– «Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін тіл білуді міндеттеу керек» деген пікірді жиі естиміз. Сонда мәселені міндеттемей, заң шығармай шешуге болмай ма?
– Бұл көп талқыланып жүрген тақырып. Бәріміз сын айтамыз. Заң шығару керек дейміз, Ата Заңдағы жетінші баптың екінші бөлігі қабылданар кезде де көп дау туғызғанын жақсы білеміз. Бүгінгі күнде де осы екінші бөлігін алып тастау керек деген пікір жиі көтерілуде..
Заң қоғамдағы белгілі бір қатынастарды реттеу үшін қабылданады. Ал біз, бүгінгі тіл аясындағы заңдарды толыққанды пайдаланып жатқан жоқпыз. Нақтырақ айтатын болсақ, Ата Заңымыздың 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Ендеше мемлекеттік дәреже алған қазақ тілі басқа тілдерден оқ бойы, тым болмаса бір сүйем алда тұруы керек емес пе?! Қазақтың жалпақ сөзімен айтқанда, бір отар қойды бастап жүрген серкедей алдында болу керек. «ҚР Тіл туралы» заңының 4-бабы, Азаматтық процестік кодекстің 14-бабы, Қылмыстық процестік кодекстің 30-бабы осы қағидаларды сақтайды. Олай болса, кез келген деңгейдегі үлкенді-кішілі жиын мемлекеттік тілде өткізіліп, басқа ұлт өкілдерінің құқықтарын бұзбау үшін мемлекеттік тілді білмейтіндерге аудармашының көмегі көрсетілгені жөн. Бұл нағыз әділеттілік болар еді. Өйткені, мемлекеттік тіл біреу ғана, ол – қазақ тілі. Өкінішке орай, егемендік алған алғашқы күндерден бері қоғамда орыс тілі мемлекеттік тілдің рөлін атқаруда. Бұл, әрине, әділетсіздік!
Жоғарыда айтылған «ҚР Тiл туралы» заңының 4-бабына жүгінетін болсақ, онда: «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы. Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға; Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға; қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi» дейді.
Яғни, мемлекеттің бар саласы мемлекеттік тілде сөйлеуі және жазуы керек. Бүгінгі күні осы заң талаптары қоғамда неге орындалмайды, орындалмауын неге сұрамаймыз?! Азаматтардан өздерінің парызын, басшылардан міндетін орындауды қатаң талап ететін болсақ, бәрі өз қалпына келер еді. Бір сөзбен айтқанда, жоғарыдағы заң талаптарын лауазымына, шен-шекпеніне қарамастан, әрбір Қазақстан азаматы орындайтын болса, тіліміздің көсегесі бір-ақ күнде көгерер еді.
Кеңес Одағы кезінде орыс тілін білмеген азамат қарға адым жасай алмайтын еді. Өйткені, жоғары оқу орнына түсетін үміткер міндетті түрде орыс тілінен емтихан тапсыратын, тапсыра алмаған абитуриенттің оқуға түсу үміті үзілетін.
Бүгінгі күні демократиясы дамыған кез келген алдыңғы қатарлы елдерде сол елдің тілін білмеген азамат жоғарғы оқу орнында оқып, сол елдің мемлекеттік қызметінде жұмыс атқара алмайды. Ендеше, «жаңа велосипедті ойлап таппай-ақ» осы бесенеден белгілі үрдісті неге қабылдамаймыз? Бұған не кедергі? Мемлекеттік тілді білмейтін азаматтардың арты құз, алды биік шың, болашағы бұлыңғыр болуы керек. Сонда ғана әрбір ата-ана баласын мемлекеттік тілдегі балабақша мен мектепке беріп, мемлекеттік тілді үйретуге мәжбүр болады. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік тілді білудің қажеттілігін тудырмай, тілдің мәртебесі өз деңгейіне көтерілмейді.
Қонақжай, дархан қазақ халқы өткен ғасырларда түрлі себептермен келген көптеген ұлт өкілін құшақ жая қарсы алып, бүтінін бөліп, жартысын жарып беріп, төріне шығарды. Еліміздің егемендік алғанына да 30 жыл толады. Осы уақытта тіліміздің егемендікке жетпеуі өкінішті-ақ. Сондықтан, еліміздің әрбір азаматы тілдің мәртебесін көтеру үшін сөзден нақты іске көшіп, бір-бір кірпіш болып қаланатын кез келді. Сол себепті, Ақмола облыстық соты мемлекеттік тілдің сот саласындағы қолданыс аясын кеңейту мақсатында бірқатар іс-шара атқаруда.
