«Атаның өспес ұлы өнбес дауды даулайды», «Болмайтын істің басында болма, Бітпейтін даудың қасында болма» деп ұрпағын ынтымақты болуға, кемшілікке кешіріммен қарауға тәрбиелеген елміз. Дала заңдарының басында тұрған Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, әз-Тәукенің Жеті жарғысы секілді алғашқы құқықтық құжаттарда да ел ішіндегі дау-дамай, келіспеушіліктерді өзара мәмілемен, ортақ келісіммен шешуге басымдық берілген. Аузы дуалы би-бабаларымыз да дауласқан тараптарды татуластырып, бітімге келтіруге күш салғаны тарихтан белгілі. Міне, осы дала заңы бүгінде «Медиация туралы» заңның негізіне айналып отыр.
2011 жылы қабылданған «Медиация туралы» заңның құқықтық кеңістікте қолданылып келе жатқанына он бес жылдың жүзі болды. Осы аралықта медиация заңының маңызы мен артықшылығын түсіндіріп, медиативтік келісімдерді көбейту үшін қаншама кешенді жұмыстар қолға алынды. Сот ғимараттарынан медиация кабинеттерінің ашылып, кәсіби медиаторлар шоғырының көбеюіне сот саласында жүзеге асырылған іс-шаралардың көмегі көп болды. Медиацияны дамыту үшін ақпараттандыру, насихаттау жұмыстарымен бірге, заңдық тұрғыдан жаңғырту, жетілдіру жұмыстары қатар жүргізілді. Азаматтық процестік кодексте орын алған жаңа институттың бірі – партисипативтік рәсім.
Бұл институттың аты жаңа, азаматтарға таңсық көрінгенімен, мақсаты ауқымды, пайдасы аса зор. Бүгінде тараптар арасындағы даулар көбіне-көп медиация және бітімгершілік келісім арқылы реттеледі. Ал азаматтық процестік кодексте тараптар арасындағы келіспеушілікті оңтайлы шешуге көмектесетін үшінші рәсім – партисипативтік рәсім тәжірибеде жиі қолданыла бермейді. Бұл рәсімнің жаңашылдығы, маңызы неде?
Дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу екі тараптың адвокаттарының немесе заң консультанттарының қатысуымен жүргізіледі. Онда адвокаттар судьяның қатысуынсыз тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы дауды бітіммен бітіруге күш салады. Егер заңда өзгеше көзделмесе, жария-құқықтық дауларды қоспағанда, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың қатысуымен азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын даулар партисипативтік рәсім қолданылады.
Партисипативтік рәсімнің мақсаты айқын. Бұл рәсім де медиация рәсіміндегі сияқты екі тараптың мүддесін теңдей қанағаттандыратын ортақ келісімге қол жеткізуді, дауды соттың қатысуынсыз бейбіт жолмен шешуді көздейді. Сәйкесінше бұл рәсімнің де артықшылығы екі тараптың материалдық шығынын азайтудан, уақытын үнемдеуден, өзара сыйластықты сақтауынан, екеуара мәліметтердің көпшілікке жария болмай, құпия сақталуынан көрінеді. Партисипативтік рәсім де медиация мен бітімгершілік секілді сот жұмысын жеңілдетіп, судья жүктемесін азайтуға әсер ететінін айта кеткен орынды.
Соттан тыс партисипативтік рәсім кезінде тараптар өз еркімен сотқа жүгінгенге дейін жанжалды реттеу үшін адвокаттарға, заң консультанттарына жүгінеді. Дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасалған жағдайда, оларға мәмілелер үшін көзделген қағидалар қолданылады. Өйткені мұндай келісім өзінің табиғаты бойынша тараптардың құқықтары мен міндеттерін белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған азаматтық-құқықтық мәміле болып табылады. Сотта партисипативтік рәсімді тараптардың адвокаттары, заң консультанттары қатысқан жағдайда ғана қолданылады.
Азаматтық процестік кодекстің 181-182-баптарында бұл рәсімнің көмегімен дауларды шешудің құқықтық тәртібі дәйектелген. Осы құжатқа сәйкес партисипативтік келісімді тараптар өз қалауымен, ерікті түрде жасауы керек. Екеуара жасалатын келісімшартта екі тараптың талаптары, шарттары толық ескерілуі міндет. Жазбаша нысанда жасалған заң көмегін көрсету туралы тараптардың тапсырма шарты партисипативтік рәсімді жүргізу үшін негіз болып табылады.
Бұл құжатта тараптар міндетті түрде шартты жасау күнін, уақыты және орнын; өкілеттіктерін көрсетуі, дау тараптарының атауын, олардың өкілдерінің тегі мен аты-жөнін, лауазымын; даудың мәнін толтыруы тиіс. Мұнда адвокаттардың шарттары, тәртібі, сондай-ақ партисипативтік рәсімді өткізуге байланысты шығыс мөлшері; партисипативтік рәсімді жүргізу тілі де көрініс табуы керек. Ең бастысы, шартта партисипативтік келісімге келген тараптардың міндеттемесі және оны орындамау салдары; дауды реттеуге қатысатын адвокаттың жауапкершілігінің негіздері мен көлемі де жан-жақты жазылуға тиіс. Себебі партисипативтік рәсімнің негізгі тиімділігінің бірі өзара келісімде көрсетілген талаптардың дер кезінде орындалуымен байланысты.
Бүгінде сот актілерінің орындалуы қоғамдағы өзекті мәселенің бірі. Сот актісін сапалы орындату бойынша пәрменді шаралардың жүзеге асырылып жатқанына қарамастан, берешекті өндіруде түйткілдер әлі кездеседі. Ал өз адвокаттарының араласуымен бітімге келген тараптар келісімшартта жазылып, өздері келісім берген талаптарды кешіктірмей, уақытылы орындауға мүдделі. Демек, бұл да партисипативтік рәсімнің бір артықшылығы.
Партисипативті рәсімнің тағы бір тиімді тұсы – адвокат, заң консультанттардың қатысуымен жасалуында. Заңнан хабары бар әрі қорғауындағы азаматтар мәселесінің оң шешілуіне мүдделі адвокаттар неғұрлым тиімді келісімшарт дайындауға күш салады. Көбінесе қорғаушылар дауды реттеудің бірнеше нұсқасын ұсынады. Оны әр тарап жеке немесе бірлесіп талқылап, өзіне ыңғайлы, тиімді жағын белгілеп, қолайсыз тұсын оңтайлы шешуге күш салады. Себебі тараптар адвокаттарымен бірге әр нұсқаның артықшылықтары мен кемшіліктерін және олардың орындылығын талқылауға құқылы. Шешім қабылданған жағдайда міндетті түрде таңдалған нұсқаны көрсете отырып, жазбаша келісім жасалады.
Партисипативтік рәсімді жүргізу кезінде адвокаттың, заң кеңесшісінің қызметіне араласуға жол берілмейді. «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңы, адвокаттардың кәсіби әдеп кодексінде адвокат, заң кеңесшісі партисипативтік рәсім шеңберінде тараптардан, мемлекеттік органдардан, сондай-ақ басқа да заңды, лауазымды және жеке тұлғалардан тәуелсіз екені, сонымен бірге келіссөздердің құралдары мен әдістерін таңдауда дербес екені айқын көрсетілген. Мұнда адвокаттар мен заң кеңесшілерінің мәртебесі мен міндеттері қатар қамтамасыз етілген.
Тараптардың өкілдері партисипативтік рәсім басталғанға дейін сенім білдірушіге олардың құқықтары мен міндеттерін, рәсімді жүргізудің нақты мақсаттарын, осындай келісімді жасасудың құқықтық салдарын түсіндіруге, келіссөздер жүргізу кезінде өз сенімгерінің келісімімен ғана әрекет етуге міндетті. Бұл жағдайда адвокаттар екі тараппен бір мезгілде не тараптардың әрқайсысымен жеке-жеке кездесулер өткізуге; оларға дауды реттеу үшін ауызша да, жазбаша да ұсынымдар мен дәлелдемелер беруге құқылы
Осы ретте тараптардың өз құқығы мен мүддесі сапалы қорғалуы үшін адвокаттарды өз еркімен таңдауға немесе рәсімге қатысатын адвокаттан бас тартуға құқығы бар. Сондай-ақ тараптар партисипативтік рәсім барысында жасалатын келіссөздердің кез келген сәтінде одан бас тартуға, егер келісім орындалмаса немесе тиісінше орындалмаса, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу кезінде сотқа жүгінуге құқылы.
