Қауіпті инфекцияның жолына тосқауыл болып жүрген мамандарға сыйақы беріледі. Бүгін Талдықорған қаласындағы санитарлық посттар жұмысымен танысқан Алматы облысының әкімі Амандық Баталов осылай деп мәлімдеді. Әкімнің айтуынша халықтың денсаулығы мен өмірін сақтау үшін постта күні-түні жұмыс істеп жүрген полиция қызметкерлеріне, басқа да қызметтердің, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне сыйақы қарастырылады.
«Бірінші кезекте сыйақы медицина қызметкерлеріне беріледі. Бұл мақсатқа біз бюджеттен 137 млн. теңге бөлдік», — деген Амандық Баталов барлық санитарлық посттар мен блокпосттарда күшейтілген режимде жұмыс істеуді жалғастыру керектігін айтты. Қазір Алматы облысы бойынша 103 пост жұмыс істеп тұр, оның 57-сі — санитарлық және 46-сы — блокпост.
— «Көп нәрсе сіздердің әрқайсыларыңыздың сапалы да жауапты жұмыстарыңызға байланысты. Вирустың таралуына жол бермеуіміз керек. Сондықтан егер қажет болса, барлық қызметтерден қосымша адам тартыңыздар. Посттардың жұмыс істеуіне қажетті жағдайлардың бәрі бар, біз қолдау көрсетуді жалғастыра береміз, — деді облыс әкімі.