Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов облыс әкімдігі ғимаратында жол саласының ардагері Леонид Васильевич Михноны 70 жасымен құттықтады.
— Өзіңізбен бірге талай жыл қатар қызмет істедік, қалай тынымсыз еңбек еткеніңізді көзіміз көрді. Жол саласындағы ең тәжірибелі, алдыңғы қатардағы мықты мамансыз, еліміздің патриотысыз. Сіздің облыстың, Талдықорған қаласының көліктік инфрақұрылымын дамытудағы үлесіңіз зор. Мол тәжірибеңіз, өмір жолыңыз бәрімізге үлгі, әсіресе, жастарға берері мол. 70 жасыңызбен құттықтап, сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін, — деді А.Баталов.
Мұнан соң облыстық мәслихаттың хатшысы Сұлтан Дүйсембінов те ізгі ниетін жеткізді. Облыс басшысы мерейтой иесінің иығына шапан жауып, естелік сыйлық тапсырды. Леонид Михно өз кезегінде облыс басшылығына рахмет айтып, ел үшін еткен еңбектерінің жемісті болуына тілектестігін білдірді.
Атап өтсек, Леонид Васильевич Михно – еңбек ардагері, кейінге дейін «Талдықорғанжолдары» АҚ директоры қызметінде болды.