Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің бастамалары ЮНЕСКО қатысқан халықаралық дөңгелек үстелде талқыланды

Жасанды интеллект этикасынан бастап киелі мұраны сақтауға дейін: қатысушылар бірлескен жаңа бастамаларды қарастырды.

Астанада Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Өңірлік кеңсесі бірлесіп ұйымдастырған «Диалогтан бірлескен іс-қимылға: рухани-мәдени мұра, білім беру және дінаралық ынтымақтастық» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, діни бірлестіктердің, дипломатиялық корпус өкілдерінің, жетекші жоғары оқу орындары мен IT саласы мамандарының басын қосты. Қатысушылар жасанды интеллект, экология және рухани-мәдени мұраны сақтау салаларындағы нақты бірлескен бастамаларды талқылады.

Дөңгелек үстелге ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Өңірлік кеңсесінің директоры, доктор Амир Пирич, Халықаралық орталықтың Басқарма төрағасы Гүлсана Қожабай, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Шерзод Пулатов, Қазақстан Халық Кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Останькович, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, діни бірлестіктердің, өңірлік дін істері басқармаларының, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың өкілдері қатысты.

Кездесудің негізгі өзегі халықаралық дінаралық диалогтан қоғам үшін маңызды мәселелерді шешуге бағытталған нақты бірлескен жобаларға көшу болды.

Қатысушылар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінде қабылданған Астана бейбітшілік декларациясы 2025 ережелерін іс жүзінде жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды.

Атап айтқанда, 2026 жылғы 7 қазанда Қазақстан Республикасының Вице-Президенті Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен Съезд Хатшылығының XXIV отырысында қабылданған «Дін саласындағы жасанды интеллекті қолданудың этикалық кодексі» және «Діндердің климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі рөлі» атты екі халықаралық құжатқа ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар Қазақстан мен Қасиетті Тақтың бірлескен гуманитарлық бастамасы – «Жазылмайтын дертке шалдыққан баланың құқықтары жөніндегі хартияны» халықаралық деңгейде ілгерілету мүмкіндіктері талқыланды.

Жиында сөз сөйлеген Халықаралық орталықтың Басқарма төрағасы Гүлсана Қожабай Орталық қызметінің жаңа бағыттарын таныстырып, алдағы халықаралық ынтымақтастықтың басымдықтарына тоқталды.

Басты міндет – Съезді беделді халықаралық диалог алаңы ретінде ғана емес, серіктестерді қоғам үшін маңызды нақты жобалар төңірегінде біріктіретін институт ретінде дамыту.

Осы тұрғыдан алғанда, ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық білім, ғылым және мәдениет салаларындағы халықаралық тәжірибені діни қауымдастықтардың және Съездің сарапшылық алаңдарының мүмкіндіктерімен ұштастыруға жол ашады.

Талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі діни салада жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану мәселесі болды.

Діни бірлестіктердің өкілдері, цифрлық технологиялар мамандары мен сарапшылар жалған ақпараттың таралуы, цифрлық манипуляциялар және жасанды интеллект көмегімен жасалған контенттің қауіптерін талқылады. Сондай-ақ діни көшбасшылар мен жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру мүмкіндіктеріне назар аударылды.

ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Өңірлік кеңсесінің директоры, доктор Амир Пирич талқылаудың практикалық маңызын атап өтті.

«ЮНЕСКО-ның Өңірлік кеңсесі этикалық қағидаттарды білім беру және мемлекеттік саясат арқылы іс жүзінде жүзеге асыруға ықпал етеді. Бүгінгі талқылау – осы қағидаттардың әртүрлі қауымдастықтарда жұмыс істейтін адамдар үшін қандай мәнге ие екенін түсінуге мүмкіндік», – деді Амир Пирич.

Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының бірі ретінде ЮНЕСКО-ның этикалық ұстанымдары мен Съезд бастамаларының ережелерін ескере отырып, жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалануға бағытталған бірлескен білім беру және ағартушылық бастамаларды әзірлеу мәселесі қарастырылды.

Қатысушылардың ерекше қызығушылығын 2026 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Астана бейбітшілік декларациясы 2025 аясында іске қосылған Халықаралық рухани білім онлайн-орталығының таныстырылымы тудырды.

Оның негізгі бағыттарының бірі – Қазақстанның интерактивті киелі жерлер картасын әзірлеу. Жоба еліміздегі тарихи және діни нысандар туралы сенімді мәліметтерді бірыңғай цифрлық білім беру кеңістігінде жинақтауға бағытталған.

