12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ӨМІРДЕН ТҮҢІЛГЕНДЕР ОРТАСЫНА ӨКПЕЛІ

ТҮЙМЕДЕЙДІ ТҮЙЕДЕЙ ЕТІП, БОЛМАШЫ НӘРСЕГЕ КҮЙГЕЛЕКТЕНУ КӨПШІЛІГІМІЗГЕ ТӘН ҚҰБЫЛЫСҚА АЙНАЛЫП БАРАДЫ. БЕСІКТЕН БЕЛІ ШЫҚПАҒАН БАЛАНЫҢ ӨЗІ БАСЫНАН СӨЗ АСЫРМАЙ АШУЛАНЫП ШЫҒА КЕЛЕТІНІ, ЖАСТАРДЫҢ ӘЛДЕН-АҚ ЖҮЙКЕСІ ЖҰҚАРҒАНЫ БАЙҚАЛАДЫ. ӘЙТЕУІР БҰЛ ДҮНИЕДЕН БАЗ КЕШІП, ТАҒДЫРЫН ТОЗАҚҚА ТЕҢЕП, ТЕРЕҢ КҮЙЗЕЛІСКЕ ТҮСЕТІНДЕРДІҢ ҚАТАРЫ ЖЫЛ САНАП АРТЫП КЕЛЕДІ. ОНЫҢ СОҢЫ ӨЗ ТАҒДЫРЫНА ТӨРЕЛІК ЕТУМЕН АЯҚТАЛЫП ЖАТАТЫНЫ ӨКІНІШТІ. БҮГІНГІДЕЙ ҚАУІПТІ ДЕРТКЕ БАЙЛАНЫСТЫ ТӨРТ ҚАБЫРҒАҒА ҚАМАЛҒАН ТҰСТА ЖАНЫ ЖАЛҒЫЗСЫРАҒАН ЖАҚЫНДАРЫМЫЗДЫҢ ЖАҒДАЙЫН БІЛІП ТҰРУ ДА МАҢЫЗДЫ БОЛЫП ОТЫР.

Мәселен, елімізде өткен жылы 3805 адам өз-өзіне қол жұмсаған, демек, арғы жылмен салыстырғанда 263 адамға артық. Бұл дегеніңіз бір жыл ішінде суицид жасаушылардың саны 7,4% -ға өскенін көрсетеді. Өз өмірімен қош айтысқандардың саны бойынша Алматы облысы алдыңғы орында. Өңірде өз-өзіне қол жұмсаушылар – 425, Шығыс Қазақстан облысы – 411, Түркістан облысы – 342, Қарағанды облысы – 308, Алматы қаласы – 285, Нұр-Сұлтан қаласында – 139 суицид оқиғасы тіркелген. Айналдырған 18 миллион халқы бар мемлекетіміз үшін бұл көрсеткіш – қасірет демеске шара жоқ. Сондықтан, карантин кезінде азаматтарды коронавирустан сақтандыруды ғана емес, қажетсіз сезінбеуін де назарда ұстағанымыз жөн. Соңғы жылдары «Суицидтің алдын алу», «Өмірге ғашық болу» секілді түрлі тақырыптардағы дәрістер, семинар-тренингтер, дөңгелек үстел, конференциялар да жиі ұйымдастырылады. Тіпті, қазір әлеуметтік желілерде де ақындардан бастап әншілерге дейін шетінен психологиялық шеберлік сабақтарын өткізіп, түпсананы өзгерту тақырыбына арналған ақылы курстарын ұсынуда. Және осындай курстарға қызығушылық танытушылардың қарасы мол. Өз өмірі өзіне ұнамай, өз-өзін жек көріп, жолы болмай жүрген қыз-келіншектер айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның ақыл-кеңесіне, Құралай ханымның аффирмацияларын алуға асығатын болды. Өзімнің таныс құрбым да қазір «Айдың нұрынан» сабақ алып, күнделікті аффирмацияларын орындауға асығып отырады. «Шынымен өмірім өзгеріп келеді. Жақыныңнан көрмеген жылулықты сезіп, әдемі әңгімесінің өзінен өмірге деген құлшынысың артатын секілді» дейді өзі. Алайда психологтар әдемі әңгіменің өзі кейде күйзелісте жүргендерге жол көрсетіп, дұрыс бағыт сілтей алмайтынын айтады. Өйткені, күйзелістің де өз категориясы бар.