Міне осындай тиімді тұстарының көптігіне, азаматтар үшін неғұрлым тиімді болғанына қарамастан, партисипативтік рәсімді басқа татуластыру әдістерімен салыстырғанда тым аз таңдайды. Оның бірнеше негізгі себебін атап көрсетуге болады.
Біріншіден, бұл рәсімнің міндетті түрде адвокаттардың немесе заң кеңесшілерінің қатысуымен жүргізілетініне байланысты. Партисипативтік рәсімді тараптар өздігінен немесе қарапайым делдалмен жүргізе алмайды. Оған міндетті түрде екі жақтың да кәсіби адвокаттары немесе заң кеңесшілері қатысуы тиіс. Егер бір тараптың адвокаты болмаса, бұл рәсім мүлдем қолданылмайды. Ал бізде адвокат жалдауды кейбір азаматтардың қалтасы көтере бермеуі мүмкін.
Екіншіден, қаржылық шығынмен байланысты. Медиацияда тараптар бір ғана медиатордың қызметіне немесе тегін судья-медиаторға жүгінеді. Ал партисипативтік рәсімде әр тарап өз адвокатының қызметіне жеке ақы төлейді. Екі кәсіби заңгердің қызметін қатар қаржыландыру азаматтар үшін қымбатқа түседі.
Үшіншіден, адвокаттардың мүдделілігі мен дағдысы да партисипативтік рәсімдерді жүргізуге кедергі. Көптеген адвокаттар сот процесінде бастан-аяқ қорғауға және соңына дейін тартысуға бейімделген. Көпшілігі дауды келіссөзбен шешуден гөрі, сотта жеңіске жетуді басты мақсат санайды. Сонымен қатар, адвокаттардың бәрі бірдей келіссөз жүргізу дағдысын меңгермеген.
Төртіншіден, партисипативтік рәсімді қолданудың тәртібі, заңдылығы, артықшылықтары туралы ақпараттың аздығы. Қарапайым халық қана емес, тіпті кейбір заңгерлердің өзі партисипативтік рәсімнің тиімділігі мен заңдық артықшылықтары, соның ішінде мемлекеттік баждың толық қайтарылуы, шешімнің заңды күшіне қатысты тиімді тетіктерін жеткілікті деңгейде біле бермейді. Мұның бәрі түптеп келгенде партисипативтік рәсімнің кең қолданылуына кедергісін тигізіп келеді.
Ал болашақта елімізде партисипативтік рәсімдердің санын көбейту және оны танымал ету үшін заңнамалық, ұйымдастырушылық және ақпараттық кешенді шараларды ұдайы ұйымдастыру қажет. Егер істі келіссөзбен шешу сотта айлап тартысқаннан гөрі қаржылық тұрғыдан тиімдірек болса, заңгерлердің бұл рәсімге қызығушылығы артады. Сонымен қатар, адвокаттардың келіссөз жүргізу дағдыларын дамыту бойынша да жүйелі іс-шараларды қолға алу кезек күттірмейді. Адвокатура мен заң кеңесшілері палаталарының базасында кәсіби медиация, конфликтология және тиімді келіссөздер жүргізу бойынша міндетті оқыту курстарын енгізудің тиімділігі зор болары анық.
Бұдан бөлек, әлеуметтік осал топтарға мемлекет тарапынан төленетін адвокаттар қызметін партисипативтік рәсімдерді жүргізу үшін де бөлуді заңмен бекіту керек. Бұл екі жақта да адвокаттың болуын қамтамасыз етеді. Әрі ақпараттық насихат пен құқықтық мәдениетті көтеру, бұқаралық ақпарат құралдарында, соттардың әлеуметтік желілерінде партисипативтік рәсім арқылы сәтті шешілген нақты оқиғаларды жариялап, халыққа оның тиімділігін қарапайым тілмен түсіндіру партисипативтік келісімге келеді, сонымен қатар сот жүктемесін азайтуға біршама әсерін тигізеді.
Жаңаөзен қалалық сотының төрағасы Бауыржан Тоқбаев


