Стресс пе, әлде ауру ма: шаршау, ұйқысыздық және жүрек қағысының жиілеуі кезінде дәрігерге қашан қаралу керек?

Үнемі шаршау, ұйқысыздық пен жүрек қағысының жиілеуін адамдар көбіне жұмыстағы жүктеме мен күнделікті күйбең тіршіліктің салдары деп қабылдайды. Алайда мұндай белгілер созылмалы стресстен ғана емес, жүрек-қан тамырлары, эндокриндік және басқа да жүйелердің ауруларынан туындауы мүмкін. Сондықтан қандай жағдайда өмір салтын өзгерту жеткілікті екенін, ал қашан медициналық тексеруден өту қажеттігін білу маңызды.

4 қараша  Халықаралық стресс туралы хабардар болу күніне орай бұл туралы ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің психологі, психология саласындағы PhD докторы Маншук Курманбекова айтып берді.

Стресс  ағзаның физикалық және эмоциялық жүктемелерге беретін табиғи жауабы. Мұндай кезде жүрек соғысы жиілеп, тыныс алу ырғағы өзгеріп, бұлшықеттер ширығады. Бұл реакция адамға қиын жағдайларды еңсеруге көмектеседі. Алайда стресс ұзаққа созылса, ұйқы, есте сақтау қабілеті, зейін мен эмоциялық жағдай нашарлауы мүмкін.

Психологтің бақылауынша, психологиялық көмекке жүгінетіндердің арасында 35-55 жас аралығындағы адамдар да бар. Олардың мәселелері көбіне жұмыстағы жоғары жауапкершілікке, отбасылық міндеттерге және демалыстың жеткіліксіздігіне байланысты. Бұл жаста көптеген адам мансаптық міндеттерін атқарумен қатар, бала тәрбиелеп, қартайған ата-анасына қамқорлық жасайды.

Психолог алдымен науқастың шағымдарын тыңдап, эмоциялық жағдайын бағалайды және күйзеліске әкелген себептерді анықтайды. Одан кейін маман стрессті басқару тәсілдерін меңгеруге, өзіне шамадан тыс талап қоймауға, міндеттерді дұрыс бөлуге және жеке шекарасын сақтауға көмектеседі. Мұндай дағдылар әсіресе кәсіби қажуға ұшыраған немесе отбасылық қарым-қатынаста қиындық көріп жүрген адамдар үшін маңызды.

Сонымен қатар денсаулықтағы өзгерістердің психологиялық себептерін физикалық аурулардан ажырата білу қажет. Мәселен, ұзаққа созылған әлсіздік қаназдықтың немесе қалқанша безі қызметінің бұзылуынан туындауы мүмкін. Ал жүрек қағысының жиілеуі кейде жүрек ырғағының бұзылуымен байланысты болады. Мұндай жағдайда терапевт, кардиолог немесе эндокринологтің кеңесі қажет болуы мүмкін. Қандай тексеруден өту керектігін дәрігер әр науқастың жағдайына қарай анықтайды.

Созылмалы стресс адамның күнделікті өміріне де әсер етеді. Жұмыста зейін қою қиындап, қателесу ықтималдығы артады, әріптестермен қарым-қатынаста түсініспеушіліктер туындайды. Ал отбасында эмоциялық қажу ашушаңдыққа, жанжалдарға және жақындарымен бірге уақыт өткізуге деген қызығушылықтың төмендеуіне әкелуі мүмкін. Маманның бақылауынша, осындай мәселелер де психологиялық көмекке жүгінуге себеп болады.

Эмоциялық қажудың алдын алу үшін ұйқы режимін сақтау, дене белсенділігін арттыру, тұрақты демалу және шамадан тыс жүктемені азайту ұсынылады. Мазасыздық кезінде назарды басқа нәрсеге аудару жаттығулары көмектесуі мүмкін. Мысалы, айналадағы заттарға, дыбыстарға және өз денеңіздегі сезімдерге назар аудару. Сондай-ақ күйзелістен арылу үшін алкогольді ішімдіктерді немесе дәрігердің кеңесінсіз тыныштандыратын дәрілерді қолданбаған жөн.

Егер психологиялық қиындықтар бірнеше апта бойы сақталып, жұмыс істеуге, демалуға және жақындарымен қарым-қатынас жасауға кедергі келтірсе, маманның көмегіне жүгіну қажет. Ал физикалық белгілер қайталанса, медициналық тексеруден өткен дұрыс. Кеуде тұсының ауыруы қатты ентігумен немесе естен танумен қатар жүрсе, шұғыл медициналық көмек қажет.

Маншук Курманбекованың айтуынша, денсаулықтың нашарлау себептерін дер кезінде анықтау және стрессті басқару дағдыларын меңгеру психологиялық жағдайды жақсартуға, еңбекке қабілеттілікті және өмір сапасын сақтауға көмектеседі.

Егер сіз тұрақты күйзеліске, мазасыздыққа, ұйқының бұзылуына немесе эмоциялық қажуға тап болсаңыз, ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің мамандарынан кәсіби көмек ала аласыз. Кеңес алу және қабылдауға жазылу үшін 7071, +7 776 338 43 10, +7 771 213 41 84 телефондарына хабарласуға болады.

ЖАҢА ТАРИХИ КЕЗЕҢ: ҮМІТ, СЕНІМ ЖӘНЕ ЖАСАМПАЗДЫҚ

Алматыда Президент Жолдауының басым бағыттары талқыланды      2026 жылғы 4...

Стресс или болезнь: когда усталость, бессонница и учащенное сердцебиение требуют обращения к врачу

Постоянная усталость, бессонница и учащенное сердцебиение часто воспринимаются как...

       Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!

       Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі...

Скрининг взрослого населения- важный шаг к сохранению здоровья

Здоровье человека — одна из главных ценностей, а его...

Ардагерге құрмет – ұрпаққа өнеге

Ардагерлер ұйымы төралқасының бастамасымен Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне...