«Тек бүгін 90 пайыз жеңілдік», «Тіркеліп, тапсырыс берсеңіз, сыйлық қосамыз». Әлеуметтік желіден арзан тауар аламын деп ақшасынан айырылғандар аз емес. Алайда олардың кейбірі жоғалтқан қаражатын аз санап, енді бірі уақытын құртқысы келмей, арыз жазудан бас тартады. Неліктен адамдар алданса да, өз құқығын қорғауға асықпайды? Интернеттен тауар сатып алғанда қандай құжаттарды талап ету керек және алданып қалған жағдайда не істеу қажет? … тілшісі мамандардан осы сұраққа жауап іздеді.
«Неге көбірек тапсырыс бермедім деп ойлайтынмын»
Гүлзия Дүйсенова Instagram-нан «Айс Мұратова» деген атпен танылған кәсіпкердің жарнамасын көріп, тауар сатылатын топқа қосылған. Онда тұрмысқа қажетті заттар нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан ұсынылыпты.
“Базарда 15 мың теңге тұратын шәйнек топта мың теңгеге сатылатын. Менеджерлер тауардың алты айда немесе бір жылда келетінін ескертті. Ақшаны Kaspi арқылы аударып отырдық. Алғашқы тапсырысымды шынымен алты айдан кейін алдым. Сөйтіп, бір жылдай зат алып жүрдім”, – дейді ол.
Гүлзияның айтуынша, сатушылар бастапқыда уәделерін орындап отырған. Тауарын алғандар топқа пікір жазған. Ұзақ күткісі келмегендерге ақшасы қайтарылған. Ал өзі тапсырыс берген заттар қолына тиген соң, сатушыға деген сенімі одан сайын артқан.
“Бірінші тапсырысым келмей тұрғанда да басқалардың «затымыз келді» деген пікірін көріп, тағы ақша жібере бердім. Өзім де тауар алған соң тіпті қатты сендім. «Неге көбірек тапсырыс бермедім?» деп ойлайтынмын. Оның үстіне, ақшаның қайырымдылыққа жұмсалатынын айтатын”, – дейді Гүлзия.
Алайда уақыт өте келе тапсырыстар жеткізілмей бастаған. Сол кезде оның тауарға аударып қойған 300 мың теңгесі қайтпай қалған.
“Топтағы адамдар арыз жазуға шақырды. Бірақ олардың жоғалтқан ақшасы миллиондап болған соң, үш жүз мыңды дауламай-ақ қояйын дедім”, – дейді ол.
Гүлзия айтып отырған “Айс Мұратованың” шын есімі – Арайлым Қожамұратова. 2026 жылғы 8 мамырда Алматыда оған қатысты сот үкімі шықты. Ол алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп танылып, 12 жылға бас бостандығынан айырылды.
Дегенмен Гүлзия әлі де бұл жағдайды әдейі алдаудан гөрі, саудаға қатысушылар арасындағы келіспеушіліктің салдары болуы мүмкін деп ойлайды. Өйткені алғашқы тапсырыстары шынымен келген, ал кейбір адамдардың ақшасы қайтарылған. Бұл – кейіпкердің жеке пайымы.
«Ескі, жыртық, тіпті иістеніп кеткен киімдер жіберді»
Ал Сара Нұрлыбайқызы TikTok-тағы тікелей эфирлерден киім сатып алуды әдетке айналдырған. Әсіресе, “ванхун” деп аталатын тікелей эфир жүргізушілерінің саудасын жиі тамашалайтын.
Бір күні сондай эфирлердің бірінде Түркиядан әкелінген сапалы киімдер ұсынылады. Бұған дейін де интернеттен бірнеше рет тапсырыс беріп жүрген Сара сатушыға күмән келтірмеген. Тіпті алғашқы тапсырысы жетпей жатып, екіншісін рәсімдеп, жалпы 30 мың теңге аударған.
“Киімдердің сапалы, Түркиядан әкелінгенін айтты. Соған қызықтым. Бірақ келген заттарды көріп шошып кеттім. Бәрі ескі, жыртық, тозған киімдер екен. Тіпті кейбірінен жағымсыз иіс шығып тұрды. Сатушыға хабарласып, ақшамды қайтаруды талап еттім”, – дейді ол.
Сара киімдерді пошта арқылы кері жіберіп, жол ақысын өзі төлеген. Бірақ сатушы сәлемдемені қабылдамағандықтан, заттар қайта келген. Ол киімдерді екінші рет жөнелткен. Ал сатушыға қайта-қайта жазғанда, оны бұғаттай бастаған.
