— Марат Мұратұлы, жуырда Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық процестік заңнамаларды жетілдіру және жеке адамның құқықтарын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Жаңа құжаттың осындай өзгерістермен қолданысқа енуіне не себеп болды? Бұл қазақ қоғамында қылмыс көбейіп кетті дегенді білдіре ме?
-Еліміз егемендік алғаннан бері азаматтардың конституциялық құқы мен бостандықтарын қорғауда біраз жұмыс жасалып жатыр. Аталған жаңа заңның қабылдануын осы үрдістің жалғасы деп білу керек. Жалпы республика бойынша қылмыстық ахуал нашарлаған жоқ. Статистикаға жүгінсек, тіркелген қылмыстардың саны жылдан жылға азайып келеді. Мысалы, егемендік алған жылдан бері алғаш рет былтыр қасақана адам өлтіру фактілері өте төмен, яғни 845 болды. Жиырма жыл бұрын ол 200-580мыңға дейін болса, кейінгі үш жылда бір жылда жасалған қылмыстың санына тең болған.
Заңнамалық өзгерістерді енгізудің бірінші қағидасы – қылмысқа мүлдем төзбеушілік. Қазақстанның бүгінгі қылмыстық заңнамасы қос векторлық бағытта дамып келе жатыр. Біріншісі – қаупі аз қылмыстардың жауаптылығын азайту, экономикалық қылмыстарды ізгілендіру болса, екінші бағыты – біздің қасиетті құндылықтарымыз адамның өміріне зорлық, педофилия, мал ұрлау, броконьерлік, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны күшейту. Жаңа заң негізінде осы соңғы мәселелерге қатысты жаңа талаптар айқындалып, қолданысқа енгізіліп отыр.
—Иә, жалпы олар бүгінде қоғамның айрықша алаңдаушылығын тудырып тұрған жағдайлар ғой. Мәселен, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жылына төрт жүз әйел қаза табады екен. Сонымен қатар қаншама шаңырақ отбасылық жанжалдың салдарынан ортасына түсіп, балалар тірі жетім атануда. Шынында да бұл жағдай мемлекеттің ықпалды шаралар қабылдамаса арта түсетінін көрсетіп отыр. Естуімізше, енді отбасындағы зардап шегушілер құқы сотта прокурор арқылы мемлекеттік деңгейде қорғалатын болыпты. Жаңа өзгеріске сай әйеліне қол көтергендің ескертумен құтылуы қаншалықты дұрыс?
— Жаңа өзгерістерге орай қоғамда түрлі пікір туып жатыр. Соның бірі әйеліне қол жұмсағандар ескертумен құтылып, жабулы қазан жабулы күйі қалады деген әңгіме. «Шындық шырылдап жеткенше, өтірік бәрін өртеп жібереді» дегендей, теріс ақпарат беріп, қоғамды шулату дұрыс емес. Меніңше, мұны біреулер білмей, енді біреулер хайп үшін, келесі біреулер оларға еріп айтуда. Шын мәнінде заң бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаушыларға жаза еш жұмсарған жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша Әкімшілік кодекстің 73-бабы бұрыннан да бар болатын. Ол отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқықбұзушылық деп аталады. Бұл үй ішінде ері келіп ыдыс сындырса да, балағаттаса да құқықбұзушылыққа жататынын білдіреді. Бұрын отбасының шырқын бұзушы үш күнге әкімшілік қамауға алынатын. Енді ол бес күнге ұзартылды. Бұрын аталмыш бап бойынша отбасы мүшелерімен қатар туыстық қатынасы жоқ адамдар бір-біріне қасақана қол жұмсап, денеге жеңіл жарақат келтіргені үшін арнайы бап негізінде жауапкершілікке тартылып келді. Енді ондағы отбасылық-тұрмыстық салада жасалған әрекет бөлініп, жеке тармаққа айналып отыр. Өйткені, осыған дейін отбасындағы кикілжіңде жеңіл дене жарақатын алған әйел полиция шақырып, күйеуінің үстінен арыз жазады да, үш сағаттың ішінде немесе келесі күні онысын қайтып алып жатты. Мәселен, 2019 жылы 25 мыңнан астам осындай сипаттағы әкімшілік құқықбұзушылықтардың 70 пайызы сотқа жеткен кезде екі жақтың татуласуы бойынша қысқартылды. Мұндай істер еш жерде тіркелмейтін.
Ескерту бұрын да болған. Жаңа заңнама бойынша енгізіліп отырған бұл шара құқықбұзушы өз әрекетіне өкініп, оны жәбірленуші кешірсе, зиянын өтесе ғана соттың шешімімен беріледі. Ол құқықбұзушының кәнігі қылмыскер емес екендігі, енді қайталамайтынына сенген кезде ғана қолданылады. Ескерту бұрын учаскелік инспектордың ғана өкілеттігінде еді. Ол барған кезде татуласып, жабылған қазан жабылып жатты. Енді әрбір осындай құқықбұзушылық саладағы бірыңғай электрондық тізімге тіркеледі. Егер ескерту алса, ол да жаза ретінде есептеліп, екінші рет ескерту берілмейді. Бұл бір жағынан мінездеме ретінде қаралады. Құқықбұзушылық қайталанса кезінде осылай жауапқа тартылып, бір рет ескерту берілді, одан дұрыс жолға түскен жоқ, енді мұның амалы тек қамау, үшінші рет жасаса бала-шағасына күн көрсетпей жатыр екен деп қылмыстық қудалау қажет деген шешім қабылданады. Яғни, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік төмендеген жоқ, керісінше, жаза қатаңдатылды.
— Бұрын осындай жағдайда кіналі адамға айыппұл салынатын. Енді бұл шара алынып тасталған. Мұның себебі неде?
—Өйткені, айыппұлды жәбірленушінің өзі төлейтін де жағдайлар болып жатыр. Мысалы, отбасылық жанжал жасаушылардың кейбірі жұмыс істемейді немесе табысы аз. Ал, оларға қатысты шығарылған 15 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлды төлу туралы сот шешімі орындалу қажет. Ол іске асырылмаса құқықбұзушының есепшоттары бұғатталуы мүмкін. Бұл отбасының қаржылық жағдайына көлеңкесін түсіреді. Сондықтан оны көп жағдайда жәбірленуші өз қаржысынан төлеп жатыр. Осылайша күйеуінен бір зардап шексе, екіншіден отбасына шығын келіп тағы қиналатынын тәжірибе жүзінде байқап отырмыз. Жалпы отбасындағы кез-келген зорлық-зомбылық әрекеттер тек қылмыстық құқық тұрғысынан қарастырылуы қажет деуді құқықтанушылар. Бұл жерде ешқандай не әкімшілік, не қылмыстық жауапкершілік алынып тасталған жоқ. Керісінше, қатайтылып отыр. Енді мемлекеттік айтыптаушы болады. Бұрын жәбірленуші өз проблемасымен бетпе-бет қалып келсе, енді оған мемлекет көмектеседі. Бұл бүкіл мемлекеттік құқық қорғау ресурстары тікелей жәбірленушіге қолдау көрсетеді деген сөз.
—Жаңа заң бойынша жаза күшейтілген қылмыстық әрекеттердің бірі – педофилия, яғни балаларға жыныстық сипаттағы зорлық жасау болып отыр. Соңғы кезде жантүршігерлік осындай оқиғалар көбейіп кетті. Естуімізше, заң бойынша біраз шаралар қамтылған екен. Соның бірі балаға жасалған зорлықты біліп тұрып хабарламағандарға қатысты қылмыстық жауапкершілік. Бұл нені білдіреді?
-Зорлау әрекеті Қылмыстық кодекстің 120-бабымен, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерге қолданылатын жаза 121-баппен белгіленген. Соңғысы осы жыныстық қылмыстардың ішіндегі аса ауыр қылмыстар. Бұл қылмыстар бойынша бас бостандығынан айыру жазаларының төменгі және жоғарғы шектері көтеріліп, кәмелетке толмағанға қатысты балаға жасаған жағдайда тоғыз жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделеді. Егер де абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеліп соғатын болса, онда он жеті жылдан жиырма жылға дейін бас бостандығынан айыру талабы бекітілді. Ал, жәбірленуші он төртке толмаған бала болса жиырма жыл немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.
