СУ МӘСЕЛЕСІ ЕЛДЕГІ КӨП ТҮЙТКІЛДІҢ БІРІ. ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП ЖАТҚА ЕЛ САНАТЫНДА БОЛСАҚ ТА, АУЫЗСУ МЕН ШАРУАШЫЛЫҚҚА ТҰТЫНУ СУЫНА ЗӘРУ ЕЛМІЗ. БҰҒАН СЕБЕП ПЕН САЛДАР КӨП. РЕСПУБЛИКАНЫҢ ӘР ӨҢІРІНЕ АТ БАСЫН ТІПТІ ЖУРНАЛИСТ КАМЕРАСЫН БҰРА ҚАЛСАҢЫЗ ӘУЕЛГІ КЕЗДЕСЕТІН ПРОБЛЕМА ДА ОСЫ. БҰЛ МӘСЕЛЕ ТІПТІ МАУСЫМДЫҚ, НАУҚАНДЫҚ БӨЛІНІП ЖЫЛДЫҢ ТӨРТ МЕЗГІЛІНДЕ ДЕ ӨЗЕКТІЛІГІН ЖОЙМАЙТЫН ПРОБЛЕМАҒА АЙНАЛҒАН.
Еліміздегі су ресурстарын басқару, қорғау, суқоймаларды қауіпсіз нысан ретінде қамтамасыз етіп отыру ісі ақсап тұр. Алыстан мысал іздемей-ақ қоялық, Оңтүстік жұртын әбігерге салған «Сардоба» суқоймасының апатынан соң мемлекет қыруар шығынға батып, су астында қалған үйлер қайта бой көтеруі үшін, апат салдарын жою үшін қыруар ақша бөлді. Су басқан аймақтағы әрбір адамға республика бюджетінен 100 мың теңгеден ақша бөлді. Одан бөлек әлеуметтік нысандарды, инженерлік желілер мен жолдарды қалпына келтіруге 14 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінуде. «Birgemiz» қоры тарапынан Мырзакент елді мекеніне 20 үй тұрғызу үшін 340 млн. теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Халықтан, жекелеген кәсіпкерлерден де миллондаған ақша жиналды. Алайда ине-жібіне шейін су астында қалған халық үшін бұл берілген көмек жыртығына жамау болмауда. Онсыз да бірнеше айдан бері коронавирустан титықтаған халыққа, бұл тасқын жығылғанға жұдырық болды. Осынау апат орын алғанда экономист-ғалым Сапарбай Жобаев «егер артық суды бағыттап отыратын каналдарымыз жұмыс істегенде, оларды уақытылы тазартып отырғанда суқойма суынан мұндай қатты зардап шекпес едік» деді. Яғни апаттың алдын алуға дайын еместігімізді, жарылған суқойма суы түгілі мөлшерінен артық түскен жаңбыр суының да алдын ала алмай отырғанымызды ашып айтты.
Расында да Сардоба суқоймасының суы аз болғандай, осы айдың ортасында толассыз жауған нөсер жауынның әсерінен Түркістан облысының Төлеби ауданындағы өзендердің су деңгейі көтерілді. Арық-атыз, қыр-сайлардан жиналып аққан жаңбыр суынан 6 елді мекендегі 260 тұрғын үйдің ауласына су кірген. 27 үйдің құлау қаупі болғандықтан аумақта төтенше жағдай жарияланды. Жыл сайын мөлшерінен арық түскен қар мен жаңбыр суы-ақ елімізге осынша шығын әкеліп отыр. Осыдан 10 жыл бұрын Қызылағаш оқиғасынан әлі де болса сабақ алмағанымызды байқаймыз. 45 адам қайтыс болып, 3 мың халқы бар ауыл тып-типыл болып, 400-ге жуық үй қирап, апаттың салдарын жою үшін сол кезде Үкімет резервінен 599 миллион теңге бөлінген болатын. Апаттың салдарын жоюға бөлген ақшаларды неге апаттың алдын алуға жұмсамасқа?! Жаңбыр суынан зардап шегіп, баспанамыздан айрылғанша неге су ресурстарын тиімді басқаруға мән бермеске?! Қар мен жаңбыр жалғыз біздің елімізге жауып жатқан жоқ, суқоймалардың да сәтті пайдаланып отырған ел көп. Неге біз ғана жыл сайын суды басқара алмаудың салдарынан шығынға батамыз?!
