Коронавирус дертінің таралуын шектеу үшін елімізде төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Әлемді алаңдатқан, дамыған мемлекеттердің өзін әбігерге түсірген індеттен біз де сырт қалмадық. Қазірдің өзінде ауру жұқтырғандардың саны жылдам көбеюде. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының карантинге жабылуы да сондықтан. Қауіпсіздік үшін көптеген жұмыс орындары қызметін тоқтатып, көпшілігі қашықтықтан жұмыс істеуге көшті. Бұл керек! Өзіміз үшін, жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін, елеміздің тыныштығы үшін маңызды! Сондықтан, сақтық шараларына селқос қарамайық!
Кешелі бері дәрігерлер, полиция қызметкерлері, халыққа қызмет көрсететін мамандар, журналистер қауымы «Мен сіздер үшін жұмыстамын, сіз мен үшін үйде болыңыз!» деген челленджді бөлісуде. Олардың бәрінің ата-анасы, бауырлары, балалары жандарын шүберекке түйіп үйінде отыр. Ауру жұқтыру қаупі басым жақынының ортасына аман оралуына бәрі тілекші. Біздің де қалауымыз сол. Бірақ, осындай сын сәтте халыққа қолдау көрсетудің орнына жалған ақпарат таратып, үрейлі жазбалармен бөлісіп жатқандар қаншама! Бүгінгідей заманда адам аурудан емес, жалған ақпараттан зардап шегіп отыр. Ал ақпараттың дер кезінде таралуы халықтың қорқынышын басады, сенімін нығайтады. Осыған орай, «Заң газеті» мен «Юридическая газета» басылымдары төтенше жағдай кезінде де белгіленген кестеге сай өз жұмысын жалғастыра береді. Қос басылымның журналистері қалыпты режимде қызмет етіп, қамкөңіл халықты күнделікті маңызды ақпараттардан шет қалдырмауды мақсат етіп отыр. Әрине, газеттің дер кезінде қолға тимеуі, жеткізу кезінде қиындықтардың туындауы мүмкін. Карантин уақытында бұл қалыпты жағдай. Мұндай кемшіліктерге түсіністікпен қарасаңыздар дейміз. Әрі бұл мәселелер баспахана, Казпочта мекемелерімен келісе отырып, шешімін табады деп сенеміз. Қоятын сауалдарыңыз болса «Заң газетінің» журналистері жауап іздеп, көмектесуге әзір! Ол үшін 87272 924343 телефонына қоңырау шалып, zangazet@mail.ru почтасына хабарлама қалдырсаңыз болғаны. Газеттің электрондық нұсқасымен zanmedia.kz сайтынан танысуға болады.
Қымбатты оқырман! Қазір «Қазаны бөлектің, қайғысы бөлек» дейтін кез емес. Осы бір беймаза шақта бірлігі мықты, ынтымағы күшті ел екенімізді көрсете білейік!
Айнұр Сембаева,
«Заң газеті»