Сот саласында сот ісін жүргізу тілінің тәртібі Азаматтық процестік кодекстің 14-бабында, Қылмыстық-процестік кодекстің 30-бабында нақты көрсетілген. Алайда, құқық қорғау органдары мен сот ісін жүргізуде судьялар тарапынан осы екі заң талабы да толыққанды орындалмауда: тергеу органдарымен алғашқы тергеу кезінде жіберілген кемшіліктер соттар тарапынан ешбір сын ескертпесіз, түзетусіз қалуда. Мәселен, Қылмыстық-процестік кодекстің 30-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында қылмыстық сот iсiн жүргiзу қазақ тілінде жүргiзiледi, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал, қажет болған кезде басқа тiлдер де қолданылады делінген. Қылмыстық процесті жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе басқа тілдерде жүргізу қажет болған кезде сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулы шығарады. Бұл кез келген қылмыстық іс әу бастан тек мемлекеттік тілде жүргізілуі керектігін, өкінішке орай, көп жағдайда тергеу органдары қылмыстық іс жүргізу тілін орыс немесе басқа да тілге уәжді қаулы шығармай тұрып, орыс тілінде жүргізіп, жоғарыда көрсетілген заң нормаларын бұзуда. Сонымен қатар, күдіктіге, айыпталушыға оның сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу туралы құқығын жан-жақты түсіндірмейді. Сол себептен қылмыстық істерді қарауда мемлекеттік тілдің қолданыс аясы көтерілмей отыр.
Көптеген жағдайларда тергеу амалдарын жүргізуші тұлға мемлекеттік тілді өзі жетік білмегендіктен, не болмаса бірлі-жарым іске қатысушы азаматтар мемлекеттік тілді білмегендіктен аудармашы қатыстырып іс жүргізуге қиналып, өздеріне тәуелді айыпталушылардан «істің орысша жүргізілуін қалаймын», «орыс тілін жетік білемін» деген арыз алады да, істі орыс тілінде жүргізеді. Күдіктінің қай тілді жетік білетіні сұралмайды. Ал, ҚР ҚІЖК 320-322-баптарының талаптарына сай қылмыстық істер бойынша сотталушылар қазақ ұлтының тұлғалары болған кезде, судьялар істі қабылдап алу барысында жоғарыда айтылған мәселелерді жан-жақты анықтап, принциптік баға беруі керек.
Егер соттың істі қабылдап алу сатысында айыпталушының тергеу амалдары жүргізілген орыс тілін жетік білмейтіні, істі мемлекеттік тілде жүргізу керектігін тергеу органдары толық түсіндірмей, айыпталушыдан орыс тілін білетіндігін және оған байланысты тергеу амалдарын орыс тілінде жүргізгенге қарсы емеспін деген бір жапырақ қағаздың негізінде іс жүргізу тілін мемлекеттік тілден уәжсіз себептермен басқа тілге ауыстырған жағдайда, тергеу амалдарының барлығын жарамсыз деп танып, істі прокурорға қайтарған дұрыс деп есептеймін. Өйткені, бұл мәселеде осындай түбегейлі шешімге келмесек, тергеу органдары мемлекеттік тілге жақын арада бет бұра қоймайды.
Ал, айыпталушы тергеу амалдарды жүргізген орыс тілді жетік біліп, алайда тергеуші іс жүргізу тілін ешбір уәжсіз заңсыз орыс тіліне аударған жағдайда, істің сотта қарау тілін қайтадан қазақ тіліне аударып, тергеушінің заң бұзушылығына жеке қаулы шығарумен шектеуі жеткілікті деп ойлаймын. Осындай заң бұзушылықтардың салдарынан көптеген істер заңсыз орыс тілінде қаралуда.
– Ақмола облысындағы жағдай қалай?
