Әлемдегі кез келген мемлекет өзінің алғашқы қадамын тәуелсіздігімен қатар Конституциясын қабылдаудан бастайды. Бұл сол мемлекетті құраушы ұлттың ғасырлардан жинақталған өзіне тән ұстанымының, заңдарының, жүрген жолдарының өзегінен шығып, келешегіне бағдар жасайтын басты белгі. Конституция – кез келген мемлекеттің басты құқықтық және саяси құжаты.
Ата Заңға сай, мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі мен құқықтары, бостандықтары. Сондықтан, Конститутция ел аумағынан тыс жерлерде жүрген азаматтарын қорғап, қамқорлық жасауға кепілдік береді. 1995 жылғы 30 тамыздағы Конституция әр биліктің құзыреті мен атқаратын қызметінің шегін анықтап берді. Мысалы, судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен Заңға ғана бағынады, сонымен қатар, Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек соттар жүргізеді.
Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Оларды тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды. 24-баптың 1-тармағында әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар. Еріксіз еңбекке соттың үкімі бойынша не төтенше немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі.
Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған, ел пікірі ескерілген негізгі заң осы – 1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы болды. Деректерге жүгінсек, Конституцияның жобасын талқылауға 3 миллион 345 мың адам атсалысқан. Қызу талқы нәтижесінде 1100 түзету енгізіліп, тоқсан сегіз баптың елу бесі елеулі өзгеріске ұшырады. Жаңа бөлімдер мен баптар пайда болды.
Бұл Конституция жайлы Елбасы: «Тарихымызда тұңғыш рет халықтың өзіне таңдау еркі берілді. Ол таңдаудың бір басында – өзгерген, өркениетке ұмтылған, азаттыққа иек артқан жолмен жүру тұрса, екінші жағында өткен шақ пен болашақтың ортасында баяғыдай айналсоқтап жүре беру болды. Халық біраузыдан жарқын болашаққа бастайтын жолды таңдады», – деді.
Конституция ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғай отырып, білім алуға, ерікті еңбек етуге, азаматтығымызды ашық білдіруге құқық береді. Сол үшін заңмен жүріп оны құрметтеу әр азаматтың парызы. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады. Соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды. Әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар.
Егемендік алғалы Конституция төрт рет 1998, 2007, 2011 және 2017 жылдары өзгертілді. Бұл заман талабы. Себебі, Конституция – мемлекеттің дамуымен қатар жүретін құқықтық құжат. Конституцияға жасалған өзгерістер елдің дамуын, алға жылжып келе жатқандығын көрсетеді. Бүгінге дейінгі табыстарымыздың барлығы осы Конституцияның арқасы. Өйткені, Конституция – барлық заңның атасы. Қандай мемлекетте болсын
әрбір адамның еркін, тең, азат, бақытты өмір сүруін қамтамасыз ететін, іс-әрекеттерін, құқықтарын айқындайтын, мүдделерін, меншіктерін қорғайтын көптеген заң қабылданады.
Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімінің негізі. Ол бойынша өмір сүру – демократияның ең жоғары мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз.
Гаухар Қасымбаева,
Медеу аудандық сотының судьясы
Алматы қаласы