ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ НАЗАРЫНА!
2019 ЖЫЛДЫҢ 24 ЖЕЛТОҚСАНЫ КҮНІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МАҚТААРАЛ АУДАНЫ БІРЛІК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНЕ ҚАРАСТЫ АЛҒАБАС ЕЛДІМЕКЕНІ МАҢЫНДА ЖОЛ-КӨЛІК АПАТЫ БОЛЫП, КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАН БОЗБАЛА ОҚИҒА ОРНЫНДА КӨЗ ЖҰМДЫ. МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ К.ОРЫНБАСАРОВ: «ХАБАР АЛЫСЫМЕН ОЛ ЖЕРГЕ 15-20 МИНУТТЫҢ ІШІНДЕ ЖЕТТІК. БІЗ КЕЛГЕНДЕ ҰЛЫМНЫҢ ДЕНЕСІ ӘЛІ СУЫП ҮЛГЕРМЕПТІ» – ДЕЙДІ.
– Жол шетінде жатқан мәйіттің басынан 15 см қашықтықта көлік дөңгелегінің ізі анық көрініп тұрды. Қаққан соң біршама жерге сүйретіліп барғанын жолға жұққан бас терісінің ізінен де байқауға болады. Алайда ол кезде бұған мән беретін жағдай болған жоқ. Қасымдағы адамдар бірден үйге әкелді. Содан қайғымызды естіп, көңіл айтуға келген адамдарға қарайлап, марқұмның қырқын өткізгенше ешқайда шыға алмадық. Бірақ, Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігімен іс тіркеліп, куәгерлер көрсетуімен күдікті КАМАЗ жүргізушісінің қашып бара жатқан жерінен ұсталғанын естідім. Содан болар, полицияның мән-жайды анықтайтынына күмән болмады. Алланың әміріне кімнің қандай амалы бар дейсің, ешкім әдейі адам өлтірмейді. Көлік апатын жасап, артынан оқиға орнынан қашып кеткен күдікті кешірім сұраса, түсіністік танытарымыз анық. Біреуді түрмеге қаматқаннан
балам тіріліп келмейді. Бірақ, бәрі біз ойлағандай болмады. Күдікті тарап қана емес, істі тергеп-тексерумен айналысып жүрген аудандық ішкі істер басқармасының анықтаушысы мен оған жетекшілік жасайтын басшыларының қылмыстық оқиғаны мүлде басқа арнаға бұруға жасаған әрекеті бізді ойландыра бастады, – дейді ашынған әке. Оның айтуынша, оқиға орнына бұрын жеткен прокуратура қызметкерлері аудандық полиция басшыларының жайбасарлығына қайран қалған. Өздерінің кешіккен себебін жиналыс өткізгендерімен ақтап алуға тырысқан ауданның бас полицейі мен оның қызметкерлері қылмысты ізін суытпай
ашуға аса құлықты болмаған сияқты. Тіпті апаттық жағдайдан 1,5 айдан соң арнайы Түркістанға барып, облыстық полиция департаменті бастығының қабылдауында болған кезінде К.Орынбасаровқа аймақтың бас тәртіп сақшысы мен оның орынбасары «балаңыз аттан құлап өлген екен ғой. Не үшін қуынып жүрсіз?» деген. Куәлардың барын, баланың өз ажалымен емес, жол-көлік апатынан қайтыс болғанын айтқан соң ғана олар бұл жағдайдан өздерінің хабарсыз болғанын мойындап, істің тергеу процесін жүргізетін жаңа анықтаушы тағайындаған. Осыған қарамастан, тергеп-тексеру амалдарының жарты жылдан астам уақытқа созылып кеткені жәбірленушінің заңды өкілі ретінде К.Орынбасаровты алаңдата бастады. Өйткені, 6 мамырда Түркістан қаласы мамандандырылған тергеу сотының судьясы А.Лебаев ашық сот отырысында күдікті
Н.Ю.-ға қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасын санкциялау туралы облыстық полиция
департаменті анықтау басқармасының аға анықтаушысы М.Амантайдың өтінішхатын қарайды. Сот онда 5 мамырда ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-131-баптарына сәйкес ұсталған күдіктіні күзетпен ұстау бұлтартпау шарасына 5 шілдеге дейін 2 ай мерзімге санкция беруге қаулы етеді. Одан кейін күдіктінің адвокаты Т.Жолдасовтың жеке шағымы бойынша Түркістан облыстық сотының судьясы А.Тоқсанбаевтың төрағалығымен жабық сот отырысы өтіп, шағым қанағаттандырусыз қалдырылады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру орны күдіктінің 2019 жылғы 24 желтоқсанда Алғабас елдімекені арқылы өтетін «Ташкент-Термез» тас жолымен Алғабас елдімекені бағытына қарай жүріп келе жатып жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзып, Арай елдімекені бағытына бара жатқан Б.Айтанды соғып, оқиға болған жерден кетіп қалды деп күдіктенген. Дегенмен күдіктінің істі мойындамауы және көрден қайта қазып алынған мәйітке жаңадан тағайындалған сот-медициналық сараптама қорытындысының әлі жарияланбауы мен «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы мерзімі аяқталған соң күдіктіні қайта қамау қиындауы мүмкін екенін ескере отырып, жәбірленушінің өкілі
біздің редакциямызға арыз түсірген болатын. Іссапар барысында біз бұл арыздың негізсіз еместігін аңғардық.
