«ӘЛҚИССА» ДОМБЫРА СТУДИЯСЫ ТҮРКИЯДА БАС ЖҮЛДЕНІ ЖЕҢІП АЛДЫ

Қазақстандық жас домбырашылар халықаралық байқауда үздік атанып, қазақтың ұлттық өнерін әлемге танытты.

Түркияның Аланья қаласында өткен «Golden Stars Alanya» II халықаралық байқауында «Әлқисса» домбыра студиясы аспапта орындау жанры бойынша Бас жүлдеге ие болды.

Байқауда жас ерекшеліктеріне қарай өнер көрсеткен домбырашыларымыз «Домбыра», «Келіншек», «Ерке сылқым» және «Секіртпе» күйлерін орындап, қазылар алқасы мен көрермендердің жоғары бағасына ие болды. Қазақстанмен қатар Ресей, Өзбекстан, Түркия және басқа да мемлекеттердің өнерпаздары қатысқан халықаралық өнер додасында Бас жүлдені иелену – студия үшін үлкен жетістік әрі қазақ өнерінің мерейі.

Бұл жеңіс – жас домбырашылардың таланты мен ұстаздарының кәсіби еңбегінің нәтижесі. Студия шәкірттеріне домбыра өнерінен Нұрғиса Тілендиевтің тікелей шәкірті Қанатбек Сәден, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Ғалиябану Ерболған, сондай-ақ білікті кәсіби мамандар Рамазан Алиханов пен Айдана Сайрам дәріс береді. Ұстаздардың басты мақсаты – балаларға күй үйретіп қана қоймай, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін қалыптастырып, қазақтың қара домбырасын әлемге таныту.

«Әлқисса» домбыра студиясы бұған дейін де халықаралық деңгейде өнер көрсеткен. 2026 жылдың наурыз айында АҚШ-қа барған студия шәкірттері Нью-Йорк қаласындағы әйгілі Times Square алаңы маңында күй шертіп, қазақтың ұлттық аспабын әлем жұртшылығына танытқан болатын.

Аланьядағы Бас жүлде – осы бағыттағы еңбектің тағы бір жарқын нәтижесі. Ұлттық өнерді ұлықтап, қазақ күйінің шекара асып, әлемдік сахналарда шырқалуына үлес қосып жүрген жас домбырашылардың жетістігі қуантады.

Қазақтың қара домбырасын төрге оздырып, еліміздің абыройын асқақтатқан «Әлқисса» студиясының өнерпаздары мен ұстаздарын Бас жүлдемен шын жүректен құттықтаймыз! Бағындырар белестеріңіз биік болсын!

Новые веянья в работе судебных экспертов

          С укреплением суверенитета нашего государства Республики Казахстан все...

Қазақ тілі біріктіруші фактор

Мемлекеттік тіл – елдігіміздің айғағы, бірлігіміздің бастауы. Тіл –...