Соңғы жылдары сот саласында жасалып жатқан жаңашылдықтар сот саласындағы көптеген мәселелердің тиімді шешілуіне түрткі болды. Мәселен «Сотсыз татуласу орталығының» жұмысына арқау болып отырған жеті түйіннің бірі — медиация бүгінде елімізде жақсы дамып келеді. Әсіресе әлемдік пандемияға орай әлем халқы онлайн жүйе арқылы жұмыс істеу жүйесіне көшіп жатқан тұста, еліміздің Жоғарғы Соты халыққа соттасудан гөрі, бітімге келіп, дауды медиация арқылы шешуге шақырды.
Жалпы төтенше жағдай кезінде елімізде бірқатар салалар, жағдайға бейімделе алмай жатса, еліміздің сот саласы сотты онлайн өткізіп, кейбір дауларды мүмкіндігінше медиация арқылы шешуге тырысып жатты. Мәселен Алматы қалалық Медеу аудандық соты жыл басынан бері 661 медиативтік іске мұрындық болған. 2019 жылы 973 іс медиация арқылы шешіліп, ол еліміздің сот жүйесінде ең жоғарғы көрсеткішке ие болғанын ескерсек, жалпы Медеу аудандық сотының медияция арқылы іс шешуді жыл өткен сайын дамытып келе жатқанын байқаймыз.
Медиация — тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі, яғни медиация — үшінші бейтарап көзқарасты ұстанатын медиатордың қатысуымен дау-жанжалдарды шешудің баламалы әдісі, оны тараптарды өзара келістіру тәсілі немесе мәмілегер, бітімгер деп түсіну абзал. Ол екі жақтың еріктілік, құпиялық, тең құқылығын сақтай отырып, тараптардың өзара тиімді бітімге келуіне жол ашады. Медиацияның мақсаты — дауды шешу кезінде екі тарапты да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу және тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету болып табылады. Дауды шешудің озық әдісі саналған медиацияны одан әрі дамыту зор міндет. Ол ұсақ-түйек келіспеушіліктердің бітімгершілікпен шешілуі, қиын істердің сапалы қаралуына ықпал етіп, азаматтардың уақытын үнемдеп, сот барысында орын алатын моральдық, материалдық қиындықтардан құтқарады. Бұл халыққа да, сотқа да тиімді.
Сондықтан бұл заңды халыққа жете түсіндіріп, дауларды сотқа жеткізбей-ақ бітімгершілікпен шешу мәселесін көтеріп, жұмысты оңтайландыра түскен жөн. Қазіргі кезде дауды шешудің озық жүйесі медиацияның, қоғамға келтірер тиімділігі мол болып отыр.
Үмбетәлиева Кәмшат, Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы