12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

КОРОНАВИРУС: ОТБАСЫН ҰЙЫТУШЫ МА, ЖОҚ, ЖЫЛЫЛЫҚТЫ СУЫТУШЫ МА?

Соңғы кездері елімізде қалыптасқан жағдайға орай жалпы қылмыс саны азайғанымен, отбасылық-тұрмыстық жанжалдар көбейгенін статистика айғақтап отыр. Мамандар мұндай жағдай індет орын алған мемлекеттердің бәрінде үрдіс алып жатқанын айтуда. Дегенмен, неке қияр сәтте өмірдің ащысын да, тұщысын да бірге көреміз деп серттескендердің некесінің карантинге шыдас бермей, індет салдарынан жарияланған төтенше жағдайдың уақытша сынағына төтеп бере алмай, шытынап жатқаны өкінішті.

Қазіргі уақытта сот мамандары карантин жағдайының өзінде соттарға келіп түсетін талап арыздардың саны азаймай отырғанына, оның ішінде қысылтаяң кезеңде отбасы мүшелері бір біріне қолдау көрсетіп, осы қиындықтан бірге шығуға тырысудың орнына, төтенше жағдайға қарамастан шаңырақтарын шайқалтуға асыққандарына наразы. Шынымен отбасылық одақтың мықтылығы, осындай сәтте сыналары анық қой. Сондықтан заңгер мамандар  отбасылық дауларды медиациалық жолмен шешуге тырысып, барынша  отбасыларды сақтап қалу мақсатында медиациялық жүйені дамытуға тырысуда. Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асановтың бастамасы бойынша мүдделі құрылымдармен бірлесіп, «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы іске асырылуда. Бұл жоба жанжалдасушы тараптарды даудың кез келген сатысында, әсіресе, сотқа дейін белсенді түрде татуластыруға бағытталған жүйе. Мақтаулы жүйе жұбайларды жарастырып, жанұяларды сақтап қалса игі.

Осы орайда шыны керек біршама уақыт бұрын карантин кезінде Қытай елінде ажырасушы ерлі-зайыптылардың санының артқанына күле қарағанымыз рас. Қытай халқының тыныс тіршілігінен өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында түрлі ақпараттармен жиі бөлісіп отыратын журналист Ертай Нүсіпжанов: «Бір ай бұрын Қытайдағы ажырасу жағдайының күрт артуы карантинде жатқан біздерге де сабақ болуы тиіс. Коронавирус салдарынан екі ай бойы үйде қамалып отырған көптеген қытайлық отбасында, жұмыссыздық кесірінен күнде жанжал туып, оның соңы ажырасуға әкелді. Ажырасу жағдайы әсіресе, Сиань, Шэньси және Дачжоуда ерекше байқалған. Бір-бірінен безінген жұптардың көптігі соншалық, тиісті департамент алдында кезекке тұру көбейген. Жұптардың ажырасу рәсімдері бойынша шанхайлық адвокат Стив Лидің айтуынша, наурыздың ортасында аяқталған карантин уақыты біте салысымен, оның қызметіне жүгінушілер қатары 25%-ға дейін артқан. Олар бірге ұзақ тұрған сайын, көңіл толмаушылықтары да үдей түседі. Кеңістік тек жұптарға ғана емес, бәріне керек» деп карантин кезіндегі ажырасудың көбеюіне қатысты арнайы пост та арнады.

Айта кетер жайт, Қытайдың Бұқаралық ақпарат құралдары да елдің бүкіл аймағында індетке қарсы оқшаулау кезеңі аяқталған соң отбасы жұптары үйлерін тастап, екі жаққа ажырасып кетіп жатқаны туралы жаппай жазған болатын. Сөйтіп, көрші елдегі ажырасу деңгейі наурыз айында ерекше өскені байқалған. Отбасындағы зорлық-зомбылық та артқан. Қытайдың ұлттық статистикасы бойынша, 2003 жылы елде 1.3 миллион жұп ажырасқан екен. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп, 2018 жылы 4.5 миллионға жетіпті. Ал былтыр 4.15 миллион жұп айырылысып тынған. Былтыр Қытайда ажырасу көрсеткіші 44% болса, Қазақстанда 25.7% болған екен. Енді мамандар осы статистиканың одан әрі артып кетпесіне алаңдаулы.

Онсыз да ажырасудан алда едік…

Шыны керек, осыған дейін де ажырасу жағынан алдыңғы елдердің қатарында болдық. Некелік одақтардың ғұмырының қысқа болуына қатысты отбасылық психолог Әлия Дәркембай «Өміріңді өзгерт», «Басқаша ойла», «Табысты болудың құпиясы», «Бұл тренингке қатыссаң сен ешқашан бұрынғыдай болмайсың» деген секілді әлеуметтік желілерді жаулап алған коуч тренерлердің де ерлі зайыптылардың ажырасуына септігі тиіп жатқанын айтады. Қоғамды тәрбиелеуге өз беттерінше күш салғандардың түпкі ойы «ақылдарын сатып» қалтасын қалыңдату екені айтпаса да түсінікті. Тіпті мимен жұмыс істеуді үйретіп жүрген ханымдардың көбісінде психологиялық мамандықты бітірді деген дипломдары да жоқ көрінеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін айта кетсек, инстаграмда артынан мыңдаған әйелді ерткен Құралай ханым деген атпен танымал Құралай Ошақбаева «Мен психологияны бітірген жоқпын. Бірақ менде осы саладағы 40-қа жуық сертификаттар бар. Біліктілікті көтеру деп атайды ғой, дәл сондай. Мен Мәскеуде, Киевте және басқа да шет елдерінде көп оқығанмын», — дейді. Шет елде оқығанмын дегендердің білімінің көп жағдайда қазақы танымымыз бен ұлттық болмысымызға сай келе бермейтінін ұқсақ шіркін! Ең бастысы үйінен шықпай-ақ аудитория жинап, ақылын сататындарға қатысты қадағалау жұмыстары да жүргізіліп жатқан жоқ.