– Ақмола өңіріндегі халықтың 51% қазақ ұлты бола тұра, облыс соттарымен мемлекеттік тілде қаралып жатқан барлық істер мен материалдардың пайыздық көрсеткіші 2016 жылы – 1,5%, 2017 жылы – 3,3%, 2018 жылы – 3,8% 2019 жылы – 5 %, 2020 жылдың 5 айында – 7,1% ғана болған. Бүгінгі күні Ақмола облысының соттары Елбасының мемлекеттік тіл мәселесі бойынша қойылған талаптарын іске асыру мақсатында мемлекеттік тілді дамыту саясатын, оның қолдану аясын кеңейте отырып насихаттауға бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде өткізуде. Құқық қорғау, мемлекеттік органдар мен өзін-өзі басқару салаларының, жергілікті бұқаралық-ақпарат таратушы мекеме басшыларының, өкілдерінің қатысуларымен дөңгелек үстел, семинарлар өткізілуінің арқасында мемлекеттік тілде қаралып жатқан істердің үлесі өсуде, бірақ бұл көрсеткіш, әрине, көңіл көншітпейді.
Ал, Азаматтық-процестік кодекстің 14-бабының 1,2-бөліктерінің талабына сәйкес азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүргізіледі. Ақмола облысы соттарымен барлық мемлекеттік тілде қаралған азаматтық істер: 2016 жылы – 0,8%; 2017 жылы – 2,7%; 2018 жылы – 3,0%, 2019 жылы – 3,5%, 2020 жылдың 5 айында – 7,4 % пайызды құрап отыр.
Азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады. Өкінішке орай, жоғарыдағы статистикалық деректер көрсетіп отырғандай, бүгінгі күні судьялармен істерді зерделеу барысында мемлекеттік тілге тиісті дәрежеде мән берілмегендіктен, қазақ ұлты азаматтарына талап-арыздарды мемлекеттік тілде беру құқығы және іс жүргізу тілін мемлекеттік тілге ауыстыру мүмкін екендігі жөнінде түсіндірмегендіктен көп жағдайда істер орыс тілінде қаралуда. Егер соттар осы мәселені өз деңгейінде қолға алса, азаматтық істерді мемлекеттік тілде қарау үлесі едәуір артар еді.
Сондықтан, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап судьяларға сот істерін зерделеу және сот талқылауына дайындауды міндетті түрде дыбыс-бейне жазба арқылы жүргізу тапсырылды. Ақмола облысы соттарында жалпы іс жүргізу тілі мемлекеттік тілге ауыстырылған істердің пайыздық көрсеткіші: (2017 жылы – 140 (0,2%), (2018 жылы – 273 (0,5%), (2019 жылы 1002 іс (0,9%), 2020 жылдың 5 айы қорытындысы бойынша 249 істі (1,1%).
Мемлекеттік органдар мен мекемелер, басқа ұйымдар мен кәсіпорындар сотқа жүгінгенде талап-арыздарды мемлекеттік тілде емес, басқа «шет тілінде» беріп, жоғарыда аталған заң талаптарын неге өрескел бұзуда?! Бұл заңбұзушылықты қадағалау қандай мемлекеттік органның құзырында?! Статистикалық деректерге сәйкес 2018 жылы облыс соттарына мемлекеттік мекемелерден барлығы – 4 731 талап-арыз түскен, соның ішінде мемлекеттік тілде 2 228 (47,1%) түссе, 2019 жылы барлығы – 3892 талап-арыз түсіп, соның ішінде мемлекеттік тілдегісі 885 (22,7%); 2020 жылдың 5 айында барлығы 1 231 іс түссе оның 293-і ғана мемлекеттік тілде (23,8%). Осы орайда, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және нақты шаралар қабылдау үшін облыстың әкіміне, мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарының басшыларына 2017 жылы 21 хат; 2018 жылы 10 хат, 2019 жылы 41 хат, 2020 жылдың 5 айында 12 хат жолданды. Сондай-ақ, азаматтық іс бойынша көмек жасайтын адвокат, заңгерлер де түрлі сылтаумен қазақ тілін айналып өтіп, талап-арыздарды өздеріне қолайлы орыс тілінде дайындайды. Осының салдарынан халықтың сот процесі кезінде орыс тілінде ойын жеткізе алмай, қиналып жатқаны туралы да фактілер аз емес. Кейде бұл мән бермеушілік адам тағдырына әсер етіп, орны толмас өкінішті жағдайға да апарып жатыр.