Бұл бастама нысандарды цифрлық форматта таныстырумен ғана шектелмейді. Ол діни қауымдастықтардың тарихын, жергілікті дәстүрлер мен рухани-мәдени мұраны сақтап, келер ұрпаққа жеткізуді көздейді.

Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Шерзод Пулатов қоғамдық келісім мен бірлескен жасампаз еңбектің маңызын атап өтіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуде қоғам бірлігінің айрықша рөл атқаратыны туралы тұжырымына назар аударды.

Ол практикалық бағыттардың бірі ретінде тарихи-мәдени мұра мен қоршаған табиғи ортаны сақтауға арналған бірлескен волонтерлік бағдарламаларды дамытуда ЮНЕСКО тәжірибесін пайдалануды ұсынды.

Өңірлік дін істері басқармаларының өкілдері діни нысандар мен тарихи ескерткіштер туралы деректерді жинау және тексеру жұмыстарына атсалысып, киелі жерлер картасын әзірлеуге қолдау көрсетуге дайын екендерін білдірді.

Астана қаласындағы «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Нұрлан Асанов дінаралық келісімнің негізінде өзара құрмет пен тату көршілік қағидаттары жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, діни сеніміндегі айырмашылықтарға қарамастан, баршаны біріктіретін ортақ мақсат – халыққа қызмет ету. Дәл осы ұстаным түрлі дін өкілдерін бейбітшілік, келісім және қоғам игілігі жолында жақындастыра алады.

Академиялық қауымдастық өкілдері де жаңа бастамаларын ортаға салды. Назарбаев Университетінің ассистент-профессоры Сабина Инсебаева аға буын өкілдерінің қатысуымен арнайы бейнежоба әзірлеуді ұсынды. Жоба халықтың тарихи жадын сақтау, рухани дәстүрлерді келер ұрпаққа жеткізу және жастарды мәдени мұраны зерттеуге тартуды көздейді.

Кездесуде көтерілген тағы бір маңызды бағыт – конфессияаралық экологиялық волонтерлікті дамыту.

Қатысушылар діни қауымдастықтардың ағартушылық тәжірибесін, ЮНЕСКО-ның экологиялық білім беру саласындағы халықаралық тәсілдерін және «Таза Қазақстан» секілді қоғамдық бастамаларды біріктіру мүмкіндіктерін қарастырды.

Әсіресе әртүрлі конфессия өкілдері арасындағы жастарды киелі нысандар мен оларға іргелес табиғи аумақтарды зерттеу және сақтау жөніндегі бірлескен жобаларға тарту идеясы қызығушылық тудырды.

Мұндай тәсіл экологиялық ағартуды дамытуға, мәдени мұраны сақтауға және дінаралық өзара түсіністікті нығайтуға қатар мүмкіндік береді.

Талқылау қорытындысында қатысушылар алдағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарын айқындады. Олардың қатарында жасанды интеллект этикасы бойынша білім беру бағдарламалары, Қазақстанның киелі жерлер картасын сарапшылық сүйемелдеу, цифрлық ағартушылық жобалар, экологиялық және жастар волонтерлік бастамалары бар.

Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Өңірлік кеңсесі ынтымақтастықтың нақты форматтарын анықтау мақсатында мүдделі серіктестермен ұсыныстарды талқылауды жалғастырады.

Халықаралық дөңгелек үстел Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің бастамаларын іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталған Халықаралық орталық пен ЮНЕСКО арасындағы жүйелі әріптестікті дамытудың маңызды қадамы болды.

Кездесудің басты нәтижесі – халықаралық ұйымдар, діни қауымдастықтар, ғылым, технология және мемлекеттік құрылымдар өкілдерінің ортақ бастамаларды нақты жобаларға айналдыру үшін күш біріктіруге дайын екендігін білдіруі.

Инициативы Съезда лидеров мировых и традиционных религий в центре международного круглого стола с участием ЮНЕСКО

От этики искусственного интеллекта до сохранения сакрального наследия: участники...

Оперативно-профилактическое мероприятие «Правопорядок»

На учете службы пробации Ауэзовского района Департамента УИС по...

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ

Мемлекеттік қызмет – мемлекеттің мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға,...

ЗАКОН ОБЯЗАТЕЛЕН ДЛЯ ВСЕХ — И ДЛЯ ВЛАСТИ ТОЖЕ

О ПОСЛАНИИ КОНСТИТУЦИОННОГО СУДА «О СОСТОЯНИИ КОНСТИТУЦИОННОЙ ЗАКОННОСТИ В...

Атыраудағы жаңа мәдени кешен тұрғындарға қандай мүмкіндік береді?

Атырауда бой көтеріп жатқан жаңа мәдени нысан тұрғындар үшін...