Біріншіден, жәбіренуші өкілін ешкім іспен таныстырмаған. Қылмыстық-процестік кодекстің 71-бабының
4-бөлігі бойынша жәбiрленушiге қылмыстық процесте азаматтық талап қою құқығы түсіндіріледі. 6-бөлігі бойынша жәбірленушінің: келтірілген күдік пен тағылған айыптау туралы білуге(1); дәлелдемелерді ұсынуға (3); өтінішхаттар мен қарсылық білдірулерді мәлімдеуге (4); өзінің қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен танысуға және оларға ескертулер беруге (9); сот отырысының хаттамасымен танысуға және хаттамаға ескертулер беруге (17); қылмыстық процесті жүргізетін органның әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым келтіруге (18) құқылы. 199-баптың 1-бөлігі бойынша тергеу әрекетінің хаттамасы тергеу әрекетiн жүргiзу барысында немесе ол аяқталған бойда жасалады. Ал, 6-бөлігі бойынша хаттама танысу үшiн тергеу әрекетін жүргiзуге қатысқан барлық адамдарға ұсынылады. Оларға хаттамаға енгiзiлуге жататын ескертулер жасау құқығы түсiндiрiледi. Екінші, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде алғашқы анықтаушы мен сот-медициналық сарапшы тарапынан жіберілген қателіктер бар. Мәселен, анықтаушы қылмысты бірден ашуға септігі тиетін бірқатар дәлелдемелерді назардан тыс қалдырған және өз басшыларына кәмелеттік жасқа толмаған бала өліміне қатысты мәліметті дұрыс бермеген. Атап айтқанда, күдіктінің жол-көлік апатын жасаған соң зардап шегушінің жағдайын көріп тұрып медициналық көмек шақырмауы, белгісіз адаммен телефон арқылы сөйлескені және дәлелдерді жоюға тырысып, оқиға орнынан қашуы. Сол сияқты оның бұл әрекетін карьерден одан кейін шыққан екі КАМАЗ жүргізушісінің де білгені, олардың тиелген топырақты төгетін жерге күдіктіден бұрын жетіп, ол келген соң жарты сағаттай оңаша шүйіркелескені. Сондай-ақ, жұмыс күні аяқталмағанына қарамастан, күдіктінің қайта карьерге бармай, ішкі жолмен Мырзакентке кетіп бара жатқан кезде өзге полиция қызметкері тарапынан тоқтатылып, кері қайтарылғанын алғашқы анықтаушы өз өкілдігінде толық пайдаланбаған. Бұдан бөлек алғашқы сот-медициналық сараптаманы жасаған маман өз қорытындысында марқұмның денесіндегі жол-көлік апатынан кейінгі бірқатар жарақат пен сынықты назардан тыс қалдырғаны мәйітті көрден қайта қазып алған кезде дәлелденген. Яғни сарапшы белгілі себептермен өз міндетін толық орындамаған. Мұның бәрі енді қайта тағайындалған сот-медициналық сараптама қорытындысында көрініс табады деп үміттенеміз. Сотқа
дейінгі бұл тергеп-тексеру жұмысы осы сараптамаға тіреліп тұрғанын облыстық соттың судьясы, БАҚ-пен
үйлестіруші Б. Байдуллаев та растап отыр. Сондықтан, жақын арада істің сотқа жолданып, кінәлілер толық өз
жазасын алатынына біз де сенеміз және істі өз бақылауымызға ұстаймыз.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»