Қасиетті қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, оны дамыту әр қазақстандықтың парызы, әрбір мекеме басшылары өз тарапынан, басқаруындағы қызметкерлерден іс-құжаттарының мемлекеттік тілде жүргізуін талап етіп отырса, мекеме қызметкерлерінің де қазақ тіліне деген жанашырлығын оятып, қазақ тілінің мәртебесін өркендетуге болады деп есептеймін. Себебі, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қастерлеп, үйрену – Қазақстанның барша азаматының парызы. Осы ретте, әрбір мемлекеттік мекеме басшылары, құзырына сәйкес талап арыздарды және басқа да іс қағаздарды сотқа тек қана мемлекеттік тілде жолдануына ықпал етсе, мемлекеттік тілдің дамуына қосқан зор үлес.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін сөзден нақты іске көшер уақыт келді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының халыққа Жолдауында айтқанындай, қазақ тілі ұлтаралық қатынас тілі болуы керек. Мемлекеттік тілдің мәртебесі тек тілдерге, оның ішінде мемлекеттік тілге арналған үлкенді-кішілі жиындарда ғана айтылып қоймауы керек. Ендеше қасиетті тіліміздің, Ата Заңымыз айқындап берген мәртебесін асқақтату – Қазақстанның әрбір азаматының патриоттық парызы. Осы парызымыз мойнымызда қарыз болып қалмау үшін перзенттік борышымызды адал атқарайық!
Әрбір Қазақстан азаматына Отанды қорғау да парыз! Осы күннің өзінде әскерден бой тасалағандарды заң алдындағы парызын орындаудан бас тартқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартамыз. Дұрыс! Тілді білу де парыз ғой. Ел қауіпсіздігіне тікелей байланысты мәселеге келгенде, парызды орындамағандарға көз жұма қарайтынымыз қалай? Мәселе осында. Сондықтан да Ақмола облыстық соты бүгінгі күні мемлекеттік мекеме басшылары сотқа талап арызды шет тілде бергенде немесе іс-қағаздары толыққанды мемлекеттік тілде өтпеген жағдайда жекеше қаулылар шығарудамыз. Бұл мәселеде Ақмола облысы прокуратурасы осы пікірімізбен келісіп, іс-қағаздары әлі мемлекеттік тілге өтпеген мемлекеттік мекемелерге «Прокуратура туралы» заңның 23, 27-баптарын басшылыққа ала отырып, ұсыну енгізуде. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында, осындай талап қойған дұрыс деп есептейміз. Өйткені, әрбір заң талаптарының орындалуы міндетті және ол үшін сұраныс болуы шарт. Сондықтан, еліміздегі әрбір азамат құр сын айтумен шектелмей тіл мәселесіндегі парызын, ал, әрбір мемлекеттік мекеме басшысы міндетін орындап, құзыретті органдар (прокуратура, сот т.б.) заң талаптарының орындалуын қатаң қадағаласа көптен күткен сең қозғалар еді.
Елбасы мен мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында мемлекеттік тіл мәселесінің ескерілмей қалған кезі жоқ. Жоғарғы Сот төрағасы да мемлекеттік тілде қаралатын істердің санын көбейту керегін үнемі айтып келеді, тек орындаушылар істі ақсатып отырмыз. Өз әріптестеріме айтарым, мемлекеттік тілдің дамуына сот саласы қауқарсыз, өйткені, азаматтық істер бойынша сот қарау тілін талапкер, ал, қылмыстық істер бойынша тергеу органы анықтайды, деген пікірден арылып, жоғарыда айтылған заңдардың үстемдік құруын қамтамасыз етуге белсенділік танытуға шақырамын.
– Заңдық тетіктерін нақтылау керек шығар?
