ҚАУІПТІ ДЕРТТІ ЖҰҚТЫРҒАНДАРДЫҢ ҚАРАСЫ КҮН САНАП КӨБЕЙІП ЖАТЫР. ҮРЕЙЛЕНГЕН ЖҰРТ СУЫҚ ТИСЕ ДЕ КЕСЕЛГЕ ШАЛДЫҚҚАНДАЙ КҮДІКТЕНІП ЖҮР. ЖАҚЫН КҮНДЕ КОРОНАВИРУСТЫҢ БАР-ЖОҒЫН АНЫҚТАЙТЫН СЫНАМАЛАРДЫ АҚЫЛЫ ТАПСЫРУҒА ЖОЛ АШЫЛМАҚ. БІРАҚ, ҚАТЕРЛІ ДЕРТТЕН ҚАЙТЫС БОЛҒАН ОТАНДАСЫМЫЗДЫҢ АУРУ БЕЛГІСІН АЛҒАШҚЫ СЫНАМАНЫҢ АНЫҚТАЙ АЛМАҒАНЫ БЕЛГІЛІ. ЕНДЕШЕ АҚЫЛЫ СЫНАМАЛАРДЫҢ ДӘЛ, ҚАТЕСІЗ ЖАСАЛАРЫНА КЕПІЛДІК БАР МА?
Жаһанда айтылып жатқан зерттеулерге сүйенсек, коронавирусты жұқтырғандар алғашқы күндері өзін сау адам секілді сезінеді екен. Халық қазір коронавирустан қорғанудың сан түрлі тәсілін қолданып, барынша сақтана бастады. Әлемге тараған індеттің емі табылмағанымен, әркім өзі үшін карантин кезінде коронавирусты анықтайтын арнайы сынақтан өтуді құп көреді. Бірақ, мұндай тест сынамасын жасату барлығына міндеттелген бе, кімдерге тегін өтуге болады?
Қазір дүниежүзінде Covid-19 диагнозын қою үшін екі түрлі сынақ түрі қолданылады екен. Біріншісі, тек зертханаларда полимеразды тізбекті реакция үшін қолданылады (ПТР сынағы). Адам тамағы немесе мұрнынан үлгі алады, ондағы зертханада вирус бөлшектерін іздейді. Екінші түрі – қандағы иммуноглобулиндердің бар-жоғын анықтайды. Оның тиімділігі біріншісіне қарағанда айтарлықтай төмен, ол вирус болуының тек жанама белгілерін көрсетеді. Иммуноглобулиндер инфекциядан кейін 5-7 күн өткен соң ғана шығарылады. Мұның өзі адамның коронавируспен ауырып тұрғанын дөп басып айта алмайды. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың өзі брифинг барысында сынамалар қорытындысына соншалықты сенуге болмайтынын айтқан. Дегенмен, қазіргі кезде жұқтырғандарды анықтау және оларды карантинге орналастыру үшін жедел диагностика жасатуда жалғыз мүмкіндік – экспресс-тестерге сүйенетіндерін жасырған жоқ.
Қазір елімізде Қытайда шығарылған соңғы үлгідегі тест-жүйелері қолданысқа енгізілді. Бұл сынама да адамның вирус жұқтырған-жұқтырмағанын зерттеуге 7-8 сағат кетірсе, ал, нәтижесі 12 сағаттан соң ғана дайын болады. Жақында Қазақстанға 150 мың тест әкелінеді. Ал, экспресс-тестер елге бірнеше демеушінің есебінен жеткізілетін болады. Бұған дейін «Сәби» қоры және Kaspi.kz коронавирусты, ИВЛ аппаратын анықтау үшін экспресс-тест сатып алуға 200 миллион теңгеден астам қаржы бөлген.
Ауруды анықтайтын арнайы сынама «Олимп» және «Invivo» секілді медициналық орталықтардың арнайы зертханасының базасында өткізіледі. Бұл экспресс-тестер пациентте антиденелердің бар-жоғын анықтайды, яғни, кім дәл қазір ауырып тұрғанын, ауру жеңіл өтіп, сауыққанын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл санатқа, тыныс алу жүйесінің ауруы бар адамдар – қауіптілер тобына кіретін пациенттер және ауырып қалғандар, соның ішінде қарт адамдар мен 18 жасқа дейінгі балалар кіреді. Денсаулық сақтау министрлігі, тауарлар
мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова соңғы уақытта ел аумағынан шықпаған және коронавирус жұқтырғандармен байланыста болмаған адамдардың бұл инфекцияға қатысты диагностикалық тестен өтуінің қажеті жоқтығын айтып отыр. «Бұл тестер ауру белгілері және эпиданамнез болғанда ғана қолданылады. Яғни, егер ол ешкіммен байланыспаса, қазір 1А және 1Б
санатына жатқызылған елдерден келмесе, ауру белгілері пайда болмаса сынама жасау қажет емес», – дейді комитет басшысы. Сондай-ақ, Л.Бюрабекова экспресс-тестен өтетін адамдар санаты әлі де нақтыланып жатқанын, тестілеу ақылы түрде жүргізілетінін де жеткізді. Тегін тестілеуден тек вирус жұқтыруы мүмкін деген кісілер ғана өте алады. Ал, ақылы сынамадан шетелге шықпаған және коронавирус инфекциясын жұқтырғандармен байланыста болмаған қазақстандықтардың өтуіне рұқсат.
Келесі айдан бастап «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханалар желісінде коронавирусқа тегін экспресс-тест жасату басталады. Желінің бас директоры Ерлан Сүлейменов: «Біз 100 мың тестке тапсырыс бердік.Олар 50 мыңнан Алматы мен Нұр-Сұлтанға бөлінеді. Мерекелерден кейін тағы келеді. Шамамен сәуір айынан бастап жұмысқа кірісе аламыз. Тестер сондай-ақ, Invivo-да және басқа да жеке зертханаларда іске қосылады. Бұл қызметті міндетті түрде алуы керек адамдар бірнеше топқа бөлінеді. Олардың қатарына пациенттермен тікелей байланысатын медициналық ұйымдардың қызметкерлері және карантиндік аймақтарда халыққа қызмет көрсетумен айналысатындар – полицейлер, өрт сөндірушілер, әскерилер кіреді», – деді. Оның айтуынша, екінші топқа 2019 жылдың қараша-желтоқсан және 2020 жылдың қаңтар-ақпан айлары аралығында вирус ауруларымен ауырған адамдар жатады. Содан кейін қалауы бойынша кез келген адам коронавирусқа экспресс-тест тапсыра алады. «Осы вирустық инфекция карантиндік, патогендіктің екінші
тобына жатады, адамнан адамға жұғады, сондықтан біз серіктестеріміз бен жеке емдеу ұйымдарын тарта отырып, емшара кабинеттерінде жұмыс істейміз. Пациенттер сайт арқылы жазыла алады деп жоспарлап
отырмыз. Олар белгіленген уақыт бойынша жеке кабинеттерге келеді және ауру жұқтырған қандай да бір адаммен байланыса алмайды. Барлығы регламент бойынша қатаң түрде жүргізіледі», – дейді зертхана директоры.
Ал, тест тапсыра алатын азаматтарды іріктеу үшін денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологтар тобын жұмылдырады. «Эпидемиологтар іріктеумен айналысады. Сондықтан, сараптама тапсырғысы келетіндерге сайтта эпидемиологқа қажетті барлық сауалнаманы толтыру қажет. Инфекция бұрын болған ба, жасы, қосалқы аурулар, пневмония, суық тию белгілері пайда болған жағдайда – дене температурасының жоғарылауы, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауыруы байқалса, біз тест жүргізе алмаймыз. Бұл жағдайда үйге жеделжәрдем шақыру қажет», – деп түсіндірді Ерлан Сүлейменов. Бүгінгі күні әлемнің барлық елінде коронавирусқа қарсы күресте арнайы сынаманы күдікті жағдайларда ғана жүргізу керектігіне аса мән беріп отыр. Себебі, жаппай тест жасатудың мүмкіндігі де аз әрі мағынасы жоқ екенін алға тартады мамандар. Коронавирусқа арналған тест-сынаманың бағасы әлемдік нарықта шарықтап тұрғанын айтқан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропа бюросының үйлестірушісі Дорит Нитзан кейбір елдерді бұл орайда үнемді болуға шақырады. Сол себепті де біздің денсаулыққа жауапты басшыларымыз коронавирусқа тесті арнайы белгілер байқалғанда ғана тапсыруды міндеттейді. Өйткені, бір адамның ауруын анықтауға арналған сараптаманы жасату үшін бюджеттен шамамен 10-14 мың теңге жұмсалады екен. Егер деніңіздің саулығына сонда да көз жеткіземін десеңіз, арнайы зертханалардың сайтында сауалнамадан өтіп, 5000 теңгеңізді дайындап қоясыз. Алайда, ақылы сынама жасатушылар тек тегін тест тапсырушылардан кейін ғана кезекке қойылады. Ең дұрысы, тест жасатуға теңгеңізді санағанша, «Сақтансаң сақтаймын» дейтін тәмсілге құлақ түріп, дәрігерлердің үндеуін ұдайы естен шығармаған жөн-ақ.
Жадыра МҮСІЛІМ
[ratings]