Былтыр жасөспірімдер арасындағы суицид бойынша еліміздегі бірнеше тренингке қатысып кеткен америкалық психолог Джамейка Фалконер Қазақстанда басыңдағы қайғыны дәрігерге, психологтарға айтуға қысылу көп кездесетінін айтқан. «Құрама штаттарда адамдар басына қандай іс түссе де ашық көрсетеді. Бұл мәселені шешуде нақты көмек. Жасөспірімдердің көбісі болашаққа деген үмітсіздік сезімімен ауырады. Егер сіз жасөспіріммен сөйлессеңіз, оның болашаққа деген көзқарасы жақсы болмаса, онда бұл үрей тудыруы керек. Егер адам бірнәрсеге қатты қызықса, хоббиі болады, бір күні сол қызығушылығын бір сәтте тастап кетсе, өлімге қызығушылық танытса, мұндай адамдарды жоғары тәуекел тобына жатқызады. Психолог ретінде айтарым, көңіл-күйіңіз көтерілмей жүрсе, ұзақ бөгелмей бірден ата-анаңыздан, жақындарыңыздан көмек сұраңыз, психологтардан кеңес алыңыз. Мен қоғамдағы суицидті түп-тамырымен жұлып жіберу мүмкін деп айта алмаймын. Ол үшін ең алдымен елдің жағдайын түзеу маңызды, одан кейін отбасындағы сексуалдық зорлық-зомбылық, қудалау, ғаламтордың ықпалын азайту қажет. Мысалы, әлеуметтік желіде бай біреудің өмірін көрсеңіз, «Менде неге осының бірі де жоқ?» деп ойлау заңдылық. Бірақ, осындай ойды жүрекке жақын қабылдаудың соңы жақсылыққа апармайды», – дейді Джамейка Фалконер.
Отандық психолог мамандардың да айтары осы. Жан-дүниесі құлазып, кеудесі бос қалғандай аңырып қалған
адам үрей мен өз-өзіне кінә артуға бейім болады. Өзін ешкімге қажетсіз сезініп, жан жарасы тереңдей түседі.
Осындай түпсіз терең шыңыраудан шығудың жолы өмірмен қош айтысу деп түсініп, жаңылыс қадамға барады
екен. Бұл арада жақын жандарыңның күнделікті мінез-құлқында, қарым-қатынасында байқалатын өзгерістерге мән беру аса қажет. «Суицид жасағандардың 70%-ы өз мақсаттарын қандай да бір түрде білдіреді», – дейді психологтар. Олар ашылып әңгімелескісі келеді, біреудің оны тыңдағанын қалайды. Кейбір суицидті жоспарлаған адамдар аяқ астынан достарына, туыстарына жақсы көретін заттарын беріп, сыйлықтар үлестіре бастайды. Тіпті, өзі үшін қымбат, құнды саналатын заттарын да оңай қия салады. Не болмаса, ештеңеге мән бермей, қызығушылығын жоғалтып, сүлесоқ күйге түседі екен. Тәжірибе көрсеткендей,
мұндай көріністер алдағы бақытсыздықтың белгісі. Суицид жасауға оқталып жүрген жандардың күн сайын сенім телефоны арқылы жанайқайын тыңдап, психологиялық көмек көрсетіп жүрген маманның бірі Мира Смағұлқызы кез келген қауіпті аймақта тұрған жасөспірімдер мен ересектер де бірден өз-өзіне қол жұмсауға асықпайтынын айтады. «Кез келген адамда алдымен өлімге итермелейтін ой пайда болады. Ой арқылы жоспар жасайды, ол әрекетке ауысады. Адамның басына өлім туралы ой түскеннен бастап әрекет жасағанға
дейін олар айналасындағыларға «Мен өмірден шаршадым», «Менсіз жақсы болар еді», «Басқа әлемде өмір сүргім келеді», «Бас ауған жерге кетіп қалсам ба?» деген сөздермен, іс-әрекет арқылы өз ойынан хабардар береді», – дейді. Яғни, біз сол ескертуден қорытынды жасай білуіміз керек.
Италиялық психиатр Нарко Саркопян мектеп оқушыларының сабақ үлгерімі төмендеп кетсе, себепсізден себепсіз екі күн бала сабаққа келмей қалса, депрессияда жүр деп санайды. Адам «мен өмірден шаршадым»
деп айтқан күннен бастап ол қауіпті аймақта деп есептеуге болатынын айтады. Сол сөзді алғаш айтқан сәттен
бастап оны қолынан жетектеп психикалық сауықтыру орталығына жатқызып, емдеу керек деген тұжырым
жасайды. Оның айтуынша, адамға өлім туралы ой түскеннен бастап психологиялық қолдау көрсетіліп, дұрыс жұмыс істелсе нәтижесі болады.