– Әрине, Ата Заңымыздың 7-бабының 2-бөлігін алып тастау керек. Алайда, дәл бүгінгі күні мұнымен мемлекеттік тіл мәселесі шешілмейді. Басқа ұлт өкілін былай қойғанда, өз қандастарымыз өкінішке орай көбі ана тілін білмейді. Заң талабын өзгерткен күннің ертеңіне осы азаматтар қазақша сайрап кетуі неғайбыл. Бүгінгі күні қоғамда мемлекеттік тілдің қажеттілігін туындатпай ештеңе өзгермейді. Мысалы, Кеңес Одағы тарағанда неміс ұлтының азаматтары өз елдеріне кетті. Көбі тіл білген жоқ. Бірақ, мүмкіндікті пайдаланып Отанына оралғысы келді. Барды, екі айдан кейін нан сұрап жеуге шамасы келді. Көпшілігі бір-екі жылдан кейін тіпті мамандығы бойынша білімін дәлелдеді. Қажеттілік болғандықтан сол қоғамда тілді қысқа уақытта сапалы меңгеріп шықты. Өкінішке орай, біздің қоғамда қазақ тілін білу қажеттілігін тудыра алмай отырмыз. Қайда барсаң, орысша сөйлейді. Сонымен қатар, мендегі бар мәліметке сәйкес, біздің өңірге бюджет есебінен 2015–2020 жылдар аралығында мемлекеттік тілді үйретіп, тіл қолданысын дамытуға 400 млн теңгеден астам қаражат бөлініпті. Оңай қаржы емес! Бірақ, соның өзі тілді білуге бетбұрыс жасата алмай отыр. Сол қаржыны қайда жұмсадық? Нәтижесі қайда? Жоқ болса, тағы да неге? Статистика бойынша республика халқының 70 пайызы қазақ ұлтының азаматтары бола тұра, қаралып жатқан сот істерінің тек 11 пайызы ғана қазақ тілінде. Сондықтан, қолданыстағы заңдарды басшылыққа ала отырып, сот ісін тек мемлекеттік тілде жүргізу керек. Орыс бола ма, неміс бола ма, дауын тек қазақ тілінде қарауды жолға қояйық. Олардың өзін қорғау құқығы бұзылмас үшін аудармашы берілсін. Әрине, істі қарау уақыты ұзаққа созылуы мүмкін. Бірақ, аудармашы арқылы тілдесудің қиындығын көріп, машақатын сезінген соң сотқа қатысушылар мемлекеттік тілді үйренуге тырысар еді. Қажеттілік деген осы деп түсінемін. Бұл жерде басқа ұлт өкілдерінің құқығын бұзайын деген тарыдай да ниет жоқ! Ниет біреу ғана, сіз бен біздің ана тілімізді, егеменді еліміздің мемлекеттік тілін Ата Заңымыз айшықтап берген тұғырына қондыру. Бізден басқа кез келген елде осы принцип қатаң сақталуда. Ал, бізде неге?!
– Расында, мемлекеттік тілді қажетсінбей отырған ел біз ғана…
– Өзге тілге басымдық беріп отырған бірде бір мемлекетті естімеппін. Өзінің тілінде заң шығармайтын, өзінің тілінде билік айтпайтын, дауын өз тілінде қарай алмайтын мемлекет бар ма басқа, айтыңызшы? Жоқ! Басқа елдерде мемлекеттік тілді білмеу деген түсінік болмайды. Олар тіл үйренбесе аштан өлетінін түсінеді. Бізде де сондай сана қалыптастыру маңызды. Ол үшін балабақшадан бастап мемлекеттік тілді үйрету керек. Ең бастысы мемлекеттік мекемеде қызмет етемін дегендерге мемлекеттік тілді білуді міндеттеу қажет. Мемлекеттің тілін білмейтін адам мемлекеттік қызметте қалай жұмыс істейді? Мынау тұрған Ресейді алайық. Орыс тілін білмейтін азамат Ресейде мемлекеттік қызмет атқара ала ма? Сотта қызмет жасай ала ма? Біз неге, кімнен қорқамыз? Қорқа, қорқа болдық қой.
– Мұндай мәселеде мемлекеттік қызметкерлердің белсенді болғаны дұрыс. Мемлекетік тілге келгенде пікір айтпай, бұғып отыратындар неге көп?
– Басқалар үшін жауап бере алмаймын. Мәселен, сотқа түсетін арыз-шағымдардың 90 пайыздан астамы шет тілде. Жеке азаматтардың қалауы солай дейік. Олардың ісіне араласуға құқымыз жоқ. Ал, мемлекеттік органдар неге арызды мемлекеттік тілде бермейді? Мемлекеттен айлық алып, мемлекеттік қызметті атқару міндеті жүктелген азаматтардың орыс тілінде арыз жазуы қаншалықты дұрыс. Оларда «мен қазақша білмеймін, мемлекеттік тілде ойымды жеткізе алмаймын» деген түсінік болмауы керек. Бізде мемлекеттік қызметке тұратындар бес-алты заңның аясында сынақ тапсырады. Оның ішінде мемлекеттік тілді білу деңгейі де тексеріледі. Бірақ қазақ тіліне қатысты жинаған ұпай кейін саналмайды. Жалпы балға есептелмейді. Тілдің қадірі түспей қайтеді осыдан кейін. Бұл да күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселе. Біздің ойымызша, мемлекеттік тілді білу деңгейі ең бірінші сатыға қойыла отырып, емтихан мемлекеттік тілде тапсырылуы керек. Сонда үміткердің мемлекеттік тілді білу дәрежесі және өзінің ойын қаншалықты тындаушыға түсінікті етіп жеткізе алатыны айдан анық көрінеді. Мұндай жағдайда кейінгі кезде белең алып кеткен, үлкенді-кішілі лауазым иелерінің БАҚ-та көрініс тауып жатқан былдыр-батпақ сұхбаттары болмас еді, сол кісілердің «арқасында» мелекеттік биліктің беделі төмендемес еді.
