Мемлекеттік тіл – әділетті қоғамның, тәуелсіз елдің және біртұтас ұлттың ортақ құндылығы, тәуелсіздігіміздің тұғыры, халқымыздың рухани байлығы және ұлттық бірегейлігіміздің айқын көрінісі.
Қазақстан Республикасында қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие. Сондықтан, мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі орны мен маңызы ерекше.
Сот жүйесі – заң үстемдігін қамтамасыз ететін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын маңызды мемлекеттік институт. Осы салада мемлекеттік тілді қолдану – заң талаптарын орындау ғана емес, сонымен қатар халыққа құрмет көрсетудің, әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етудің көрінісі.
Мемлекеттік тілде сот ісін жүргізу – азаматтардың сот төрелігіне деген сенімін арттырудың маңызды тетігі. Сот отырыстарында, іс жүргізу құжаттарында, сот актілерінде қазақ тілінің сауатты әрі дұрыс қолданылуы құқықтық мәдениетті қалыптастырады.
Бұл бағытта судьялар мен сот қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Әрбір маман мемлекеттік тілді жетік меңгеріп қана қоймай, оны күнделікті қызметінде еркін әрі кәсіби деңгейде қолдануы қажет. Өйткені мемлекеттік тілдің мәртебесі қағаз жүзіндегі талаппен емес, нақты іс-әрекетпен, күнделікті қолданыспен айқындалады.
Біріншіден, сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін ана тілінде түсінуіне мүмкіндік береді. Әрбір азамат сотта өз ойын еркін жеткізіп, талап-арыздарын, өтініштері мен шағымдарын мемлекеттік тілде ұсына алуы тиіс.
Екіншіден, сот құжаттарын қазақ тілінде сауатты әрі сапалы әзірлеу мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтеді. Судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби біліктілігімен қатар, мемлекеттік тілді жетік меңгеруі де маңызды.
Үшіншіден, сот жүйесінде мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуы қоғамның құқықтық мәдениетін арттырып, жастардың мемлекеттік тілге деген құрметін қалыптастырады.
Қазіргі таңда сот жүйесінде цифрландыру үдерісі қарқынды дамып келеді. Электрондық құжат айналымы, Қазақстан Республикасы сот органдарының бірыңғай порталы және басқа да цифрлық сервистерде қазақ тілінің сапалы қолданылуы да маңызды міндеттердің бірі. Заманауи технологиялар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге мүмкіндік беруі тиіс.
Менің ойымша, мемлекеттік тілді дамыту – тек тіл мамандарының немесе жекелеген мекемелердің міндеті емес. Бұл – әрбір мемлекеттік қызметшінің ортақ жауапкершілігі. Біз өз қызметімізде қазақ тілін қаншалықты сапалы қолдансақ, оның қоғамдағы беделі де соншалықты арта түседі.
Қорытындылай келе, мемлекеттік тіл – сот жүйесінің ажырамас бөлігі. Қазақ тілінің сот саласында кеңінен қолданылуы – әділ сот төрелігінің қолжетімділігін арттыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға ықпал етеді. Мемлекеттік тілді құрметтеу – әрбір мемлекеттік қызметшінің азаматтық әрі кәсіби парызы.
Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық соты әкімшісінің басшысы А.Т.Иманбекова


