Қазақстанда жұмыс берушілер жұмыс тоқтап қалса да қызметкерлеріне ең төменгі жалақы мөлшері, яғни 42500 теңге төлеуі тиіс, бұл туралы еңбек кодексінің жаңа бабында жазылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Егер азаматтардан әлеуметтік әл-ауқат басқармасына кәсіпорын тоқтап тұрған уақыт үшін ең төменгі жалақы төленбегені туралы шағым түсетін болса, біз бұл фактіні тексеріп, анықтаймыз. Бұл үшін әкімшілік жаза қарастырылған. Яғни, айыппұл салынады. Жалақыны төлемеген және кешіктірген шағын бизнес иесі — 60 АЕК, орта бизнес — 100 АЕК және ірі бизнес иесі 150 АЕК көлемінде айыппұл төлейді», — деді Алматы қаласының бас еңбек инспекторы Айнұр Мұқажанова.
Оның айтуынша, жұмыс беруші 112-бапқа сәйкес, жұмыстың мәжбүрлі тоқтауын рәсімдеуіне міндетті.
«Осындай жағдайға тап болғандар Қонаев көшесі, 122 мекенжайында орналасқан басқармаға жүгіне алады», — деп қосты ол.
Ал қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, жұмыстың тоқтап қалуы карантинге байланысты. Сол себепті жұмысшылардың барлығы бірдей ең төменгі жалақыны төлей алмайды.
«Бұл жерде мынаны түсіну керек. Жұмыстың тоқтауына жұмыс беруші кінәлі емес. Бұл – карантин режимінен туындаған мәселе. Осыған байланысты кәсіпкерлерден көптеген шағымдар түсіп жатыр. Бастамашыл топ Ұлттық экономика және еңбек министрліктеріне осы кезеңге жалақы төлеуде жеңілдіктер мен өзгертулер енгізу туралы ұсыныс жасады. Егер жыл соңына дейін жағдай тұрақтанса және кәсіпкер барлық қызметкерлерін қайта жұмыспен қамтамасыз етсе, онда оларға жеңілдіктер мен субсидиялар беруін сұрайды. Қазір мұндай механизмді еңбек министрлігімен және Ұлттық палатамен бірлесіп қарастыруда», — деп түсіндірді ол.