ЖАҢА ТАРИХИ КЕЗЕҢ: ҮМІТ, СЕНІМ ЖӘНЕ ЖАСАМПАЗДЫҚ

Алматыда Президент Жолдауының басым бағыттары талқыланды

     2026 жылғы 4 қарашада Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты А.П. Чехов атындағы орталық қалалық кітапханада «Жаңа тарихи кезең: Үміт, сенім және жасампаздық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Маңызды қоғамдық басқосу Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылауға, онда айқындалған стратегиялық міндеттер мен ел дамуының басым бағыттарын саралауға арналды.

      Кездесудің негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы ұсынған бастамалардың мән-маңызын кеңінен түсіндіру, олардың қоғам өміріндегі орнын айқындау және ел болашағына қатысты өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасу. Басқосуға ғылым, білім, құқық қорғау және төтенше жағдайлар саласының өкілдері қатысып, Жолдауда көтерілген мәселелерге кәсіби тұрғыдан талдау жасады.

Дөңгелек үстелдің құрметті қонақтары қатарында PhD докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, Алматы қаласы бойынша Денсаулық сақтау және білім беру сарапшылар кеңесінің төрағасы Әуезова Эльмира Түгелбайқызы; филология ғылымдарының кандидаты, «Тұран» университеті Халықаралық қатынастар және дипломатия жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры Абрахматова Гүлнара Абрайқұлқызы; «PROFEXSPERT» компаниясының бас директоры, Қоғамдық кеңес сарапшысы Қалиоллаев Руслан Қалиоллаұлы; Алмалы ауданы прокуратурасының аға прокуроры Абдикаримова Әсел Салманқызы; Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Кадр және тәрбие жұмысы басқармасының аға инспекторы, азаматтық қорғау капитаны Ануарбеков Ербол Бауыржанұлы болды. Сонымен қатар кездесуге Алматы технология және флористика колледжінің студенттері, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары мен жас өрт сөндірушілері қатысып, елдік мәселелерді талқылауға арналған тағылымды жүздесудің куәсі болды.

   Алғашқы болып сөз алған «Тұран» университетінің қауымдастырылған профессоры Гүлнара Абрахматова Президент Жолдауында белгіленген міндеттерге кеңінен тоқталды. Ол Жолдауда көтерілген бастамаларды жүзеге асыру тек мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың ғана емес, ел тағдырына бейжай қарамайтын әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Оның пікірінше, Жолдаудың мазмұнын терең түсініп, онда белгіленген мақсаттарға қол жеткізу жолында әр азамат өз үлесін қосуы қажет. Сондай-ақ баяндамашы халқымыздың бай тарихи мұрасы мен мемлекеттіліктің қалыптасу жолына тоқталып, ұлттық мүдде мен ортақ мақсат жолында қоғамның бірлігі мен ынтымағы айрықша маңызға ие екенін жеткізді.

    Бұдан кейін сөз алған Эльмира Әуезова басқосудың тақырыбын Жолдаудың идеялық мазмұнымен сабақтастыра отырып, «үміт», «сенім» және «жасампаздық» ұғымдарына тереңірек тоқталды. Ол аталған үш құндылықтың ел дамуы мен қоғамдық жаңғыру үдерісіндегі өзара байланысын саралап, әрқайсысының мәнін түсіндірді. Баяндамашы Жолдауда көрініс тапқан бастамаларға оң бағасын беріп, елдің тұрақты дамуы үшін нақты мақсат, берік сенім және нәтижелі еңбек қажет екенін атап өтті.

     Келесі кезекте сөз алған Руслан Қалиоллаев мемлекет дамуының маңызды шарттарының бірі – әр азаматтың өз ісіне жауапкершілікпен қарауы екенін алға тартты. Ол Президент айқындаған міндеттерді жүйелі әрі сапалы орындау, әр саланың кәсіби деңгейін көтеру және адал еңбек ету елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратынын жеткізді. Сонымен қатар заң үстемдігін сақтау, қоғамда адалдық қағидаттарын орнықтыру және әр азаматтың өз қызметін мінсіз атқаруы өркендеген мемлекеттің негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтті.

      Жолдаудағы құқықтық тәртіп пен заңдылық мәселелеріне қатысты ойларын ортаға салған Әсел Абдикаримова құжаттың жекелеген бағыттарына кеңінен тоқталып, олардың мазмұнын қатысушыларға түсінікті тілмен тарқатып берді. Ол мемлекеттік саясаттағы заң үстемдігі, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау, қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелерінің өзектілігін түсіндірді. Баяндамашының пікірлері Жолдаудағы бастамалардың күнделікті қоғамдық өмірмен байланысын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Дөңгелек үстелдің соңғы баяндамашысы Ербол Ануарбеков заманауи технологиялар мен құрылыс саласына қатысты міндеттерге назар аударды. Әсіресе азаматтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және халықтың өмірі мен денсаулығын қорғау мәселелерін кеңінен қозғады. Сонымен қатар жылу беру маусымындағы қауіпсіздік шаралары, тұрғын үйлердегі өрттің алдын алу, әлеуметтік осал топтарға жататын отбасыларға қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Ол қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру тек жауапты мекемелердің міндеті емес, әрбір азаматтың күнделікті өміріндегі маңызды қағида болуы керектігін жеткізді.

      Кездесу барысында айтылған ойлар мен ұсыныстар Жолдаудың жекелеген салаларға ғана емес, тұтас қоғамның дамуына бағытталған маңызды стратегиялық бағдар екенін тағы бір мәрте айқындады. Әртүрлі сала мамандарының бас қосуы бір мәселені сан қырынан қарастыруға, кәсіби тәжірибе мен азаматтық ұстанымдарды тоғыстыруға жол ашты. Ал студенттер, құтқарушылар мен жас өрт сөндірушілердің қатысуы жас ұрпақтың ел өміріндегі маңызды мәселелерге қызығушылығын арттырып, олардың азаматтық көзқарасын қалыптастыруға ықпал етті.

      Жалпы, «Жаңа тарихи кезең: Үміт, сенім және жасампаздық» атты дөңгелек үстел мазмұнды пікірлер мен тағылымды ойларға толы болды. Кітапхана қабырғасында өткен бұл басқосу кітапхананың тек рухани-мәдени орталық қана емес, қоғамдық маңызы бар мәселелер талқыланатын, түрлі сала өкілдері бас қосатын зияткерлік алаң ретіндегі рөлін де айқындай түсті. Өйткені елдің ертеңі – тек мемлекеттік бағдарламалар мен стратегиялық жоспарларға ғана емес, сол мақсаттарды жүзеге асыруға атсалысатын азаматтардың біліміне, бірлігіне, сенімі мен жасампаз еңбегіне байланысты. Үмітті оятатын – сенім, сенімді нығайтатын – бірлік, ал сол құндылықтарды нақты нәтижеге айналдыратын – ортақ жауапкершілік пен қажырлы еңбек.

Алпысбаев Нұрбек

Проведение оперативно-профилактического мероприятия «Безопасный дом» службой пробации Бостандыкского района

На учете службы пробации Бостандыкского района Департамента уголовно-исполнительной системы...

Стресс или болезнь: когда усталость, бессонница и учащенное сердцебиение требуют обращения к врачу

Постоянная усталость, бессонница и учащенное сердцебиение часто воспринимаются как...

       Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!

       Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі...

Скрининг взрослого населения- важный шаг к сохранению здоровья

Здоровье человека — одна из главных ценностей, а его...