Бұрын жекелеген басшылардың кем-кетігі білінбей қалатын. Әлеуметтік желі жедел қызмет етіп тұрған бүгінгідей заманда ойланбай айтылған бір ауыз сөз бүкіл елге таралады. Мұрнының астынан міңгірлеген шенеуніктер де желдей ескен желілердің арқасында мазаққа айналып жатыр. Өзге ұлт өкілі қазақша сауал қойғанда, министрлік өкілдерінің орысша жауап беруінің өзі масқара емес пе? Халыққа қандай үлгі көрсетіп отырмыз? Бізде қатаң талап болуы керек! Мемлекетке, елге қызмет еткің келе ме, сол елдің тілін біл! Тілін білмесең, тілін сыйламасаң қызметке ұмтылма. Ұлтқа деген сыйластық, мемлекетке деген құрмет мемлекеттік тілді білуден басталады. Осы сөз шымбайына батқан біреулер мемлекеттік тілді білмей-ақ патриот болуға, елге қызмет етуге болады деп жатады. Саған жағдай жасап, баспана беріп, қызмет ұсынып, ұрпағыңды өрбітуге жол ашып отырған мемлекеттің тілін білмей қалай патриот боласың? Тілді сыйламаған адам елді сыйлай ма, ұлтты сыйлай ма? Бүгінгі күні халықтың саяси сауаты күннен күнге өсуде. Сылтау мен себепті айыра алады. Өкінішке орай, соңғы кездері билікке деген халықтың реніші, назы көбейіп бара жатыр. Оны көбейтіп отырған жаңағыдай тіл білмейтін, елді сыйламайтын шенеуніктер. Оны білу үшін басқалардан ақылды болудың қажеті жоқ. Мемлекеттік тіл білмегеніне намыстанып, жұмыстан өз еркімен кетті дегенді де құлағымыз шалмады.
– Тәуелсіздік алғалы бері тек үш заң мемлекеттік тілде жазылыпты. Мұның себебі неде? Қазақша заң жазатын мамандар жоқ па?
– Негізі бұл сұраққа заң шығарушы орган жауап бергені дұрыс. Бұл жерде заң жобасын жазатын, қабылдайтын үлкенді-кішілі лауазым иелері мемлекеттік тілді жетік білмейтіндігінен деп ойлаймын. Егер сіз айтқан статистика рас болса, егемендігіміздің 30 жылында бар болғаны саусақпен санайтындай заңның мемлекеттік тілде қабылдануы өте ұят.
«Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi» деп көрсетілген заңда. Яғни, мемлекеттік билік те, заң да, іс қағаздары да қазақ тілінде сөйлеуі керек. Бізде бәрі керісінше. Оған кім кінәлі? Заңды орындамай отырған өзіміз. Мемлекеттік маңызы бар істе жалпақшешейлік танытуға болмайды. «Иванов түсінбей қалады, Сидоровқа қиындық келтіреді» – деп өзге ұлт өкілдеріне жалтақтайтын кез өтті. Енді ұлт болып қалудың қамын жасап, ұрпақтың ертеңін ойлағанымыз дұрыс. Данышпан Конфуций елге басшы болса алғашқы қадамды тілді түзеуден бастайтынын айтыпты. Себебін сұрағандарға «Тілі бұзылса, ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы да бұзылады. Рухы мен әдет-ғұрпы бұзылса, әділет пен ақиқат жоғалып, халық шарасыздықтан жойылу қаупіне душар болады. Тілі бұзылған ұлттың келешегінен үміт күтуге болмайды» деп жауап берген екен. Сол айтпақшы, мемлекет мүддесі жеке бастың қызығушылығынан қашанда биік тұрғаны жөн. Онсыз тілді жоғалту оңай, ал тілі жоғалған елдің өзі де ұзақ өмір сүрмейді». Неткен даналық!
