Ұлттық киіміміз Ұлыстың Ұлы күні ғана сандығымыздан шығады. Басқа уақытта оюлы шапанды иығымызға ілмейміз. Соңғы кезде түсірілген кинолар да ұлттық реңк, салтдәстүр, қазақы киімнен ада. Қазақтың «мені» білінбейді. Неге? Өз құндылықтарымызды насихаттаудан неге қашамыз?
Данияр Саламат, драматург, режиссер:
- Жақында ғана «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» құрылды. Енді ғана ашылып отырған орталық қазақ киносының өрісін кеңейтуге өз септігін тигізеді деген ойдамын. Алайда аты айтып тұрғандай, «Ұлттық фильмдерді қолдау мемлекеттік орталығында» үміткер фильмдер «ұлттық кино» мәртебесіне де таласады. Ал қатысып жатқан киножобалар сол «ұлттық кино» мәртебесіне лайық па? Мәселе осында. Оны қандай талап-белгілер арқылы анықтаймыз деген секілді мәселе толық ашылмаған. Киноның ұлттың тілінде болуына ма, жоқ әлде кинодағы ұлттық құндылықтарымыздың көрсетілуіне ме? Қалай бағалаймыз?
Орталық Төрайымы Гүлнар Болатқызының дерегі бойынша, жақында өткен іріктеу кезеңінде өтінім берген 215 киногердің 10 пайызға жетер-жетпесі ғана сценарийлерін мемлекеттік тілде – қазақ тілінде тапсырған. Алғашқы іріктеуден өтіп, питчингке жіберілген 88 үміткердің үшеуі ғана таза қазақ тілінде қорғапты. Ойланатын жайт. Қасіретті жайт. Демек олар ұлттық киноның ұлттың тілінде болуына назар аударып отырған жоқ. Ал ұлттық сипат түгілі тілінің өзі ұлттың тілінде болмай тұрған дүниеден не қайыр күтеміз? «В начале было Слово»- дейді Библияда. «Өнер алды – қызыл тіл»- дейді халқымыз. Яғни, барлық өнер атаулының негізі – тіл. Ұлттың жаны да, қасиеті де, қасіреті де – тілде. Ұлттық ерекшелік әуелі тілде ұйып, сосын жүрекке құйылады. Тілді зерделей алмасаңыз, ұлттың жанын да зерттей алмайсыз. Кинотанушы, киносыншы – Назира Рахманқызы бір сұхбатында: «Ұлттық нышаны айқын киноны дамытайық дейміз, танытайық дейміз, бірақ өнім қайда?»-деп қалған еді. Рас сөз. Біз тілге тиек етіп отырған ұлттық кино нышандары кейінгі уақытта назардан тыс, бағасыз, елеусіз қалған себепті жойылу алдында. Түсіріліп отырған кинодан ешқандай ұлттық реңк байқай алмаймыз. Ондай талап қойып отырған да ешкім жоқ. «Ұлтық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» сценарийлер қоржынының он-ақ пайызы қазақ тілінде болуы – соның айқын дәлелі. Ал, қазақ тілді, қазақы пайымды режиссер-мамандар қайда кетті? Ешқайда кеткен жоқ, бар! Тек, танып, қолдай білуіміз керек. Кенжебек Шайқақов, Елзат Ескендір, Мұрат Есжан секілді алғашқы фильмдерімен халықаралық кинофестивалдерде бәйгеден келген, былайғы жұрттың да назарына ілінген жастарды ұлттық киноның жанын түсінеді деп айтуға болады. Бекзат Смадияр, Тұрсынбек Башар, Есбол Нұрахмет және т.б. кино әлеміне жаңа аяқ басқан жастарды да ұлттық киноның бағын ашатын мамандар деп атауға болады. Бұлардың бәрі қазақ әдебиетін терең меңгерген, әлем әдебиеті мен кино үрдісін жадына тоқыған азаматтар. Олар ұлттың да есесін жібермей, әлемдік сұранысқа да сай кино түсіре алар еді.
Ұлттық киноның бойына әр, денесіне жан беретін – ұлт әдебиеті. Ұлт әдебиетін білмей, ұлт киносын жасау мүмкін емес. Ұлт әдебиетін тоқу арқылы тарихи сана қалыптасады. Ал тарихи санасы қалыптаспаған адамнан ұлттық кино күту мүмкін емес. Сондай-ақ «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығында» өтпек бұдан былайғы питчингтерде қазақ тілді киножобаларды бөлек қарауын ұсынамын. Сонда ғана ұлттық киноны қазақ тілінде түсіруге сұраныс артады. Мемлекет тарапынан түсірілетін киноларға ұлттық сипат беріп, ұлттың тілінде сөйлететін кез жетті деп ойлаймын.
Ғалия Қайдауылқызы, этнограф:
- Рас, соңғы жылдары түсірілген кинолардың барлығын көріп отырғанда қазақи болмыс, ұлттық нышан таба алмай қиналамыз. Бейнебір шетелде түсірілген, аударылған дүние секілді әсер етеді. Немесе қазақи мінезді әжуалаған, ұлтты сорлы қылып көрсеткен дүбара бірдеңелер. Мәселен өзбектің кез келген киносында не салт-дәстүрі, не ұлттық киімі, не ұлттық мінездері көрінеді. Киносы арқылы ұлтын тануға мүмкіндік бар. Үндінің киносында да сондай. Жапондардың киносын көргенде де бірден жапонның киносы екенін аңғарамыз. Жапонның мәдениетімен танысамыз. Ал неге біздің киноларымыздың жаны қазақи емес?!
Жалпы біз ұлттық құндылықтарымызға келгенде тым селқоспыз. Ұлттық киімдерімізді де тек ұлттық мерекеде ғана киеміз. Басқа уақытта іздемейміз. Қырғыздар айырқалпағын, өзбектер ала көйлегін, үнділер де ұлттық киімін тастамайды. Киносында ғана емес, күнделікті өмірде де ұлттық болмысы көрініп тұрады. Қай ұлт екенін киіміне қарап ақ танып алуға болады. Бәлкім бұл еліміздегі жеңіл өнеркәсіптің кенже қалғанынан болар. Өйткені сапасы сын көтермейтін ұлттық киімдерді қырғыздар тігіп беріп жатыр. Ал сапасы дұрыстау бірлі жарым Отандық киімдердің бағасы үнемі ұшып тұрады. Өзіміз эксклюзив қылып, тек «сахналық киім» ретінде бағалаған соң, өндірушілер де бағасын жоғары қойып, жоғары бағалайды ау деймін. Демек ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу кешенді жұмыс. Мемлекет тарапынан арнайы тапсырма беріліп, ұлттық киім өндірісін жолға қойып, оны күнделікті киетін киімге айналдыру, ұлттық киноларымызға ұлттық реңк беру, ұлттық салт дәстүрлерімізді дәріптеу кешенді түрде жүргізілуі керек. Сонда ғана ұлттық құндылықтарымыз көрінеді. Насихаты артып, ұлтымызды танытады.
Ұлттың тілін, ұлттық құндылықтарымызды, ұлттық салт-дәстүр, қазақи болмысымызды дәріптемесек көп нәрседен ұтыламыз. Тіпті ұлттық ерекшелігімізді жоғалтып алуымыз мүмкін. Сондықтан ұлттың жоғын түгелдеуге мән беруіміз керек.
Қалдыбай ДҮЙСЕМБАЕВ