“Басқа аккаунттардан жаздым. Жауап болмады. Соңында “Ақшасы да, киімі де керек емес. Тек поштадан алып кетіңіздерші, өздеріңіз кимесеңіздер, басқа біреуге беріңіздер” деп сұрадым”, – дейді Сара.
Кейіпкеріміз соңғы сәлемдемені сатушының алған-алмағанын нақты білмейді. Тек поштадан заттың алынбағаны туралы қайта хабар келмегенін айтады.
Сараның сөзінше, ол ескі киімге қатысты ырымға сенетіндіктен, сол заттарды үйінде қалдырғысы келмеген. Ақырында ақшасын қайтарып алудан гөрі, киімдерден құтылғанына қуанған. Ал жоғалтқан 30 мың теңгесі үшін полицияға арыз жазбаған.
«Балам барса, ондай дүкен мүлде жоқ екен»
Үшінші кейіпкеріміз Мөлдір Аймағанова Instagram-дағы аяқ киім жарнамасына сеніп, 60 мың теңгесінен айырылған. Ол сатушымен келісіп, көрсетілген шотқа ақшасын аударған. Ал тапсырысты алып кетуді ұлына тапсырған. Алайда көрсетілген мекенжайға барған баласы дүкенді таба алмаған.
Ол полицияға арыз берген. Кейін құқық қорғау органдары хабарласып, күдіктінің Астанада ұсталғанын айтқан. Мөлдірдің сөзінше, ол адамға қатысты өзге азаматтардан да шағым түскен. Алайда өзі Таразда тұратындықтан, істі әрі қарай қадағалауға құлық танытпаған.
“Астанаға ары-бері барып жүруге уақыт жұмсағым келмеді. Сөйтіп, істің соңына дейін бармадым”, – дейді ол.
Үш кейіпкердің оқиғасында назар аударатын тағы бір ортақ мәселе бар. Гүлзия өзгелер миллиондап жоғалтқандықтан, 300 мың теңгесін дауламай қойған. Сара ақшасын қайтаруға әрекеттенгенімен, ақырында арыз жазбаған. Ал Мөлдір полицияға жүгінгенімен, істі одан әрі қадағаламаған.
Адамдар неліктен мұндай жағдайда өз құқығын қорғаудан бас тартады?
«Аз ақшаға алдандым деп арызданбай қою дұрыс емес»

Осы тұста Адвокат Кишкенебаева Эльнура да алданып қалған азаматтардың үнсіз қалуын дұрыс шешім деп санамайды.
“Бір адам 30 мың теңгеге бола арыз жазудың қажеті жоқ деп ойлауы мүмкін. Бірақ осылай ондаған, жүздеген адам алданса, шығын көлемі әлдеқайда ұлғаяды. Сондықтан жоғалтқан ақшаның аздығы өз құқығыңды қорғаудан бас тартуға себеп болмауы керек”, – дейді адвокат.
Маман әлеуметтік желіден тауар сатып алмас бұрын сатушының заңды тіркелгенін, нақты мекенжайы мен байланыс деректерін тексеруге кеңес береді. Сондай-ақ тапсырысты растайтын құжат пен фискалдық чек талап етіп, ақшаны мүмкіндігінше ресми төлем жүйелері арқылы аударған дұрыс. Ал бейтаныс адамның жеке шотына алдын ала толық төлем жасау тәуекелді арттырады.
Адвокаттың түсіндіруінше, сатушы ақша алғаннан кейін байланысқа шықпаса, сатып алушыны бұғаттаса, жалған мекенжай көрсетсе немесе ақшаны қайтарудан жалтарса, алаяқтық белгілері болуы мүмкін. Дегенмен тауардың кешігуі немесе сапасыз келуі бірден алаяқтық болып саналмайды.
“Егер сатушы ақшаңызды алған соң хабарсыз кетсе немесе сізді бұғаттап тастаса, уақыт жоғалтпай полицияға жүгінген жөн. Ол үшін аударым түбіртегін, хат алмасуды, жарнаманың скриншоттарын сақтап қою маңызды. Бұлар істің мән-жайын анықтауға көмектеседі”, – дейді маман.
Ержан Алдабек күдіктінің басқа қалада болуы да арыз беруге кедергі емес екенін атап өтеді. Өтінішті тұрғылықты жерінен немесе онлайн жолдауға болады. Сондықтан азаматтар жоғалтқан қаражатының көлеміне қарамастан, өз құқығын қорғауға әрекет жасауы керек.
«Қалай сеніп қалдың?» деген сөз адамның арыздануына кедергі болуы мүмкін

Психолог Ұлмекен Сәндібекқызының айтуынша, алданып қалған адамның арыз жазбауына бірнеше психологиялық фактор әсер етеді. Олардың қатарында ұялу, өзін кінәлау, өзгелердің пікірінен қорқу және жоғалтқан ақшасын аз санау бар.
