікілері де бірдей тыңдалады. Онлайн процестер үлкен дайындықты қажет етеді. Мүмкіндігінше тыныштық болуы сот отырысының сапалы өтуіне оң әсерін тигізеді. Азаматтарға Zoom, Whatsapp, TrueConf сияқты платформаларды пайдалануға арналған әртүрлі онлайн нұсқаулықтармен алдын ала танысып алу артықтық етпейді.
Соңғы кездердегі карантиндік жағдайларға байланысты қазіргі күні сот процестері онлайн режимде өтуде. Ел халқы да онлайн процеске үйренді, ең бастысы, денсаулығына қауіп төндірмейді, уақыттан ұтып, қаржыларын үнемдейді. Сот істерін қашықтықтан қарау бүгінгі күні заманауи – жылдам, ашық әрі бәрі үшін қолжетімді сот төрелігінің басты ерекшелігіне айналды деуге толық негіз бар.
Галия Онланбекова,
Алматы қаласының
мамандандырылған ауданаралық
экономикалық сотының судьясы