12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

13 ШІЛДЕ – ҰЛТТЫҚ АЗА ТҰТУ КҮНІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың таралуына қатысты өзінің кезекті Үндеуін жолдап, әр азаматтың қазасы үшін қатты қайғыратынын жеткізді. «Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады» – деді Президент өз сөзінде. Шарықтап бара жатқан статистика әлемде коронавирусқа 12 миллионнан астам адамның шалдығып, 500 мыңнан астамы қайтыс болғанын көрсетіп отыр. Қайталана өршіп отырған індетке байланысты Қазақстан аумағында екі апталық карантин жарияланды. «Бұл аса қажетті шешім болды.

Жағдайдың тұрақталатыны сөзсіз. Оның алғашқы белгілері де бар. Сондықтан, алдағы екі апта біздің болашақ қадамдарымыз үшін шешуші кезең болмақ. Барлық азаматтарды тағы да карантин ережелерін қатаң сақтауға шақырамын. Індетпен күрестің нәтижелі болуы, ең алдымен, барша жұрттың саналы әрекеті мен жауапкершілігіне байланысты. Бұл – өте қауіпті, батпандап кіріп, мысқалдап шығатын дерт. Коронавирустың таралуына байланысты денсаулық сақтау жүйесіне көп ауыртпалық түсуде.
Ашығын айту керек, денсаулық сақтау жүйесі індетке тойтарыс беруге дайын болған жоқ. Осы мәселе бойынша біз тергеу жүргіземіз және бұл жағдайдан сабақ аламыз. Әкімдердің жіберген қателіктеріне тиісті баға береміз. Дегенмен, мемлекет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылдануда. Қабылданған шаралар мен медицина қызметкерлерінің ерлігінің арқасында емделіп шығып жатқан азаматтардың саны едәуір көбейді. Көптеген елдердегі жағдай бізден де қиын. Дегенмен, «Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын» – деді Қасым-­Жомарт Тоқаев. Президент сондай-ақ, бұл ұлы күрестің одан әрі де жалғасатынын, адамзаттың оны жақын арада жеңе қоймаса да, кез келген азаматтың уайым мен қайғыға батып, түрлі қауесеттерге сеніп еңсесін түсіруге болмайтынын айтты. Мемлекет басшысы отандастарын салмақты, сабырлы болуға шақырды. «Біздің жұмысымыз – айқын, қоғам алдында ешнәрсені жасырмай, ашық айтамыз. Болашақта да солай болады. Бүкіл күш-жігерімізді жинап, індетпен күресе беруіміз керек.
Осындай күрделі жағдай кезінде ел арасында көптеген жалған әңгімелер тарауда. Теріс ақпарат таратып жүрген арам пиғылды адамдардың әрекеттері орын алуда. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар жалған ақпаратқа сенетін болды» – деді президент өз Үндеуінде. Тоқаев дәрігерлерге қатысты да біраз мәселені төтесінен қойды. «Дәрігерлеріміз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтарға нақты, бірізді мәлімет беруі керек. Дертті емдеудің неше түрлі жолдарын көрсетіп, адамдардың денсаулығына қауіп төндіруге болмайды. Бұндай әрекеттерге тосқауыл қою керек. Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес,
жалған ақпарат таратқан адам жауапқа тартылады. Құқық қорғау органдары ел ішіндегі осындай жөнсіздікке қатысты қатаң шаралар қолданатын болады. Сол сияқты, дәрі-дәрмектің бағасын бірнеше есе өсіріп, қалыптасқан жағдайды өз мақсатына пайдаланғысы келген алыпсатарларды да құқық қорғау органдары менің тапсырмама сәйкес жауапқа тарта бастады. Қазір мемлекеттік органдар елді мекендерді қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етуде. Осыған орай, тиісті қор жасақталған. Төсек орындары да, медициналық қызмет көрсету ісі де толығымен қамтамасыз етіледі» – деді. Өз үндеуінің соңында Президент қазақстандықтарға сенетінін, қазақ халқының талай зобалаң мен сынақты бастан өткерген, тарихтың талай дауылына бой бермеген халық екенін, бұл нәубетті де бірлесе жүріп жеңетінін айтты.. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымдаса білсек, бұл сыннан да өтерміз. «Денсаулық – зор байлық» деген халқымыздың дана сөзінің қадірін білейік. Әр азаматтың амандығы үшін күресейік! Баршаңызға мықты денсаулық, мызғымас береке-бірлік тілеймін!» – деп сөзін қорытындылады Қ.Тоқаев.
Ж. ЖОМАРТҚЫЗЫ

Президент Тоқаев қалалық сенбілікке қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған жалпықалалық сенбілікке қатысып, елордадағы "Ұлытау" аллеясында ағаш отырғызды.

Шығыс Қазақстан облысында жер сілкінді

Жерасты дүмпулерін сейсмикалық станциялар желісі 27 сәуірде Астана уақыты бойынша 07:44-те тіркеді.

Қазақстанда балалар қанша жасқа дейін пойыздарда тегін жүре алады?

Жақында жазғы демалыс басталады, жол жүретін қазақстандықтар көбейеді. Балалар қай жасқа дейін пойыздарда тегін жүре алады?

Синоптиктер бірнеше қала тұрғындарына ескерту жасады

Қазгидромет Алматы, Астана және тағы бір қала тұрғындарын қолайсыз метеорологиялық жағдай туралы ескертті.

Абай облысында тағы орман өртеніп жатыр

Бородулиха ауданындағы "Семей Орманы" МОТР филиалының аумағында орман жамылғысы аумағында өрт шыққан. Филиалдың мәліметтері бойынша, бұл аймақ батпақты жетуі қиын жерде орналасқан.