12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру міндет

Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісі, іс қағаздарын жүргізу тілі – қазақ тілі екені еліміздің Бас құжатымен бекітілді. Алайда, мемлекеттік мәртебе алумен тіл туралы мәселе шешілмейтінін уақыттың өзі көрсетті. Әрине, оның өзіндік себептері де болды. Дегенімен, қазақ тілінің отаны жалғыз Қазақстан болғандықтан, оны өз тұғырына қондыру әрбір қазақстандықтың басты міндеті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған жолдауында мемлекеттік тілге баса назар аударып: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді деп есептеймін. Бірақ, мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», деді. Президенттің бұл сөзі мемлекеттік тіл мәртебесінің жоғары деңгейге көтерілер күн алыс еместігінің айқын көрінісі.

Өзге де мемлекеттік органдар сияқты соттарда да барлық құжат мемлекеттік тілде жүргізіледі. Алайда, сот өндірісіне қабылданған азаматтық істер бойынша іс жүргізу тілі талап арыздың жүгіну тілімен анықталады. Сот талқылауында іске қатысатын азаматтарға ана тілінде немесе өзі білетін тілде мәлімдеме жасау құқықтары түсіндіріліп, аудармашы көмегінің қажет немесе қажет еместігі нақтыланады. Қажет болған жағдайда процеске іс аяқталғанға дейін аудармашы тартылады. ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің талабына сай, істі сот талқылауына дайындау кезінде тараптар жазбаша өтінішхат негізінде сот ұйғарымымен сот ісін жүргізу тілін өзгерте алады.

Айта кетерлігі, қазақ тіліндегі істер санының артуына, яғни, соттарда мемлекеттік тілдің толығымен салтанат құруына ең алдымен сотқа жүгінушілердің, сонымен қатар, азаматтық істерде адвокаттың, ал, қылмыстық істерде тергеушінің рөлі үлкен. Өйткені, қай салада болмасын мемлекеттік тіл мәртебесінің артып, өрісінің кеңеюі жекелеген қызметкерлерге ғана емес, жалпы қоғам өкілдеріне байланысты. Яғни, бұл мемлееттік тіл тағдыры қоғам болып атсалысуды талап етеді. Қазақстан тұрғындарының негізін қазақ халқы құрайды, сондықтан, қоғамның әрбір мүшесі осы тілді барлық жерде күнделікті қатынас тіліне айналдырса ғана, яғни, Тұңғыш президент айтқандай, «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессе ғана» тіл мәселесі оң шешіледі. Сонымен қатар, заңдардың қазақ тілінде әзірленуі де кезек күттірмейтін жайт.

ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы алдағы уақытта процестік құжаттарды ғана мемлекеттік тілде жүргізу жеткіліксіз екенін, сол себепті, сот процестерін біртіндеп қазақ тіліне көшіру қажеттігін алға тартты. Бұл тұрғыда судьялар қауымы төраға бастамасын бірауыздан қолдап қана қоймай, сонымен бірге, мемлекеттік тілде сапалы жазып, сауатты сөйлеу арқылы әділ шешімдер шығарып, көпшіліктің сотқа деген сенімін одан әрі нығайту жолында аянбай еңбек етуде. Жоғарғы Соттың сот шешімдері мен үкімдерінің сапасына қойылар талаптарды күшейтуі мемлекеттік тіл мәртебесін көтерудің тың бастамасы деуге болады.

Елбасы «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?!» десе, бабаларымыз «Тіл – ұлттың сүйенетін тамыры, сыйынатын тәңірі» деген. Демек, тамырымыз бен тәңіріміз ана тілімізді өркендету – әрқайсысымыздың отан, келер ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз.

Әсел Медетбекова,

Алматы қаласының

Алмалы аудандық

№2 сотының судьясы

Жаңа кассациялық сот

 Мемлекет басшысы 2025 жылғы 1 шілдеден бастап қылмыстық, азаматтық...

«Е-апостиль электрондық қызметін қалай тез алуға болады

Шетелге шығу кезінде Қазақстан Республикасының аумағында берілген құжаттар басқа...

Как не стать жертвой финансовой пирамиды

Финансовая пирамида (также инвестиционная пирамида, схема или игра Понци)...

Сот отырысында аудио-бейне тіркеу жүйесін пайдалану ережелері

Осы Сот отырысына қатысуды қамтамасыз ететін техникалық байланыс құралдарын...

СОТ ЖҮЙЕСІН ЖЕТІЛДІРУ — ҚОҒАМНЫҢ ТАЛАБЫ

Сот - кез-келген даудың түйінін тарқатып, әділдігін айтып, тура...