ҚАЖ әйелдер колониясының қызметкерлері ауыл тұрғындарын Республика күнімен құттықтады

Республика күніне орай Абай облысы бойынша ҚАЖ әйелдер колониясының қызметкерлері Жаңғызтөбе ауылдық округінің әкімдігімен бірлесіп, ауылдың аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Мерекелік іс-шараға 50-ден астам қарт тұрғын қатысып, балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушыларының жүрекжарды әндері мен әсем билерін тамашалады. Өнерлі бүлдіршіндер мен оқушылардың өнері жиналған қауымға ерекше қуаныш сыйлап, мерекенің ажарын аша түсті.

Шара барысында қазыналы қарттарға ізет көрсетіліп, олардың қоғамдағы орны мен ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегінің маңыздылығы атап өтілді. Аға буынға құрмет көрсету – халқымыздың ежелден келе жатқан асыл дәстүрлерінің бірі. Мұндай игі бастамалар ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, қоғамдағы өзара сыйластық пен мейірімділікті арттыруға ықпал етеді.

Іс-шараның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, үлкендерге құрмет көрсету және Республика күні мерекесінің мән-маңызын кеңінен насихаттау.

Мерекелік кездесу жылы лебіздер мен ақ тілектерге ұласты. Қатысушылар еліміздің амандығын, халқымыздың бірлігі мен ынтымағын тілеп, бейбітшілік пен берекенің қадірін тағы бір мәрте сезінді.

Республика күні құтты болсын!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш, көк туымыз әрдайым биікте желбіресін! Әр шаңыраққа бақ-береке, әр отбасына қуаныш пен молшылық тілейміз!