12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛҒАНДАРҒА ҚАНДАЙ КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕДІ?

Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты халықтың біраз бөлігі жұмыссыз қалды. Өз кезегінде бұл мемлекеттен көмек алушылардың қатарын күрт көбейтіп отыр. Аяқ асты тұрақты табысынан айырылғандар енді қайда бармақ? Тығырықтан шығу жолы ретінде ұсынылған 42500 теңгені кімдер алады? Төтенше жағдай салдарынан жұмыссыз қалған қарапайым жандардың құқығы қандай? Оқырман көкейіндегі көп сауалға заңгер Гүлмира ҚАРАСАЙҚЫЗЫ жауап берген еді.

Жұмыс берушілер не істеуі керек?

«Маған көп адамдар жұмысым жабылып қалды. Бізге қандай құқықтық кеңес бере аласыз?» деп хабарласып жатыр. Ол адамдарға айтарым, біріншіден, төтенше жағдайға байланысты жұмыс орындары жаппай жабылып жатқан жоқ. Дұрысы, уақытша тоқтап тұр. Енді, жұмыссыз қалғандар не істеуі керек немесе жұмыс беруші тарапынан қандай қадамдар жасалуы мүмкін? Алдымен осыған тоқталайын. Әрине, жұмыс беруші өзіне тиімді жолын таңдайды. ҚР Еңбек кодексінің 112-бабына (Бос тұрып қалу уақытына ақы төлеу) сай
жұмыс беруші әрбір жұмыскерге ең төменгі айлық мөлшерінен кем емес өтемақы (42500 теңге) төлеуі тиіс. Осы жерде екі мәселенің басын ашып түсіндіре кетейін, біріншісі бұл төлем жұмыс тоқтап қалған жағдайда рәсімделеді. Екіншісі, 42500 теңгені жұмыс беруші өз есебінен төлейді. Оны мемлекеттің 42500 теңге жәрдемақысымен шатастырмау керек. Егер жұмыстың тоқтауы жұмыс берушінің кінәсінен орын алса, онда жұмыс беруші жұмыскердің орташа жалақысының кемі елу пайызын төлеуге міндеттеледі. Ал, келеңсіз жағдай жұмыскердің кінәсінен болса ешқандай төлем берілмейді. Қысқаша айтқанда, заң бойынша жұмыс беруші егер сізді жұмыстан қысқартпаса, қашықтан жұмыс істеуге жібермесе, ақысыз еңбек демалысын да алмаған болсаңыз, ең төменгі айлық есептік көрсеткіш 42500 теңге алуға құқылысыз. Мысалы, сіз цехта станокта жұмыс істейсіз делік, төтенше жағдайға байланысты жұмыс тоқтап қалды. Станокты үйіңізге көтеріп кете алмайсыз ғой. Қалай болғанда да, жұмыс беруші жұмыскерді үйіне жіберуге мәжбүр. Яғни, жұмыс беруші сізге жоғарыда түсіндіріп өткенімдей не 42500 теңгені төлейді немесе еңбек шартына сай әрекет етуі мүмкін. Ол үшін еңбек шартында жұмыс тоқтап қалған жағдайда мынадай сомма төленеді деген бөлім болса, сол төлем төленуі мүмкін. Мұндай пункттер негізі ұжымдық еңбек келісім шарттарында болады. Сондықтан, алдымен еңбек келісім шартын жақсылап оқып шығуға кеңес беремін. Мүмкін онда «орташа жалақыңыз төленеді» деп көрсетілген шығар. Демек, орташа жалақыңыз 70 мың теңге болса, соны аласыз. Әрине, бұл жұмыскерлерге әлдеқайда жақсы емес пе? Дегенмен, сөз басында айтып өткенімдей қазіргі жағдайда жұмыс берушіге 42500 теңге төлеген тиімді болып тұр. Осылайша, жұмысыңыз қайта қарқын алғанға дейін тиісті төлемді алып отырасыз. Жұмыс іске қосылған соң, әдеттегідей жұмысқа кірісесіз.

Жұмыс кестесі өзгергендер үшін

Икемді жұмыс кестесі (гибкий график) туралы айта кетейін. Бірден айта кететін бір жәйт, жұмыс беруші жұмыскерлерді икемді жұмыс кестесіне көшуге мәжбүрлей алмайды! Заң бойынша жұмыскер айына 40 cағаттан артық жұмыс істемеуі керек. Күніне сегіз сағат. Орын алған жағдайға байланысты жұмыс беруші қызметкерлерге жарты күндік жұмыс кестесін ұсынуы мүмкін. Яғни, төрт сағат. Бұл ретте жалақы көлемі де азаюы мүмкін. Сондықтан, мәселені алдын ала жұмыс берушімен келісіп шешу керек. Дейтұрғанмен, сіздің жұмыс сағаттарыңыз қысқарғанымен, атқаратын жұмысыңыздың көлемі кемімесе, бұған дейінгі айлығыңыз да сақталуы тиіс. Бұрын сол жұмысты сегіз сағатта асықпай атқарсаңыз, енді дәл сол жұмысты тапжылмай отырып төрт сағатта аяқтауға мүмкіндігіңіз жетсе, соған сай жалақы алуға құқылысыз.