Әдетте еріген қар суы мен ағынды сулар көшедегі суағарлар мен арықтар арқылы ағып, белгілі бір өзен, тоған суларына қосылып жатуы тиіс. Ендеше, суды ағызып әкететін арықтар қайда кеткен? Арықтарды мүлдем естен шығарғанымыздың бір белгісі, үлкен қалалар мен аудандар түгілі ауылдардың өзінде арықтар сақталмаған. Бұл туралы гидролог маман Рахмет ӘБІКЕНОВ: «Кеңес кезінде арықтарға үлкен мән берілетін. Таза су мен техникалық су бөлінген болатын. Ауылдардың ішінде сылдырап ағып жататын суды ауыл халқы егінге, құрылыс жұмыстарына пайдаланатын. Таудан аққан бұлақ сулары ауыл ішін аралап, тұрғындардың кәдесіне жарап, қалғаны арықтардан жиналып барып, үлкен каналдарға қосылып жататын. Мәселен Алматы қаласының шеткері ауылдарының бәрінде арықтар болатын. Таудағы бұлақ сулары мен еріген қар суларын ауылдың жиегі арқылы егістіктерді бойлай төмен қарай ағызып әкететін арнайы қазылған арықтар бар еді. Алайда соңғы жылдары қала шетіндегі ауылдарға тұрғындар қоныстанып, құрылыс жұмыстарының қарқынды жүруінің салдарынан арықтардың да бойы бітеле бастады. Кейбір тұрғындар арықтардың бойына күл-қоқыс тастайтын болды. Нәтижесінде бүгінгі күні арықтардың бойы қоқыспен бітелгеннен кейін, таудан ағатын су бұрынғы арнасын таппай, көшелерге жайылып, тұрғын үйлерге кіретін болып жүр. Ал арнасын таппаған су бірнеше ауылға жайылып, тұрғындарға елеулі материалдық шығын келтіруде. Сондықтан тез арада арықтардың бойын аршу керек. Су бәрібір өз арнасын табады. Бей берекет құрылыс жұмыстарын жүргізгенде осыны ойлауымыз керек еді. Қазір қайтадан таудан аға бастаған су бұрынғы арнасын таппай, далаға жайылып ағып жатыр. Осылайша бүгінгі күні қараусыз қалған ауыл ішіндегі арықтар мен арналардан зиян шегіп отырмыз. Егер еріген қар суы мен таудан аққан сулардың арнасын қалыпқа келтіріп, ауыл ішіндегі арықтарға көше бойлап ағатын жағдай жасасақ, ауыл тұрғындары оларды бау-бақша жұмыстарына пайдаланса, қазіргі беталды ағып жатқан кезінен әлдеқайда пайдалы болар еді. Көше бойлап сылдырап аққан су көшенің де әрін кіргізер еді. Шыны керек мегеполиске жақын тұрса да су тапшылығын сезініп отырған ауылдар көп. Оның бәрі суды дұрыс басқара алмай отырғанымыздан» дейді. Осы орайда айта кетер жайт – кейбір ауыл тұрғындары өздерінің жер учаскелерін кеңейту мақсатында көшедегі арықтарды да өз жерінің аумағына кіргізіп алса, ал енді бір тұрғындар бұрынғы су арналарының үстіне үй тұрғызып алған. Нәтижесінде ауыл халқы айдың күнінің аманында суға малшынып отыр.
Ал қала ішіндегі арықтарды қалыпқа келтіру арқылы жауын-шашын суларын белгілі бір сүзгіден өткізу арқылы көлік жуатын мекемелер кәдесіне асырса, бүгінгі күні таза ауыз суды қалай болса солай қолданып отырған көлік жуатын мекемелердің жұмысына тосқауыл қойған болар едік. Алайда әзірге бұған ешкім мүдделілік танытпай отыр. Жалпы, ауылдар түгіл, Алматы қаласының ішіндегі жауын-шашын суларын бұрып әкететін жерасты суағарларының жетімсіздігі, ал бұрыннан бар суағарлардың бітеліп қалуы салдарынан бүгінде қала көшелеріндегі асфальт беттерінің әрқашан кілкіген суға толып тұратынын байқаймыз. Елорданың өзінде қаланың орталығындағы жиналған су көлік қозғалысына қиындық келтіріп жатады. Бұл, жалпы, суағарлар мәселесінің бүгінгі күні тиісті орындар тарапынан қадағалаусыз қалғанының айғағы болса керек. Айналып келгенде су ресурстарын дұрыс басқара алмай отырмыз. Осы орайда айта кетер жайт, елімізде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі су қорын қолдану мен қорғаудың, сумен қамтамасыз ету мен оны бөлудің жалпы стратегиясын жасайтын болса, Ауылшаруашылығы министрлігі – су шаруашылығы қондырғысын пайдаланып, топтық су құбырлары мен жерді гидромелиорациялау ісін, Энергетика министрлігі – жер үсті суларының көлемі мен сапасын қадағалайды. Ал, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі – ауыз сумен қамтамасыз ету мен жер асты суларының деңгейін барласа, Ішкі істер министрлігі – төтенше жағдайларды жоюмен айналысады. Денсаулық сақтау министрлігі – ауыз судың сапасы мен су объектілерін санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды жүзеге асырады. Яғни су ресурстары және су объектілері бойынша толыққанды әрі жүйелі жұмыс істейтін белгілі бір арнайы орган жоқ. Нәтижесінде судың сұрауын кімнен сұрарымызды білмей отырмыз. Атап айта кетер жайт, елімізде жыл сайын сумен қамтамасыз ету деңгейі төмендеп барады. Суға қатысты көзқарасымызды өзгертпесек, бүгінгі күні қалай болса солай пайдалану салдарынан тек зиянын шегіп отырған суға зар болып қалуымыз әбден мүмкін. Егер 1960 жылдары еліміздегі су қоры 120 текше метр болса, қазір осы көрсеткіш 101-ге төмендеген.