Сіз айтып отырған мәселені жаңа бап деп айтуға болады. Бұл — кәмелеттік жасқа толмаған балалардың құқын қорғау үшін енгізіліп отырған талап. Өйткені, жеткіншектерге жасалған жыныстық зорлық ауыр қылмыс санатына жатады. Сондықтан оны біліп тұрып, айтпау, хабар бермеу қылмыстық әрекет болып есептеледі. Өкінішке орай, осындай құқықбұзушылықтың интернат, балалар үйлері секілді жабық мекемелерде жүйелі орын алғанын айғақтайтын фактілер бар. Олардың қызметкерлері айқай-шу көтеріп, мекеменің беделіне нұқсан келтіреді деп деректерді жасырып келген. Енді осындай жағдайды біле тұра жасырғандар қылмыстық жауапқа тартылады.
-Өгей әкенің балаға көрсеткен қорлығын жасыратын аналар да баршылық. Олар да мұндай жауапкершіліктен құтылмайтын болар?
-Жаңа заңнама бойынша күйеуінің баласына жасаған жыныстық зорлығын жасырған аналарға да қылмыстық жаза тағайындалады.
— Бүгінде мас болып көлік жүргізетіндердің қоғамға келтіріп отырған залалы аз емес. Олардың жасаған жол апатының салдарынан қайтыс болғандар саны соғыста қаза тапқандар санына пара-пар болып отырғанын айтып еді Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған алғашқы жолдауында. Статистика тек былтырдың өзінде арақ ішіп көлік жүргізген 26 мың жүргізушінің анықталғанын алға тартуда. Мұның сыртында жазадан құтылып кетіп жатқаны қаншама. Сондықтан Президент бұларға жазаны күшейтуге нақты тапсырма берді. Бұл қаншалықты орындалды?
-Көлік құралын мас күйінде басқарушыларға шара қатты күшейтілді. Қазіргі уақытта бейберекет автокөлікті тоқтатуға тыйым салынған. Яғни, бейнекамералардың орнатылуы адами факторды жояды. Екінші жағынан үрейіңіз орынды. Автокөлікке арақ ішіп отырған адамның қандай жағдайда да өзіне сенімділігі күшейіп, өзін батыр сезінеді. Мұндай жағдайда ол неден болса да тайынбайды. Жол үстіндегі түрлі оқиғаға себеп болатын жылдамдықты шектен тыс асыру, қарсы жолаққа шығып кету ішімдік ішіп алғандар үшін әдеттегі әрекет секілді көрінеді. Сондықтан ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабының бірінші бөлігі бойынша мас күйінде көлік басқарушыларға әкімшілік жауапкершілік белгіленіп отыр. Яғни, мұндай жүргізушілер жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Он бес тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Егер әкімшілік жазаны өтеп болғаннан кейін бір жылдың ішінде тағы да ішімдік ішіп алып көлік жүргізсе жүргізуші куәлігінен сегіз жылға айырылады. Ал, автокөлікті ішімдік ішіп алып жүргізіп, адамдарға жеңіл жарақат немесе материалдық шығын келтіретін болса аталмыш құжаттың 608-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл жерде сегіз жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, жиырма тәулікке қамалады. Адам қаза болса, бұл іс Қылмыстық кодекстің шегінде қаралады. Оның 345-бабына жаңа бір тармақ енгізілді. Онда дәйектелген талап бойынша жасалған қылмыстың ауырлығына байланысты бір жылдан он жылға дейін бас бостандығынан және он жылдан өмір бақиға дейін жүргізуші куәлігінен айрылады. Бұл ретте татуласу деген болмайды.
— Республика тұрғындарының 42 пайызы ауылда тұратынын ескерсек, төрт түлік арқылы күнін көріп отырған жанның аз емес екені анық көрінеді. Ал, бізде тек былтырдың өзінде 3400 мал ұрлығы тіркеліпті. 1400 адам осындай қылмыспен ұсталған. Бірақ ашылмай жатқаны да көп. Мал ұрлаушыларға құқық қорғау қызметкерлерінің өздері көмектеседі деген жорамал да аз айтылмайды…
-Бүгінгі күнге дейін мал ұрлығы орта санаттағы қылмыс болып есептеліп келді. Енді мал ұрлығын ауыр қылмыс санатына жатқызып жатырмыз. Себебі мал ұрлығы кәсіпке айналып, жүйелі қылмыс санатына қосылды. Ол бір ғана адамның тарапынан жүзеге аспайды. Бұл қылмыс малды ұрлайтыны, оны тасымалдайтыны, ұрланған малға жалған құжат жасайтыны бар кешенді әрекет. Қолданыстағы заңнаманың кемшілігі қолға түскен қылмыскерлердің ұрланған мал санын өтеп, жазадан босатуына мүмкіндік беретінінде болып келді. Жаңа заңнамамен дәйектелген талап бойынша мал ұрлаушылар енді бұлай құтыла алмайды. Бүгінде мал ұрлығы ауыр қылмыс санатына жатқызылып отыр. Ал егер ол ұйымдасқан қылмыстық топ болып, не болмаса, мал қорадан, баздан ұрланса одан да ауыр қылмыс болып есептеледі. Мұндай әрекет үшін 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделді. Сондықтан бұл өте маңызды мәселе.