Суицидтің басы – созылмалы стресс
Психологтардың пайымынша, суицидтің басы стресс пен депрессиядан басталады. Стресс дегеніміз – ағзаның қиын жағдайға қайтаратын жауабы. Ал, біздің өміріміздің өзі тұнып тұрған стресс. Аяғымызды әр басқан сайын стресс алады екенбіз. Мысалы, жып-жылы үйден шықтыңыз, далада қатты суық жел соқты. Суық өңменіңізден өтіп кетті, ағзамыз стресс алады. Оқу жүктемесі өте көп, балалар күн сайын ақпараттық стресс алса, ересектер де күнделікті қаржылық және отбасылық стреске түседі. Бұл кезде адамның миы бүкіл ағзаға өте көп мөлшерде гормон бөліп, нәтижесінде жүрек қатты соға бастайды, қан қысымы жоғарылайды,  тыныс алу жиілейді, бұлшық еттер жиырылып қалады. Сол стресс адамның бойында жинала келе депрессияға ауысуы мүмкін. Осындай стресте жүрген адамдар жақындарының жылуына мұқтаж болады.
Сондай сәтте, көңілге медеу болатын жаныңа жақын адамдарың күйбең тірлікте көңіл бөлуге қолы тимей жатса, әлгінде айтқан әлеуметтік желідегі ақыл-кеңеске жүгініп, жақсы аффирмацияларды айтып жүргеннің артығы жоқ. Осылай дейтін психологтар созылмалы стрестің терең күйзеліске айналып кетпеуіне мұндай түпсананы өзгертетін тренингтердің көп болғаны да дұрыс деп санайды.

600 мың тұратын ақылы тренинг
Жан дүниемізді зерттеуші ғалымдар адамдардың өз-өзіне қол жұмсауын үш факторға бөліп қарастырады. Медициналық-биологиялық, тұлғалық және әлеуметтік. Алғашқы себепке созылмалы, тұқым қуалау арқылы берілген аурулармен ауыратындар кіреді. Сондай-ақ, «сен барып өл», «сен ешкімге қажет емессің», «сенің өлуің керек» деген сияқты кейбір адамдардың құлақтарына дауыстар келеді, не болмаса «мында жүр», «мойныңа салып өл» деген секілді адамдардың көз алдына бірнәрсе елестеуі мүмкін. Бұл биологиялық факторларға жатады. Яғни, бұл адамда қандай да бір ауру бар. Адам суицид жасағанда сол әрекетке саналы түрде барады. Бірақ, дәл осы есту және көзге елестеу арқылы өзіне қол жұмсаушылар ештеңенің парқына бармай, іс-әрекетіне жауап бере алмай барады», – дейді мамандар. Екіншіден, жан-жақтан көрсетілетін қысымдар, отбасылық тәрбие, тұрмыстық жетіспеушілік сияқты әлеуметтік факторлар да суицидке себеп болады. Үшінші, жасөспірімдік кезеңде пайда болатын мінез-құлық, ата-анамен қарым-қатынастың азаюы, мектептегі түртпектеу, қатарластарының ортаға қоспай шеттетуі жүрекке жақын қабылдайтын, сезімтал, ортаға тез қосыла алмайтындардың өз-өзіне қол салуына әкеліп соғады. Құпиясын ешкіммен бөлісе алмай, жан жарасын жазуға көмектесер жақынды таппаған соң көпшілігі қиындықтан шығудың жалғыз жолы – өлім деп ойлайды. «Кейбіреулері жан жарасын әлеуметтік желілерден іздейді. Егер пайдасын тигізіп жатса, әлеуметтік желілерде өткізіп жатқан тренингтер көптік етпейді» деп санайды психологтар. Алайда, ақылы курстардың күйзелісте жүргендердің деңгейін дөп басуы екіталай екенін айтқан Мира Смағұлқызы: «Сенім телефондарына қоңырау шалатындардың іс-әрекетіне баға берсек, шын мәнінде ешкім өлгісі келмейді. Барлығының жанайқайы, іштегі сырын адамдар тыңдаса деп ойлайды. Кейбір адамдар «менде басқа жол жоқ» деп айтады. «Соңғы  үмітім» деп звондайтындар бар. Біз телефонды өзі қойып тастағанша оларды барынша әңгімеге тартып, жаман ойынан арылуына көмектесеміз. Қайта қоңырау шалуын сұраймыз,
уәдесін алуға тырысамыз. Егер күйзелісінің деңгейі тым тереңдеп кетсе, онда оған психиатр, психотерапевтің
көмегі қажет болады. Ондай жағдайда адамдардың сауықтыру орталығына жатуы керек. Әлеуметтік желілерде тренинг жүргізетін психологтар алдымен адамдардың жан дүниесіне диагностика жасай білуі қажет. Сау адам ба, әлде патологиядағы адам ба? Психикасы бұзылған адам болса, оған мың жерден мықты тренинг маман болса да көмектесе алмайды. «Мен» деген психологтардың өзі бұл жерде дәрменсіз. Ондай адамдарды міндетті түрде арнайы дәрілердің көмегімен ғана емдеу мүмкін болады. Содан кейін ғана түзету жұмыстарын психологтар алуға рұқсат. Өткенде сенім телефонына звондаған бір әйел осындай ақылы тренингтерге қатысамын деп 600 мың теңгесін беріпті. Жылдың басынан бері ақылы тренингке қатысып, бірақ, ешбір нәтиже болмаған соң бізге қоңырау шалған. Өйткені, терең күйзелісте жүрген адамды суицидтен сақтандыру үшін тренинг аздық етеді», – дейді өзінің аты-жөнін атамауды сұраған психолог.