“Кейбір адамдар болған жағдайды мойындаудан қашып, психологиялық қорғанысқа жүгінеді. Бұрынғы жағымсыз тәжірибесі де әсер етуі мүмкін. Мысалы, «Қанша даулассам да, ақшамды қайтара алмаймын», «Әділеттілік жоқ», «Мен кімге әсер ете аламын?» деген ішкі сенімдер қалыптасады. Мұндай ойлар адамның өз құқығын қорғауына кедергі келтіреді”, – дейді психолог.
Маманның сөзінше, мұндай жағдайда айналасындағы адамдардың қарым-қатынасы да маңызды. Кейде жақындарының орынсыз сыны жәбірленушінің мәселені жылы жауып қоя салуына себеп болуы мүмкін.
“Туыстары мен таныстары «Қалай сеніп қалдың?», «Басың жұмыс істей ме?» деп кінәласа, адамның ұялу сезімі күшейеді. Ол қайтадан осындай сөздерді естімеу үшін ақшасын даулаудан бас тартуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда адамды кінәламай, мұқият тыңдап, эмоциясын қабылдау маңызды. «Өзің кінәлісің» деудің орнына, «Сені түсінемін, мұндай жағдай кез келген адамның басынан өтуі мүмкін» деп қолдау көрсеткен дұрыс”, – дейді Ұлмекен Сәндібекқызы.
Психолог алданып қалған адамның өзіне деген сенімін біртіндеп қалпына келтіру қажет екенін айтады. Ал жақындарының қолдауы оған жағдайды қабылдап, әрі қарай әрекет етуіне көмектесе алады.
«Асықпаңыз, тексеріңіз, өзіңізге сұрақ қойыңыз»
Психолог интернет арқылы сатып алу кезінде эмоцияға ермеу үшін үш қарапайым ережені ұстануға кеңес береді.
“Біріншісі – асықпау. Тауар қаншалықты ұнап тұрса да, бірден ақша аудармай, сатып алу туралы шешімді кейінге қалдырған жөн. Екіншісі – тексеру. Сатушының сенімділігін, сатып алушылардың пікірін және төлем шарттарын мұқият зерттеу керек Пікірлердің өзі тапсырыспен жазылуы мүмкін. Сондықтан шынайы тауар сатып алған адамдармен байланысып, олардың тәжірибесін білген дұрыс”, – дейді маман.
Үшіншісі – өзіңізге сұрақ қою. “Маған бұл зат шынымен қажет пе, әлде жарнама мен жеңілдікке қызығып тұрмын ба?” деп ойланған жөн.
Психолог мұндай сәтте сыни ойлауды сақтаудың маңызы зор екенін айтады. Ал мазасыздық немесе қобалжу күшейген жағдайда назарды қазіргі сәтке аударуға көмектесетін «5–4–3–2–1» жаттығуын ұсынады.
Ол үшін айналаңыздан көріп тұрған бес затты, денеңіз сезіп тұрған төрт нәрсені, естіп тұрған үш дыбысты, сезіп тұрған екі иісті және бір дәмді байқау қажет. Бұл әдіс адамның назарын мазасыз ойлардан айналасындағы нақты жағдайға аударуға көмектеседі.
Интернет-саудаға қатысты мыңдаған шағым түседі
Қазақстанда онлайн саудаға қатысты тұтынушылардың шағымдары аз емес. Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартысында электрондық саудаға қатысты 9,7 мың өтініш қаралған. Бұл осы кезеңде қаралған барлық тұтынушылық өтініштің 20,6 пайызын құрайды.
Ал Үкіметтің 2026 жылғы 12 қазанда жариялаған мәліметі бойынша, жыл басынан бері елімізде 14 414 интернет-алаяқтық тіркелген. Бұл көрсеткішке тек онлайн сауда емес, интернет арқылы жасалған алаяқтықтың өзге де түрлері кіреді.
Үш кейіпкердің оқиғасы әлеуметтік желідегі тартымды жарнама мен алғашқы сәтті тапсырыстың өзі сатушының сенімділігіне кепіл бола алмайтынын көрсетеді. Сондықтан тиімді ұсынысқа қызықпас бұрын оның шынайылығына көз жеткізген жөн. Ал алданып қалған жағдайда жоғалтқан ақшаны азсынып, үнсіз қалмаған дұрыс. Өйткені дер кезінде жасалған шағым өз құқығыңызды қорғауға ғана емес, өзге адамдардың да осындай жағдайға тап болуының алдын алуға көмектесуі мүмкін.