Мал – байлықтың белгісі емес, тірліктің белгісі. Дала малды, мал елді асырайды дейді. Сондықтан мал ұрлығын тірлікке балта шабумен теңестіруге болады. Осы қылмысқа көмек көрсететін мемлекеттік қызметкерлердің бар екені де шындық. Сондықтан Президенттің тапсырмасымен арнайы бап кірігізіп отырмыз. Оның төңірегінде үлкен пікірталас болды. Заң Парламентте талқыланған кезде неге малды басқа мүліктен бөліп шығарып жатырсыңдар деген өткір сауалдар қойылды. Біз бұл ретте ауылдағы қауымның осы төрт түліктің арқасында жан бағып отырғанын, сондықтан оның халық үшін әлеуметтік маңызының зор екенін айтып, өз ұстанымызды қорғап қалдық.
Бұл қылмысты ашу өте қиын. Мәселен, 2018 жылы елімізде 5636 мал ұрлығы тіркелсе, оның тек 2477-сі ғана ашылыпты. Себебі ұрланған малды сойып сатып жібереді, көзін құртады. Сондықтан нақты жауапкершілікке тартылған кезде мал ұрлығын дәлелдеу өте қиын. Осы ретте мал ұрлығының ауыр санатқа ауысуы бұл қылмыстың ашылуына оң ықпалын тигізеді деп ойлаймыз. Өйткені, бүгінде ішкі істер органдарының бірінші міндеті ауыр қылмыстарды ашып, тергеу. Мал ұрлығы ауыр қылмыс болған соң енді сұрау қатаң болып, оған ең тәжірибелі тергеуші мен жедел қызметкерлер тартылады. Тұрақты түрде бақылауға алынып, қылмысты ашуға, тергеуге барлық күш салынады. Дегенмен, мал иелерінің өздері де малдарын қараусыз қалдырмау керек. Жоғалған кезде өздері іздеп жүріп алмай, бірден хабар бергені мал ұрлығының дер кезінде ашылуына септігін тигізеді. Өкінішке орай, көбіне малы ұрланғандар бір айдан кейін полицияға арызданады. Мұндай жағдайда жоқты табу өте қиын. Сонымен қатар жергілікті құзырлы орындар мал бағуды ұйымдастыру, оларды сырғалау шараларын дер кезінде қолға алып отыру керек. Өйткені, мал көбіне жайылымда қараусыз жүрген жерінен ұрлануда.
-Бұл ретте қылмыскер ұсталып, сотталса да жапа шеккен тарапқа келтірілген шығынды қайтару керек пе?
-Міндетті түрде. Жалпы келтірген зардапты өтеу қылмыскердің әрекетін жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескеріледі. Өйткені, бас бостандығынан айыру жазасы 7-ден 12 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Сондықтан егер қылмыскер өз айыбын мойындап, залалын өтесе, жаза мерзімін төмендетуге мүмкіндік туады.
-Ал, аңмен қатар адамға шімірікпей мылтық кезейтін броконьерлерге қандай шара қолданылмақ?
-Броконьерлер әрекеті теріс қылық санатынан қылмыс санатына ауыстырылды. Бұл ретте қорықтағы, қызыл кітапқа енген аңдарға қатысты әрекет ауыр қылмысқа жатады. Оны ұйымдасып жасағандар он жылға дейін бас бостандығынан айрылады, мүлігі, автокөлігі тәркіленеді. Тағы бір жаңалық – киікті мүйізі үшін аулайтындарға арнайы баппен жаза енгізілді. Өйткені, табиғаттың жан серігі – осынау киелі аң көбіне мүйізін саудалау мақсатында ауланады. Сондықтан мүйіздің заңсыз тасымалы үшін жауапкершілік енгізіп отырмыз. Бұл киіктің орынсыз аулануына тосқауыл қойып, оның санының өсуіне оң ықпалын тигізеді деген үміттеміз.
— Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет!
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті