Цифрлық технология сот жұмысын жандандырды

Цифрлық технология мен жасанды интеллект сот жүйесін жаңғыртты. Заманауи құралдар сот төрелігінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға айтарлықтай ықпалын тигізіп  отыр. Соның арқасында сот қызметі ашық, жедел және тиімді бола түсті.

Цифрландыру қағаз құжаттарды электрондық форматқа ауыстырып қана қойған жоқ. Сандық технология көмегімен сот жұмысы оңтайландырылып, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері жетілдірілді. Мұндай ауқымды өзгеріс сот жүйесіне деген қоғамның сенімін нығайта түсті.

Бүгінде сот отырыстарына бейнеконференц байланыс арқылы қатысу, сот актілерін электрондық форматта алу қалыпты үрдіске айналған. «Сот кабинеті» сервисіне жүгінген азаматтар сотқа талап арыз беру, құжаттарды сұрату, қызмет алуда көптеген жеңілдікке ие болды. Себебі бұл сервиске үйден, кеңседен шықпай-ақ сұраныс жіберіп, қажетті құжатты шығарып алу жеңіл әрі оңай.

Сот процесінің таспалануы да судьялар мен сот қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп, әр процестің талапқа сай өтуіне негіз қалады. Сот процесі толықтай таспаға жазылып, архивте сақталатындықтан, енді сот отырысының хаттамасын толық қағазға түсірудің де қажеттілігі жоқ. Сот жұмысына, судья қызметіне көңілі толмаған азаматтардың таспаны алдырып, дәлел ретінде ұсына отырып, өз уәжін келтіруге мүмкіндігі бар. Әрі бұл судьяларға қатысты негізсіз арыздардың да санын азайтқанын айта кеткен жөн.

 «Сот практикасының цифрлық талдауы» жүйесі 2023 жылғы желтоқсаннан бастап жасанды интеллект элементтерін қолдану арқылы жұмыс істей бастады. Оның мақсаты – сот актілерін талдау, құқық қолдану тәжірибесіндегі үрдістерді анықтау және сот практикасын жүйелеу. Ал «Судьяның цифрлық көмекшісі» сервисі іс материалдарын құрылымдауға; ұқсас істер мен сот шешімдерін іздеуге; сот практикасын салыстырмалы талдауға; құқықтық мәселелер бойынша талдамалық ақпарат дайындауға; сот тәжірибесіндегі бірізділікті бақылауға көмектесіп келеді. Мұндай жаңашылдық судьялардың уақытын үнемдеп, істің мән-жайларын жан-жақты зерттеуіне жол ашты. Осының өзі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің сот жүйесінің жұмысына серпін беріп отырғанын көрсетеді. Оларды тиімді пайдалану сот төрелігінің қолжетімділігін арттырып, сот қызметінің сапасын жетілдіруге, құқық қолдану тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Ендеше, сала жұмысын жаңа сатыға көтерген заманауи сервистерді жетілдіру бойынша ізденістер алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Жанболат Бердібеков,

 Алматы қаласы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының сот әкімшісінің басшысы

АЛМАТЫДАҒЫ СОТТАЛҒАН БАЛАЛАР АРАСЫНДА МЕШІТ ИМАМЫ КІТАП ОҚУ ТУРАЛЫ КЕЗДЕСУ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қоғамда кітап оқу мәдениетін дамытуға,...