Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлық көптеген мемлекеттерге ортақ мәселе болып отыр. Қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп отырған қауіпті кеселмен біздің еліміз де бетпе бет келіп отыр. Жемқорлыққа қатысты заңдар қатаңдатылып, әрбір саладағы жұмыс істеу механизмі цифрландырылып, барынша адам факторын араластырмауға, барлық салада ашықтық, жариялылық орнауына күш салынуда. Бірақ «жеті басты айдахардай» мемлекет жемқорлықпен күресті күшейткен сайын түрлі жолдармен, басқа салаларда қылаң беруде.
Негізі жемқорлықпен күресте халықтың оған деген теріс көзқарасы, қарсылығы маңызды. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс қозғаудың бір негізі азаматтардың арызы екенін ұмытпауымыз керек. Әрбір азамат өзінің конституциялық құқығын қорғауға міндетті. Осы орайда құқығы бұзылып жатса, заңды құқығына пара сұрау арқылы біреу қол сұғып жатса арыздану арқылы, қоғамдағы жемқорлықтың, парақорлықтың жолы кесілуіне өзі де мұрындық болса жемқорлық фактілері әлдеқайда азаяр еді. Қазіргі таңда қоғамымызға қауіп төндіріп, орасан кесел келтіретін осынау келеңсіз әлеуметтік құбылысқа қарсы шаралар қатаң қолға алынып жатыр. Дегенмен азаматтарымыз да ашық түрде қарсы тұрар болса жемқорлыққа қатысты жүргізіліп жатқан шаралар әлдеқайда нәтижелі болар еді. Мемлекеттік міндеттерді атқаратын, сондай-ақ соларға теңестірілген адамдардың лауазымдық өкілеттігін және соған байланысты мүмкіндіктерін пайдалана отырып, не мүліктік пайда алу үшін олардың өкілеттіктерін өзгеше пайдалану, жеке өзі немесе делдардан арқылы заңда көзделмеген мүліктік игіліктер мен артықшылықтарды заңсыз беру арқылы оларды сатып алу сыбайлас жемқорлық болып есептелінеді. Сондықтан «қолы ұзын» лауазым иелерінің ниетін дұрыс бағытта қолдануына қоғам болып атсалысуымыз керек. Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі парақорлық. Бірінші кезекте пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын түп-тамырын жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Яғни пара беру де, пара алу да пайдалы болмайтындай, үлкен қылмыс ретінде саналатындай жағдай, қоғамдық сана қалыптасуы қажет. Парақорлық мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет болып, билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіреді, заңдылық қағидаларын жоққа шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қысымшылық жасайды.
Әлемде сыбайлас жемқорлықпен күресу механизмінің барлық елдерге тиімді болатын бірегей жинағы жоқ. Әрбір мемлекет қолданатын сыбайлас жемқорлықпен күресу әдістерінің жиынтығы өзгеше, ол елдің саяси және экономикалық тұрақтылығына ғана емес, сонымен қатар әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлеріне, діни ерекшелігі мен құқықтық мәдениет деңгейіне және аумағы бойынша алатын жеріне, халқының саны мен орналасу тығыздығына да байланысты болып келеді. Осы тұрғыдан алғанда біздің еліміздің жемқорлықпен күрес тәсілінің өз елімізге лайықталып, бәрін ескере отырып жасалып отырғанын түсінуіміз керек.
Жалпы өркениетті дамытқысы келетін, ортасын құрметтейтін әр азамат мемлекеттің ішіндегі тәртіпті белгілі бір жүйеге келтіруге, ел ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүдделі болуы керек. Сондықтан жемқорлықпен қоғам болып күресіп, жемқорлықсыз қоғам құруға тырысу қажет!
Касимова Асылжан Медетқызы, Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотының жетекші маманы