Өз кезегінде, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында «Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады» – деп өте орынды айтты.
Егер әңгімеміздің басында айтылғандай Ата Заңның 7-бабындағы екінші бөлікті алып тастасақ, басқа түгілі заң шығару органының өзі талапты орындай алмайды.
– Тілді жоғалтпау үшін не істеу керек?
– Сот отырысына қатысатындардың бәрі қазақ. Сот тілі – орыс. Кілең қазақ жиналып дауды орысша шешеміз. Қасірет емей не? Қазақша түсінбейтінін айтып аудармашы сұрайтын қазақтар бар! Осыдан кейін көсегеміз қалай көгерсін?
…Бір жолы орта жастан асқан ақсақалдың арызы бойынша іс қарадым.
– Қария, арызды неге шет тілде бердіңіз? – дедім.
– Қайдағы шет тіл? Орысша жаздым ғой, – дейді саспастан.
Шекарамызды белгілеп, Ата Заңымызды қабылдап, тәуелсіз ел болған соң басқа тілдің бәрі шет тіл болмай ма? Осыны айтсам, көзі жыпылықтап төмен қарайды. Атасы сөйлемеген, бабасы қажет етпеген тіл балаға, немереге керек пе? Тіл тәуелсіз болмай, шын тәуелсіз болмаймыз расында…
Заңдылыққа мойын бұрсақ, мемлекеттік биліктің басында отырған азаматтар мемлекеттік тілді дамытуға міндетті. Олай болса міндетін неге орындамайды? Неге біз лауазымды тұлғалардан тіл талаптарын қаншалықты сақтайтынын сұрамаймыз? Неге өзіміз қабылдаған заңды өзіміз орындамаймыз? Мәселен осы міндетті үкімет, одан бергі басшылардың көбі орындамайды. Тіл білуден бөлек, әр қызметкердің жұмысына қажет міндеттер бар. Оларды орындамасаң, тәртіптік жауапкершілікке тартады, одан түзелмесе әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал мемлекеттік тілге қатысты талапты орындамағандардың айыппұл арқалап, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын естідіңіз бе? Заңмен бекітілген міндеттің бірі болғандықтан мемлекеттік тілге жанашырлық танытпағандарды да жауаптылыққа тартқан дұрыс. Сонда ғана алға жылжу болады, түйсікте тілге деген құрмет қалыптасады.
– Тілге қатысты түйткілдердің шешілуі бірінші басшыға байланысты. Мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіру үшін сіз басқаратын ұжым не істеп жатыр?
– Жұмыс бабымен қай өңірге қызметке барсам да алдымен аудан-ауданды аралап, тұрғындармен кездесуді жөн көрем. Біз келеді деген соң әкімдіктегілер елді жинап қояды. Бір жолы зал толы қазақ болған соң тек қазақша сөйледім. Соттағы жаңашылдықты, мәселелерді тәптіштеп айтып жатырмын. Бәрі риза. Жиын соңына тақағанда елеусіз отырған орыс апамыз қолын көтерді. «Сіздің керемет сөйлегеніңізді, халықтың риза болғанын жүздерінен көріп тұрмын. Бірақ, ештеңе түсінбедім. Енді осы айтқандарыңызды орысша қайталап берсеңіз» деп өтінішін жеткізді. Тілегін орындадық. Ал, енді қараңызшы, жиналыс орыс тілдінде өткізілсе бір ақсақалдың осылай қазақша тіл сындыруға пәрмен беруіне болады ғой.
