Цифрлық технология дамыған заманда құжат айналымының, ақпарат алмасудың онлайн жүйесі қай салада болмасын өзінің ыңғайлылығымен, дербестігімен айқындалды. Әсіресе елімізде жарияланған карантин кезінде барлық сала цифрлық технологияның игілігін сезінді. Электронды үкімет порталы да цифрлы жүйенің арқасында мемлекеттің халықпен қарым-қатынас жұмысының сапасының артуына ықпал етіп, тиімді, ашық әрі, азаматтарға қолжетімді бола түсті. Қазіргі кезде біз анықтаманың бәрін электронды жүйе арқылы аламыз. Бұның барлығы мемлекеттік басқарудың біртіндеп цифрлық теxнологияларға ауысып жатқанын көрсетеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын саланы цифрландыруға бет бұрған сот саласында да осындай өзгерістерден соң сот істерін жүргізу жұмыстары жеңілдеп, саланың дамуына ықпал етті.
Электрондық озық технологиялардың қолданылуы судьялар мен сот мәжілісі хатшыларының жүктемесінің жеңілдеуіне, сот отырысының хаттамасындағы ескертулерді азайтуға, сот ісін жүргізу рәсімін жеңілдетуге ықпалын тигізіп, халықтың сотқа қолжетімділігі мен сенімін арттырады. Заманауи ақпараттық технологияны сот жүйесіне енгізу және оны одан әрі жетілдіру сөзсіз сот билігінің беделін жоғарылатуда, халық сенімін арттыруға септігін тигізуде. Бүгінгі таңда сот залындағы аудио-бейне жазба құрылғылары «Төрелік» жүйесімен интеграцияланып, жүз пайыздық деңгейде жабдықталып жатқанын атап өткен жөн. Осынау ерекшелік сот ісінің жариялылығы мен ашықтығына, әр азаматтың әділдікке еркін қол жеткізуіне оң әсерін тигізіп отыр.
Тәуелсіз жылдар ішінде сот жүйесінің тұрақты іргетасы қаланып, сот төрелігін іске асыру сапасының жақсарып, халықтың сотқа деген сенімі артып келеді. Электронды озық технологияларды қолдану сот қызметкерлерінің ғана емес, сотқа жүгінетін адамдардың да уақытын үнемдеуде. Сот саласын қағазбастылықтан арылтып, азаматтардың уақыты мен қаржысын үнемдеуге, әрі сот жүйесінің анағұрлым ашықтығы мен қолжетімділігіне мейлінше қол жеткізуге ықпал етті. Қауіпті инфекция таралымының алдын алу кезінде де сот ісінің тиімді жүруіне өзінің оң әсерін тигізді. Жүйе сот процесінің ашықтығын көрсетіп, сотқа қатысушы тараптарды тәртіпке шақырды, сондай-ақ бүгінде судьялар атына және сот отырысының хаттамасына келтірілетін шағымдар саны анағұрлым азайды.Тәжірибе көрсеткендей, инновациялық технологияларды қолдану соттар жұмысының тиімділігін арттырды. Соттар ашық әрі қолжетімді бола түсті. Яғни, заманауи технологиялардың сот саласында қолданылуы сот ісін жүргізуді жеңілдетті, бюрократтық кедергілерді жойып, сот жүйесі қызметкерлерінің азаматтармен тікелей қарым-қатынастарын азайтты, ол сыбайлас жемқорлықпен ұштасатын сұрақтардың туындамауына септігін тигізді. Осылайша бүгінгі күні заманауи технологиялардың көмегімен сапалы да, қауіпсіз қызметке қол жетіп отыр.
Рахметов Тұрсынбек, Алматы қаласы Бостандық аудандық №2 сотының жетекші маманы