Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов облыс орталығы маңындағы санитарлық посттарды аралап көрді. Облыс орталығы басшысының айтуынша қазір қалаға кіріп-шығу тәртібі күшейтілген. Санитарлық посттардан өту бірнеше кезеңнен тұрады.
Алдымен полиция қызметкерлері қалаға кіретін адамның тіркелген жерін онлайн форматта тексереді, егер олар Талдықорған қаласының немесе оның маңайындағы елді мекендердің тұрғындары болмаса, онда көліктер кері қайтарылады. Мысалға, Алматы – Талдықорған трассасының 3-ші бөлімше жағынан қойылған 1-ші санитарлық посттың өзінен бүгін 800 машина өтсе, 420 машина кері қайтарылған. Яғни, әрбір 3 көліктің екеуі қалаға кірсе, біреуі кері қайтарылуда.
Посттарда сондай-ақ, кірген көліктердің барлығы дезинфекцияланады, әрбір жүргізуші мен жолаушы тепловизор арқылы тексеріледі. Мысалы, Текелі – Талдықорған трассасында орналасқан 3-ші санитарлық посттың жұмысы басталғалы бері 35 мыңнан астам автокөлік тексеріліп, дезинфекцияланған.