Неке бұзуға неге асығады?

Ұлттық Экономика министрлігі Статистика комитеті Қазақстанда соңғы он жылда ажырасушылар қатарының артқанын айтады. Он жыл аралығында елде 1,5 млн үйлену дерегі тіркелсе, жарты миллионы осы уақыт ішіндегі ажырасушылар сапында болған көрінеді. Өкінішті. Отбасы құндылығын арттыратын, жанұя жарасымын сақтап қалу бағытында қоғам тарапынан қандай да бір алдын алу шараларының жүргізілмей жатқаны тіпті өкінішті.

Медиатор Әсел Жұмагелді: «Каратин кезіндегі уақытша жұмыссыздық, әлеуметтік жағдайдың төмендігі мен жұбайлар мінезінің сәйкес келмеуі секілді қиындықтардың барлығы отбасындағы ер мен әйелдің өз міндеттерін білмеуі мен балаларының алдындағы жауапкершілігінің жоғалуынан туындайтыны анық. Сондықтан алдағы уақытта отбасы құндылығын арттыратын, әке мен ана ретінде, ер мен әйел ретінде жауапкершілікке үндейтін жұмыстарды күшейту керек секілді. Рас қазіргі кезде Жоғарғы Соттың бастамасымен еліміздің 17 өңірінде 47 Соттан тыс татуласу орталықтары ашылып, 413 Билер кеңесі құрылған. Нақты жұмыстар нәтижесін беруде. Алайда сотқа жеткізбей, мәселенің алдын алуға тырысуымыз керек» дейді.

Карантинді қалай өткізіп жатырсыздар?

Карантин отбасылардың ынтымағының одан әрі артуына ықпал етіп, осыған дейін баласымен ұзақ бірге отыра алмаған, уақытын бөле алмаған әке мен анаға берілген үлкен мүмкіндік екенін түсінсек екен. Осы орайда карантинді қалай өткізіп жатырсыздар деп бірнеше жанұяға хабарласып та көрген едік. Соңғы кездері көпшілікті бұқаралық спорт түрлеріне көбірек шақырып жүрген блоггер, диетолог Гульвира Ибраева «рас жолдасым да өзім де артық салмақпен біршама уақыт зардап шектік. Алдымен спортпен, диетамен өзім айналыстым, 30 кг артық салмақ тастадым. Мені көрген соң жолдасым да қазір спортпен достасуға шешім қабылдады. Қазір жолдасым аз уақыт ішінде 15 кг салмақ тастады. Карантин кезінде берілген мүмкіндікті пайдаланып, отбасымызды спорт пен дене жаттығуларына баулып жатырмыз. Қазір әлеуметтік желіден арнайы парақша ашып, сыртқа шықпай-ақ ерлі-зайыптылардың бірге жасайтын спорттық жаттығуларын насихаттаудамыз. Бұрын бірге, бала шағамызбен қосылып  жүгіретін болсақ, қазір үйден шықпай-ақ бірге түрлі жаттығулар жасаудамыз. Бұл біріншіден ерлі-зайыптылардың ынтымағын арттырса, екіншіден бос сөз, жаман ойларға берілмей пайдалы іспен айналысуға, үшіншіден карантин кезінде артық салмақ қосып алмай денсаулықты сақтауға, форманы сақтауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік желі арқылы да тәжірибемізбен бөлісіп, барша ерлі-зайыптыларды бірге жаттығу жасауға щақырудамыз. Қазір көп қозғалмай барша адам үйде отырғандықтан бұл көп адамның ортақ мәселесі. Сондықтан  өзімізбен бірге спортпен айналысуға шақырып, тегін тәжірибемізбен бөлісіп, жатырмыз. Ерлі-зайыптылар бірге спортпен айналысып, берік жанұялық жарасым орнаса, ол балаларына да үлкен мотивация» дейді. 4 баланың ата-анасының  бастамасына үндеу қосушылар да аз емес көрінеді.

Сол секілді әлеуметтік желілерде қазір жас жанұялар бір біріне ұсыныс жасап, отбасында уақытта қалай қызық өткізуге болатыны жөнінде челленждер ұйымдастыруда. Осы бір үрдіс жаппай сипат алып, карантин қазақы отбасылық дәстүрлердің жаңғырып, жанұя жарысымының артуына ықпал етсе игі…

Қалдыбай ДҮЙСЕМБАЕВ

[ratings]

Все для комфортной жизни

Открытие четырех новых домов культуры в жилых массивах Кайнарбулак,...

Ориентир на интересы граждан

В нашей стране созданы и продолжают создаваться все необходимые...

Не попасть в финансовую западню

Широкое проникновение цифровых технологий в повседневную жизнь людей сопровождается...

Дом, где возвращают надежды

Региональный филиал Общественного Фонда «АНА ҮЙІ» в городе Шымкенте...

Новый завод – новые возможности

Открытие завода по производству керамогранита стало важным событием для...