Жалпы арық мәселесі еліміздің барлық өңіріне тән. Петропавл халқы да көктемде еріген қар және жаңбыр суымен арпалысып, әлекке түседі. Өйткені осыдан 50 жыл бұрын қазылған суағарлар бітеліп, жыл сайын көшелері көлге айналады. Жергілікті коммуналдық қызметтер жыл сайын тазалағанымен, арықтар мен жерасты суағарларының аздығы салдарынан бұл жағдай қайталана береді. Петропавлда ұзынды-қысқалы 300-ден астам көше бар. Олардың жалпы ұзындығы — 366 шақырым екен. Ал суағарлардың ұзындығы 92 шақырым ғана. Оның 42 шақырымы арық, 48-і жерасты құбыры. Оның өзі жарты ғасыр бұрын салынған. Сондықтан олар бүгінгі күннің талабына жауап бере алмай отыр. Осы секілді басқа да өңірлерімізде арықтардың жеткіліксіздігі, бар арықтар мен каналадардың бітеліп қалуы үлкен мәселе тудырып отыр.
Айтпақшы Сардоба суқоймасына қатысты апатты жағдайдан соң еліміздегі су саласының мамандары Сардобадан бірнеше есе үлкен Шардара суқоймасының жағдайына алаңдай бастады. Сыйымдылығы 5,2 миллиард текше метрді құрайтын Шардара су қоймасында апат болса, ол жолдағы Көксарай су қоймасын да өзімен алып кетеді. Халқы тығыз қоныстанған Оңтүстік өңірінің, одан бөлек Қызылорда облысының Аралға дейінгі аймағына қауіп төндіреді деп дабыл қаққан мамандар, суқоймада апат бола қалса апат салдарын азайтатын каналдар мәселесінің сын көтермей тұрғанын айтып дабыл қағуда.
Сапарбай Жобаев, экономист:
Алматы қаласында Райымбек көшесінің астында канал болатын. Қаладағы барлық арықтардың суы жиналып келіп, сол канал арқылы өзенге құйып жататын. Қазір ол арық бітеліп қалған. Қарап отырсаң қала архитекторы, жол саласында, жоспарлаушы мамандар бар. Бірақ солардың бәрі ойласып сол арықтарды сақтай алмай отырғанына қынжыламын. Бұл жерде немқұрайдылық па, жемқорлық па білмеймін, бірақ осы бір мәселенің бүгінде көп мәселеге арқау болып отырғанын ашып айтуымыз керек. Жемқорлық деп бекер айтып отырғаным жоқ, коллекторларды тазалауға жыл сайын қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ сол қаржының мақсатты жұмсалып жатқанын байқай алмай отырмыз. Оңтүстікте болған апат кезінде де коллекторларымыз талапқа сай болғанда мұншалықты зардап шекпес едік. Арнасын тауып су ағып, өзендерге құйылушы еді. Кеше көмекке келген өзбек ағайындар сол каналдарды тазалады, кейін жиналған су көлемі күрт азайды. Әйтпесе насос қойып сонша суды сорып алу мүмкін емес еді. Өркениетті елдерде арнайы суды басқару, бағыттап отыру арқылы мұндай апаттардың алдын алады. Біз де сондай жұмыстарды жолға қойсақ талай үй суға кетіп, асфальттарымыз күні бұрын жарылып жатпас еді. Кеңес Одағы кезінде көп суды Орта Азияға бұру жоспары бекер айтылған жоқ. Тепе теңдікті сақтау үшін талай сулар каналдар арқылы бағытталып, суы аз өңірлерге бағытталып отырды. Қытайда мәселен Янцзы мен Хуанхенің ортасында мыңдаған каналдар бар. Тәуелсіздік алған соң біздің еліміз осы мәселені назардан тыс қалдырды. Нәтижесінде міне қаламыз да, даламыз да суға батып жатыр.
Қалдыбай ДҮЙСЕМБАЕВ