Алматының жаңа бас жоспары бойынша, 2040 жылға қарай қала халқының саны 3,6 миллион адамға жетеді деп болжанып отыр. Осыған орай мегаполисте тұрғын үй құрылысы, қоғамдық көлік жүйесі мен экологияны жақсарту көзделген. Мұны Baribar.kz хабарлап отыр.
Метро желісі ұзарып, жаңа транспорт түрлері пайда болады
Үкіметтің 2026 жылғы 31 қазандағы №961 қаулысы бойынша, Алматының бас жоспарына өзгеріс енді. Жаңа құжат 16 қарашадан бастап күшіне енді.
Жоспар бойынша, Алматы метросының ұзындығы 2030 жылға қарай 35 шақырымға, ал 2040 жылы 123,6 шақырымға ұзарады. Қазір метро желісі – 13,4 шақырым. Метроның екінші және үшінші желісі де салына бастайды.
Қалада алғаш рет жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесін іске қосу көзделген. Ұзындығы 31 шақырым болатын алғашқы бағыт батыс аудандарды Алматы-2 теміржол вокзалымен және «Батыс», «Шығыс» көлік торабымен байланыстырады. 2040 жылға қарай LRT желісінің ұзындығын 79 шақырымға жеткізу жоспарланған.
Ұзындығы 42 шақырым болатын SkyTrain көлік жүйесін дамыту да қарастырылып отыр. Болашақта бағытты Қаскелең мен Талғар қаласына дейін ұзарту көзделген. Аспалы жолдар салынып, әуе көлігіне арналған алаңдар да құрылады.
«Батыс», «Солтүстік» және «Шығыс» автовокзалы метро, LRT және BRT желісімен бірігіп, ірі көлік тораптарына айналады. Алматы әуежайы мен қала арасында жүрдек қоғамдық көлік те жүреді.
Қаладағы өндіріс орындарына шектеу қойылады
Экология қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Алматыда I және II қауіп санатындағы жаңа өндіріс орындарын ашуға тыйым салынады.
2040 жылға дейін 199 өндіріс нысанын халық тығыз орналасқан аймақтан тыс жерге көшіру, тағы 76 нысанды жаңғырту жоспарланған. Олардың қатарында I және II қауіп санатына жататын 11 нысан бар.
Көл мен өзендер орналасқан 120 гектар табиғи аумақты абаттандыру да көзделген.
Қалдықты бөлек жинау міндеттеледі
2027 жылдан бастап қаладағы барлық көпқабатты тұрғын үйде тұрмыстық қалдықты кемінде төрт санатқа бөліп жинау талабы енеді. 2030 жылға қарай бұл жүйемен барлық үй шаруашылығын қамту жоспарланып отыр.
Ал 2040 жылға дейін қатты тұрмыстық қалдықты қайта өңдеу үлесін 60%-ға жеткізу көзделген.
Алматыда ауаның ластануын төмендету үшін арнайы аймақтар құрылады
Жаңа бас жоспарда қала ауасының сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөлінген. 2027–2030 жылы ауаны ластайтын заттардың мөлшерін азайтуға бағытталған арнайы аймақтар құрылады.
Алғашында мұндай аймақтар Алмалы ауданын және Медеу ауданының тау бөктеріндегі демалыс аумағын қамтиды. 2040 жылдан бастап бұл талапты қаланың барлық ауданына енгізу жоспарланған.
Алматыдағы ЖЭО-2 көмірден табиғи газға көшеді. 2027 жылға қарай жеке тұрғын үй секторын толық газбен қамту және пешпен жылыту жүйесін алып тастау көзделген.
Құжатта суды ластамау мен құрылысты қатаң бақылау қажет екені де көрсетілген. Тау бөктеріндегі құрылыс салуға тыйым салынған аумақтарда бұл талаптың сақталуына ерекше мән беріледі.
Мұндай талаптар табиғи ландшафты қалпына келтіруге, таудан қалаға қарай бағытталатын ауаның еркін қозғалуына және Алматының микроклиматын жақсартуға бағытталған.


