Конституциялық қағидаттар – құқықтық мемлекеттің берік негізі

Конституция – мемлекеттің негізгі заңы ғана емес, елдің құқықтық жүйесінің іргетасы, қоғамдық қатынастарды реттеудің басты құқықтық бағдары. Онда бекітілген конституциялық қағидаттар мемлекеттің даму бағытын айқындап қана қоймай, мемлекеттік органдар қызметінің негізгі ұстанымдарын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың кепілдіктерін белгілейді.

Құқықтық мемлекеттің қалыптасуы мен дамуы ең алдымен Конституцияда бекітілген қағидаттардың нақты өмірде жүзеге асуына байланысты. Өйткені конституциялық нормалар заң шығару процесінде, құқықтық актілерді түсіндіруде және оларды қолдану тәжірибесінде негізгі бағдар болуы тиіс.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына сәйкес, Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және ол еліміздің бүкіл аумағында тікелей қолданылады.

Бұл қағидат барлық заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкес болуын талап етеді. Мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар, соттар мен азаматтар өз қызметі мен әрекеттерінде Ата Заңның талаптарын басшылыққа алуға міндетті.

Конституцияның үстемдігі оның тек декларативтік құжат емес, қоғамдық қатынастарды реттеуде тікелей қолданылатын пәрменді құқықтық құрал екенін білдіреді. Сондықтан кез келген құқықтық норманы қолдану барысында оның конституциялық қағидаттарға сәйкестігіне ерекше назар аудару қажет.

Жаңа Конституцияның 1-бабында Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде айқындалып, адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекітілген.

Аталған қағидат құқықтық жүйенің адам мүддесіне бағдарлануын көздейді. Мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдер мен жүзеге асыратын шаралар, ең алдымен, адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс.

Азаматтардың жеке бас бостандығы, меншік құқығы, жеке өміріне қол сұғылмаушылық және сот арқылы қорғалу құқығы заң жүзінде бекітіліп қана қоймай, іс жүзінде толық қамтамасыз етілуі маңызды.

Бұл ретте жеке адамның мүддесі мен қоғамдық мүдденің арасындағы әділ тепе-теңдікті сақтау да құқықтық мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі болып табылады.

Құқықтық мемлекет жағдайында заң талаптарын сақтау баршаға ортақ міндет болып саналады. Заңдылық қағидаты мемлекеттік органдардың өз өкілеттіктерін тек заң шегінде жүзеге асыруын, ал қабылданатын шешімдердің заңды, негізді және әділ болуын талап етеді.

Әсіресе, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге байланысты шешімдер қабылдау кезінде олардың заңды негізі, қажеттілігі және белгіленген рәсімдерге сәйкестігі мұқият тексерілуі қажет.

Заңдылықты сақтау – заң мәтінін формальды түрде орындау ғана емес, оның құқықтық мәні мен мақсатын дұрыс түсініп, әділ қолдану. Осы тұрғыдан алғанда, заң мен тәртіп қағидаты әділдікпен, құқықтық айқындықпен және жауапкершілікпен тығыз байланысты.

Конституциялық құрылыстың маңызды негіздерінің бірі – мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінуі. Бұл қағидат биліктің бір органның немесе бір лауазымды тұлғаның қолына шоғырлануына жол бермейтін маңызды құқықтық кепілдік болып табылады.

Әрбір билік тармағы өз құзыреті шегінде әрекет етіп, өзге билік тармақтарының қызметіне заңсыз араласпауы тиіс. Ал олардың өзара іс-қимылы мен тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі мемлекеттік басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Осы жүйеде сот билігінің тәуелсіздігі айрықша маңызға ие. Себебі тәуелсіз сот – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, заңдылық пен әділдікті қамтамасыз етудің негізгі кепілі.

Конституциялық қағидаттардың нақты көрінісі сот төрелігін жүзеге асыру барысында айқын байқалады. Конституцияға сәйкес, Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот жүзеге асырады, ал судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады.

Сот ісін жүргізу барысында әркімнің өз сөзін тыңдату құқығы, кінәсіздік презумпциясы, айыпталушының өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті еместігі, кінәға қатысты күмәннің айыпталушының пайдасына шешілуі және заңсыз алынған дәлелдемелердің заңды күшінің болмауы сияқты іргелі қағидаттар сақталуы тиіс.

Бұл талаптар сот шешімдерінің заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз ететін маңызды кепілдіктер болып табылады.

Судья үшін заң нормаларын дұрыс қолдану ғана емес, олардың конституциялық мәнін терең түсіну де аса маңызды. Әрбір істі қарау кезінде тараптардың құқықтарының теңдігі, дәлелдемелердің заңдылығы, сот талқылауының әділдігі мен объективтілігі қамтамасыз етілуі қажет.

Сот актісі тек заң нормаларына сілтеме жасаумен шектелмеуі керек. Ол істің нақты мән-жайларына, құқықтық нормалардың мазмұнына және конституциялық қағидаттарға негізделуі тиіс.

Сонымен қатар Конституциялық Соттың қызметі де құқықтық жүйеде ерекше орын алады. Ол конституциялық бақылауды жүзеге асырып, Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Соттардың адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін нормативтік құқықтық актілерді қолдануына жол берілмеуі де осы құқықтық кепілдіктердің маңызын көрсетеді.

Қорытындылай келе, конституциялық қағидаттар – құқықтық жүйенің мазмұнын айқындайтын, оның біртұтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі құқықтық бағдар. Конституцияның үстемдігі, адам құқықтарының басымдығы, заңдылық, әділдік, биліктің бөлінуі және сот тәуелсіздігі – құқықтық мемлекеттің ажырамас белгілері.

Конституциялық қағидаттардың шынайы құндылығы олардың заң мәтінінде бекітілуімен ғана емес, күнделікті құқық қолдану тәжірибесінде қаншалықты сақталуымен өлшенеді.

Сондықтан әрбір заңгердің, мемлекеттік қызметшінің және әсіресе судьяның басты міндеттерінің бірі – Конституцияның рухы мен талаптарын басшылыққа ала отырып, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау.

Өйткені Конституцияның үстемдігі – заң үстемдігінің, ал заң үстемдігі – әділетті қоғамның берік негізі.

Ақтөбе облысының Қобда аудандық сотының судьясы Нүргүл Сағындыққызы Сағындық

Қылмыстық процесс қатысушыларының өтініштерімен жұмыс: сыпайылық пен заң аясындағы жауап

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа келіп түсетін әрбір...

«Құрылыс және тағы да құрылыс!»: шетелдік БАҚ Қазақстанның инфрақұрылымға инвестиция салу тәжірибесі туралы

Еуропалық EU Reporter басылымында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға...

Строительство Almaty SuperSki набирает темпы, запуск курорта намечен на декабрь 2028 года

Казахстан занял первое место в Центральной Азии по индексу...

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында экскурсия ұйымдастырылды

Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №68 мекемесіне...