Жан – Алланың аманаты
Қасиетті дінімізде өзі-өзіне қол жұмсауды ең үлкен күнәлардың қатарына жатқызады. Өйткені, жан – Алла тағаланың адам баласына берген қасиетті аманаты. Алла тағала Құранда: «Өз бастарыңды қауіпке тікпеңдер» (Бақара сүресі 195-ші аят) деп адам баласына өз өміріне қауіп төндіретін әртүрлі іс-әрекеттерден бойын аулақ ұстауын бұйырады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадистерінде өзі-өзіне қол жұмсаудың үлкен күнә екендігін қадап айтқан. «Кімде-кім, дүниеде өзін жіппен қылқындырып өлтіретін болса, тозақта өзін сонымен қылқындыратын болады. Өзі-өзін атып өлтірген адам, тозақта өзі-өзін атып азаптайтын болады. Кімде-кім, өзі-өзін таудан құлатып өлтірсе, тозақта үнемі отта азап тартады. Ал, кімде-кім у ішіп өзін-өзі өлтірсе, у ыдысы қолында болған күйінде тозақта үнемі азап тартады» деген.

«ЖАҚСЫ СӨЗ – ЖАРЫМ ЫРЫС» ДЕМЕКШІ, КҮЙБЕҢ ӨМІРДЕ КҮЙЗЕЛІСТЕ ЖҮРГЕН ЖАҚЫНДАРЫМЫЗДАН ЖЫЛЫ СӨЗІМІЗДІ АЯМАЙ, ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУ КЕРЕКТІГІН ТҮПСАНАМЫЗҒА ТҮЙСЕК, ТРЕНИНГТЕРГЕ ТЕЛМІРІП, ТОЗАҚ ОТЫНА АСЫҚҚАН ТАЛАЙЛАРҒА ТОСҚАУЫЛ БОЛАР ЕДІК.
Жадыра МҮСІЛІМ

[ratings]

Трендтегі “Шайн мускат“ жүзіміне қатысты тексеріс нәтижесі белгілі болды

Ауыл шаруашылығы министрлігі желіде трендке айналған "Шайн мускат" жүзімінде ағзаға зиянды зиянкес табылмағанын мәлімдеді.

Қай облыстарда жаңа су қоймалары салынады?

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов "Жедел желі" бағдарламасы қай облыстарда жаңа су қоймалары салынатынын айтты.

21 қарашада ауа райы қандай болады?

Қазақстан бойынша 21 қарашаға арналған ауа райы болжамы белгілі болды.

Тоқаев пен Орбан бірлескен мәлімдеме жасады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің алдында бірлескен мәлімдеме жасады.

Ауылдық жерде жұмыс істейтіндерге қандай жеңілдік бар?

Қазақстанда ауылдық жерлерде жұмыс істейтіндерге белгілі бір жеңілдіктер беріледі.