Жақында Ақмола облыстық сотында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында жиын өткізіп, қарар қабылдадық. Осы қарарда мемлекеттік мекемелер сотқа талап арызды міндетті түрде қазақша беруі керек деген шешімге келдік. Ал, орыс тілінде арыз беретін, жауап жолдайтын басшыларға жекеше қаулы шығару керектігін көрсеттік. Біздің осы бастаманы әріптестеріміз қолдаса деймін. Өйткені, бұл жоғарыда айтылған заң талабынан туындап, мемлекеттік тілді білуге міндеттейді. Сөйтіп бар заңды дұрыс пайдалана білуіміз керек. Өйтпесек несіне заңгер болып отырмыз. Көп жағдайларда тілге қатысты әңгіме қозғасақ ұлтаралық қақтығысты туғызып жібереміз деп қауіптенеміз. Біз өзге ұлтты кемсітіп жатқан жоқпыз. Тек мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейтуге, тынысын ашуға көмектесетін заңдағы титтей тетікті, кішкентай сәулені пайдалануды талқылаудамыз. Заң бізге тілді өз деңгейінде қолданбайтын басшыларға ескерту жасауға мүмкіндік беріп тұр. Әр жиналыс сайын соны ескертеміз. Намыстарына тимейміз-ау, бірақ намыстарын оятуға тырысамыз. Рухани жаңғыру дегеннің өзі рухты көтеру, рухты ояту деген сөз, жаңғыру дегеннің өзі жану, көмескіленбеу деген мағына. Сондықтан рухты көтерейік, намысты оятайық! Егер осыны бәріміз түсінсек, қарекет жасасақ мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту қиын емес. Біздің бастамамызды облыстың прокуратурасы да қолдап отыр. Бұл шараны өзге өңірдегі әріптестер де жалғастырса ұтарымыз көп болар еді.
– Ақмола облыстық сотына келгелі бірнеше көшенің қазақылануына, би-шешендер атын иеленуіне мұрындық болдыңыз. Бұған жергілікті халық қарсы болған жоқ па? Кейбір өңірлерде жер-су атауын өзгерту Берлинді алғаннан қиын боп барады.
– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының қағидаларын және Жоғары Сот төрағасының «Рухани жаңғыру – мәңгілік ел болудың кепілі» тақырыбында өткізген «дөңгелек үстел» қорытындысы бойынша бекітілген іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында Ақмола облыстық соты ұлттық құндылықтарымызды, билер сотының тағылымын насихаттау жұмыстарын жүргізуде. 2017 жылы 20 қазанда Ақмола облыстық соты мен Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университет бірлесіп, «Қазақ даласының билер соты егеменді еліміздің сот-құқық жүйесінің негізі» тақырыбында өткізген ғылыми-практикалық конференцияның қарарына сәйкес көше атауларын Ақмола өңірі билерінің, Алаш арыстарының есімдеріне өзгертуге жергілікті атқару билігіне 101 өтінім берілді, елдімекендердің атауын өзгертуге 2 өтінім жолданды.
Аталған өтінімнің негізінде, облысымызда 68 көшенің атауы өзгертілді. 1 елдімекеннің атауы өзгертілді. 10 көшенің ашылу рәсімі салтанатты түрде өткізілді. Сол арқылы тарихты түгендеуге, би-шешендердің атын ұрпақ есінде қалдыруға тырыстық. Бұл игі іс алдағы уақытта да жалғасын табады.
– Сізді ұлтжанды азамат, тіл жанашыры дейміз. Оны сөзіңізбен емес, ісіңізбен дәлелдеп келе жатырсыз. Ал, сондай ұлт жанашырының ұрпағы мемлекеттік тілді біле ме, немерелеріңіздің тілі қай тілде шықты?
– Төрт балам бар. Бәрі де қазақ мектептерінде білім алды, төртеуі де қазақшаға жетік. Немерелерге де мемлекеттік тілде тәрбие беруге тырысып жатырмыз. Бірақ, кішкентайлар орысшаға бейім. Ортасы қазақша болмай тұр. Қазақ мектептің өзінде балалар сыныптан шыға салып өзара орысша түсініседі. Ауладағы балалардың бәрі орысша сөйлесіп жатады. Біз жоғарыда айтқандай, мемлекеттік тілді білмейтіндердің қарға адым аттауы мүмкін болмайтын қоғам құруымыз керек. Сонда ғана мемлекеттік тілге деген қажеттілік сөз жүзінде ғана емес, нағыз іс жүзінде қажет болады. Отаншыл, мемлекетшіл болудың дәнін бала санасына сіңіре берген абзал. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: енбектеген баладан еңкейген қартқа дейін мемлекеттік тілді білудің қажеттілігін сезінуі керек.
Қазақтың біртуар ақиық ақыны Қадыр Мырза Әлінің «Ана тілің – арың бұл, Ұятың боп тұр бетте, Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте…» деген сөздері біздерге терең ой салу керек.
– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет!
Айнұр Сембаева,
«Заң газеті»