2026 жылғы 1 қазанда Қазақстан халқының саны 20,6 миллион адамнан асты. Жыл басынан бері ел тұрғындары 133 707 адамға немесе 0,65% көбейген. Өсімнің басым бөлігі табиғи өсім есебінен қалыптасты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылғы 1 қазанда ел халқы 20 633 529 адамға жетті. Ал жыл басында бұл көрсеткіш 20 499 822 адам болған.
Қаңтар-қыркүйек аралығында табиғи өсім 128 303 адам болды. Көші-қон айырымы да оң қалыптасып, 5 404 адам болды. Осылайша, жалпы өсімнің шамамен 96%-ы табиғи өсімге, 4%-ы көші-қонға тиесілі.
Қала халқы көбейіп, ауыл тұрғындары азайды
Есепті кезеңде қала тұрғындарының саны 169 048 адамға немесе 1,29%-ға артып, 13 254 158 адамға жетті. Ал ауыл халқы 35 341 адамға азайып, 7 379 371 адам болды. Бұл — жыл басымен салыстырғанда 0,48% төмен көрсеткіш.
Қазір Қазақстан халқының шамамен 64,2%-ы қалада, 35,8%-ы ауылдық жерде тұрады. Ауылдық жерлерде табиғи өсім оң болғанымен, көші-қон айырымы теріс қалыптасқан. Тоғыз айда ауыл халқының табиғи өсімі 49 509 адам болса, көші-қон айырымы −84 850 адам болды. Соның салдарынан ауыл тұрғындарының жалпы саны азайған.
Түркістан, Жамбыл және Абай облыстарында халық саны кеміді
Қаңтар-қыркүйек аралығында бірқатар өңірде тұрғындар саны төмендеген. Түркістан облысында халық саны 7 796 адамға, Жамбыл облысында 6 082 адамға, Абай облысында 5 560 адамға, Жетісу облысында 5 541 адамға азайды.
Қызылорда облысында да халық саны кеміген. Жыл басында өңірде 846 312 адам тұрса, 1 қазанда бұл көрсеткіш 844 183 адам болды. Яғни тоғыз айда тұрғындар саны 2 129 адамға немесе 0,25%-ға төмендеген. Бұл өңірде табиғи өсім 7 296 адамды құрағанымен, көші-қон айырымы −9 425 адам болған. Демек, халық санының азаюына өңірден көшіп кеткен тұрғындар санының табиғи өсімнен басым болуы әсер еткен.
Еске салайық, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Алматыдағы қонақүйлер мен өзге де орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 53,1 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6% көп.