42500 теңге алудың жолы

Билік уәде еткен 42500 теңге кімдерге төленеді және оны қалай алады? Бірінші, неге 42500 теңге? Неге бұдан аз немесе көп емес? Жасыратыны жоқ, көпшілік 42500 деген цифр қайдан шықты деген ең қарапайым сұрақтың жауабын білмейді. Бұл мемлекеттің 2020 жылға белгіленген ең төменгі айлық көрсеткіші. Бұл экономикалық ахуалға байланысты өзгеріп отырады. 42500 теңге төлемді алудың екі жолы бар. Біріншісі, мемлекеттік жәрдемақы түрінде. Бұл төлемді жұмыссыз қалғандар, қолдарында жұмыс берушінің «ақысыз еңбек демалысы берілсін» деген бұйрығы барлар алады. Ал, жеке кәсіпкердің қол астында жұмыс істейтіндер 42500 теңге жалақы есебінде алады. Осы ретте, қазір аталған жәрдемақыны алу үшін қайда барамыз? Кімге жүгінеміз? деген сауал ең өзекті болып тұр. Дәл қазіргі жағдай бойынша, мемлекет әлі бұл мәселені шешу механизмін нақтылаған жоқ. Сондықтан, «ЦОН-ға бар, анда бар, мында бар» дей алмаймын. Алайда, алдын ала берілген ақпараттар бойынша, жұмыс берушілер төтенше жағдайға байланысты ақысыз демалысқа кеткен жұмыскерлерінің тізімін уәкілетті органдарға жібереді. Немесе өздері үйде отырып тиісті органдарға жұмыссыздық жағдайы туралы ақпарат жібере алатындай мүмкіндік жасалуы да ықтимал. Аталған жәрдемақы төтенше жағдай аяқталғанша беріледі. Сондай-ақ, бұл төлем кіші және орта бизнестегілерге ғана тиесілі. Ірі кәсіпорында жұмыс істейтіндерге еш қатысы жоқ. Егер сіз төтенше жағдай жарияланған 16 наурыздан кейін жұмыстан шығып қалған болсаңыз, онда 42500 теңгені қанша уақыт жұмыссыз отырсаңыз, сонша уақыт аласыз.

ЖК иелерінің табысы мен ұстаздар жалақысында қандай өзгеріс бар?

Сондай-ақ, жәрдемақы шағын және орта бизнестегілерге де беріледі. Ол үшін жеке кәсіпкер салық басқармасына кәсібінің төтенше жағдай салдарынан тоқтап тұрғаны жөнінде өтініш жазады. Мұнда да әлеуметтік аударым шешуші рөл атқарады. Көп қойылатын сұрақтардың бірі, «қазіргі жағдай ұстаздардың жалақы көлеміне әсер ете ме?» деген сауал. Онлайн білім беру кезіндегі еңбек ақы төлеу мәселесі
еңбек шартына қосымша шарт жасау арқылы реттелуі мүмкін. Яғни, онлайн білім беру ұстаздардың жүктемесіне қалай әсер етті, қиындады ма, жеңілдеді ме? Әзірге бұл тұрғысында сөз қозғала қойған жоқ. Дейтұрғанмен, заңды жолы осы. Қосымша келісім шарт жасалмаса, ұстаздардың бұған дейінгі жалақысы сақталуы тиіс.
Жазып алған
Камила ӘКІМБЕКҚЫЗЫ,
«Заң газеті»

БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА
Әлеуметтік төлемді төлеу шарттары жеңілдетілді 42 500 теңге әлеуметтік төлем алатын адамдардың тізімі кеңейтілді;
Сонымен 42 500 теңгені кімдер ала алады?
– Орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлері – жұмысшылары;
– Карантин енгізілген елдімекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері – жұмысшылары;
– Жеке кәсіпкерлер;
– Жеке практикамен айналысатын адамдар: нотариус, жеке сот орындаушылары, адвокат, медиатор;
– ЕСП төлеп, өзін өзі жұмыспен қамтамасыз етіп жүргендер;
– Азаматтық-құқықтық келісімшарттар бойынша кіріс алатын адамдар. Қарапайым тілмен айтқанда еңбек шарты емес, оның орнына МКК келісімшарт бойынша қызмет атқарғандар.
Қандай талап қойылады?
– Егер сізге мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына соңғы 12 айда кемінде 1 рет әлеуметтік аударым жасалған болса, сіз осы көмекті ала аласыз.
Қандай құжат керек?
ТЖ байланысты табысты жоғалту фактісін растайтын құжаттарды ұсыну қажеттілігі жойылды. Енді төтенше жағдай салдарынан кірісті жоғалту фактісін растайтын құжаттарды ұсынуға қойылатын талаптар алынып тасталды.
Әлеуметтік төлемдерді алу үшін не істеу керек?
– жұмысшылар egov.kz арқылы өздері өтініш тапсыра алады;
– жұмыс берушілер қызметкерлердің тізімін береді;
– ЖК мен ЕСП төлейтіндер сол кәсібі туралы мәлімет жазып өтініш береді.
Өтініш үш жұмыс күні ішінде қаралады

[ratings]

Трендтегі “Шайн мускат“ жүзіміне қатысты тексеріс нәтижесі белгілі болды

Ауыл шаруашылығы министрлігі желіде трендке айналған "Шайн мускат" жүзімінде ағзаға зиянды зиянкес табылмағанын мәлімдеді.

Қай облыстарда жаңа су қоймалары салынады?

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов "Жедел желі" бағдарламасы қай облыстарда жаңа су қоймалары салынатынын айтты.

21 қарашада ауа райы қандай болады?

Қазақстан бойынша 21 қарашаға арналған ауа райы болжамы белгілі болды.

Тоқаев пен Орбан бірлескен мәлімдеме жасады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің алдында бірлескен мәлімдеме жасады.

Ауылдық жерде жұмыс істейтіндерге қандай жеңілдік бар?

Қазақстанда ауылдық жерлерде жұмыс істейтіндерге белгілі бір жеңілдіктер беріледі.